• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Қазақстан 02 Қыркүйек, 2022

Әділетті Қазақстанның басты бағдары

518 рет
көрсетілді

Кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауын жариялады. Көпшілік асыға күткен құжатта ел дамуына қажетті көптеген өзекті тақырыптар қамтылды. Тоғызыншы территорияны демократияның даңғыл жолына түсіретін ауқымды бастамалар айтылды. Осы орайда, мемлекеттің өркендеуіне бағдар беретін құжатта айтылған мәселелердің маңыздыларына тоқталып өткенді жөн көріп отырмыз.

Жолдауда көтерілген ең өзекті тақырып­тың бірі – елдегі сайлау жүйесі­не қатысты. Атап айтқанда, Мемлекет басшысы биыл Президент сайлауын, келер жылы Парламент сайлауын өткізуді ұсынды. Жалпы, Президенттің кезекті сайлауы 2024 жылы, ал Парламент сайлауы 2025 жылы өтуге тиіс болатын. Алайда Қ.Тоқаев қазіргі геосаяси жағ­дайды ескере отырып, мемлекет­тігі­мізді нығайту жолында осындай бастама көтергенін айта кеткен жөн.

«Билік өзінің жоспарын қоғамнан жасырын ұстайтын саяси дәстүрден арылуымыз керек. Сондықтан мен бүгін алдағы сайлау науқандарының кестесін барша халыққа жариялағым келеді. Мен биылғы күзде кезектен тыс Президент сайлауын өткізуді ұсынамын. Әділетті Қазақстанды құру жолында түбегейлі және жан-жақты реформаларды табыс­ты жүзеге асыру үшін халықтың жаңа сенім мандаты қажет. Мен үшін мемлекет мүддесі бәрінен биік. Сондықтан мен өкілеттік мерзімімді қысқартуға және кезектен тыс Президент сайлауына баруға дайынмын», деді Қ.Тоқаев.

Сондай-ақ Президент өкілеттігі мерзімдерінің санын және ұзақтығын қайта қарау қажет екенін мәлімдеді. Осы­лайша, Президент мандатын ұзақ­тығы 7 жылдық бір мерзіммен шектеуді ұсын­ды. Бірақ қайта сайлануға тыйым са­лынады. Айта кетерлігі, бұл әлем­де бар үрдіс. Дамы­ған елдердің көпшілі­гінде мемлекет басшысы лауазымына бір ғана мерзімге сайланады. Оған қоса, Президенттің өкілеттілік мерзімі де шектелген.

Мұндай бастаманың бірқатар артық­шылығы бар. Біріншіден, 7 жыл – кез келген ауқымды бағдарламаны жүзеге асыруға қажет. Сондықтан мандатты осындай мерзім етіп белгілеу бас­та­ған істі аяғына дейін жеткізіп, жоспарды толық орындауға молынан жетеді.

Екіншіден, Қ.Тоқаев айтып өткен­дей Президент мандатын бір мерзім­мен шектеу Мемлекет басшысының жалпыұлттық дамудың стратегиялық міндеттерін шешуге барынша жұмылуын қам­тамасыз етеді. Бұл да әлемде бар тәжі­рибе. Батыс елдерінің біразы ел тізгінін ұстаған тұлғаны бір мерзімге ғана сайлайды. Осылайша, бір жағынан елдегі демократиялық институттың сақ­талуын қорғаса, екінші жағынан биліктің узурпацияға ұшырауына тосқауыл болады. Ендеше, елімізде ұсынылып отырған конституциялық жаңалық билікті монополизациялау қаупін айтарлықтай азайтады деп айтуға толық негіз бар.

Алдағы уақытта Президентті бір мерзімге ғана сайлау нормасы сайлаудан кейін Парламенттің қарауына ұсыныл­мақ. Парламент оң шешім қабылдаса, Отанымызда жаңа саяси дәуір басталатыны анық.

Жолдауда айтылған сайлауға қатыс­ты келесі жаңалық – Парламент пен мәс­лихаттар сайлауына қатысты. «Жалпы, конституциялық реформада көзделген институционалдық өзгерістің бәрін осы жылдың соңына дейін заңмен бекітіп, аяқтау қажет. Бұл өзгерістер саяси партиялардың санын арттырады, саяси бәсекені күшейтеді, халық қалаулыларының жаңа легі пайда болуына септігін тигізеді. Ескі тәсіл бойын­ша сайланған биліктің өкілді ор­ган­дарының кезектен тыс сайлау нау­қаны арқылы жаңаруы заңдылық. Сон­дық­тан Мәжілістің және барлық дең­гейдегі мәслихаттардың сайлауын келесі жылдың бірінші жартысында өткізуді ұсынамын», деді Қ.Тоқаев.

Осы орайда, кейінгі кезде Парла­мент­тің жұмысына қатысты көптеген өз­герістер болғанын айта кеткен орынды. Әлбетте, кез келген саяси жаңғырудың басты мақсаты азаматтардың мемлекетті басқару ісіндегі рөлін арттыру екені түсінікті. Бұл бағытта атқарылған жұмыс аз емес. Мәселен, бейбіт шерулерді ұйымдастыру тәртібін өзгертіп, бұрынғы рұқсат алу қағидатын хабардар ету қағидатына ауыстыру, саяси партияларды тіркеу үшін оның мүшелерінің саны жөніндегі талапты 40 мыңнан 20 мың адамға азайту, сайлау кезіндегі партиялық тізімде әйелдер мен жастар үшін 30 пайыздық квота қарастыру, пар­ламенттік оппозиция институтын енгізу секілді бастамалардың өзі бір төбе.

2021 жылғы 25 мамырда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды. Соған сәйкес ауыл әкімдерін елді ­мекен тұрғындары тікелей дауыс беру арқылы сайлау құқығын иеленді. Сондай-ақ бұл лауазымға тұрғындардың өзін-өзі ұсынуына мүмкіндік жасалды. Бюллетеньдерде «бәріне қарсымын» деген тармақ қосылды.

Ал биылғы наурызда халыққа арна­ған Жолдауында Президент аралас сайлау жүйесін енгізуді ұсынғаны белгілі. Мұндай пропорционалды-мажоритарлы үлгіде сайлаушылардың мүддесі ұлттық және өңірлік деңгейде толық көрініс табатыны анық. Соған сай Мәжілістің депутаттық корпусының 70 пайызы пропорционалдық, 30 пайызы мажоритарлық тәсілмен жасақталмақ.

Бұдан бөлек, аралас сайлау үлгісі облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардағы мәслихаттар сайлауына да енгізіледі. Бұл – елдегі саяси жүйені одан әрі жетілдіріп, демократияландыруға бағыт­талған соны қадам деуге болады. Яғни бұған дейін жүзеге асқан пар­тиялардың Мәжіліс пен мәслихатқа өту шегін төмендету үшін осыған дейін қа­былданған шешімнің заңды жалғасы десек, қателеспейміз. Ендігі жерде мажо­ри­тар­лық жүйе бойынша әрбір өңір Мә­жіліске кемінде бір депутат сайлай алады.

Сондай-ақ аудандық және қалалық мәсли­хаттарға сайлау толығымен мажо­ри­тарлық жүйеге көшірілді. Мұндай қадам жергілікті ортада бәсекеге қабі­летті саяси орта қалыптастыруға жол аша­тыны түсінікті. Халықтың арасынан оза шауып, тұрғындардың мұң-мұқ­тажын қозғап жүрген жаңа тұлғалардың саясат сахнасына шығуына мүмкіндік береді. Осындай өзгерістердің тағы бір ерекшелігі – сайлауалды уәдесін орында­маған депутаттарды кері қайтаруға болады. Түсінікті тілмен айтсақ, «аты судан өткенше» уәдені үйіп-төгіп, жұмсақ креслоға жайғасқан соң халықтың тілегін ұмытатындар азаяды. Жауапкершілік пен сенімге негізделген мұндай жаңа саяси мәдениет – депутаттарға ықпал етудің демократиялық жолы.

Ендеше, елімізді саяси жаңғырту үдерісінде парламентаризмді дамыту ісі айрықша жүзеге асып жатқаны анық. Жаңарған Ата Заңымыз әділ әрі ашық ере­желері бар саяси жүйенің мүлде жаңа стан­дарттарын енгізеді. Келесі жылы өткізілетін Парламент және мәслихат сайлауы көпшіліктің мүддесін білдіретін депутаттардың жаңа құрамын жасақтауға жол ашады. Бұл қадам мәслихаттар мен Парламент жұмысының тиімділігін арттырары сөзсіз.

Сонымен қатар Қ.Тоқаев келешекте Үкімет құрамына сайлаушылардың басым көпшілігінің дауысын алған саяси күштердің ғана емес, Парламенттегі басқа да партиялардың өкілдері кіруі мүмкін екенін атап өтті. Мұндай тәсіл атқарушы билікке бүкіл қоғамның талап-тілегін ескеретін тиімді шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді.

Алдағы бір жылда елімізді үлкен сая­си өзгеріс күтіп тұр. Биыл Президент сай­лауы, келесі жылы Мәжіліс және мәсли­хат депутаттарының сайлауы өтеді. Содан кейін Үкімет құрамы жасақ­­талады. Соның нәтижесінде 2023 жыл­дың ортасында Президент, Парла­мент, Үкімет сияқты негізгі саяси инсти­тут­тардың бәрі қайта жаңғырып, жаңарады.

Келесі ауқымды мәселе – құқық қор­ғау органдарын реформалауға қатыс­ты. Бұл сала әрдайым қоғамның жіті назарын­да. Қоғам белсенділері, заңгерлер талай­дан бері мұны көтеріп жүргені бел­гілі. Осы орайда, Президент Қ.Тоқаев Жол­дауында «Қасіретті қаңтар» оқи­ғасы­на қатысты бірқатар мәселе айтып өтті.

«Қасіретті қаңтар» оқиғасы тәртіп сақшылары үшін нағыз сынақ болды. Ол кезде арандатушылардың кесірінен шерулер жаппай тәртіпсіздікке ұласты. Оның ақыры мемлекетке қарсы бүлік шығаруға әкеп соқтырды. Жұртты аран­датушылардың көбі шартты немесе жеңіл жазамен құтылып кетті.

Шын мәнінде, олардың кінәсі әлде­қайда ауыр. Өйткені жағдайды қаса­қана ушықтырды. Соның салдарынан іс насырға шауып, қайғылы оқиғалар болды. Маған құқық қорғаушылар, адвокаттар қауымдастығының өкілдері бірнеше рет өтініш жолдады. Олар елді жаппай тәртіпсіздікке үндеген адамдарды қатаң жазалау қажет екенін айтты. Бұл – орынды ұсыныс. Сондықтан өкілетті органдарға осы мәселені қарастырып, нақты шара қабылдауды тапсырамын», деді Қ.Тоқаев.

Мемлекет басшысы ел ішіне іріткі салған және заң бұзуға шақырған адамдар қатаң жазадан құтылып кетпейтінін еске салды. Осы орайда, ел бірлігі ауадай қажет екенін атап өтті.

«Ереуілге қатысқандар да, күштік құрылым қызметкерлері де – өз азаматтарымыз. Олар сот әділ өтеді деп қана емес, қоғам кешірімді болады деп үміттеніп отыр. Мемлекет қаңтар оқиғасына қатысқан, бірақ ауыр қылмыс жасамаған азаматтардың жазасын жеңілдетті. Заң бұзғандардың бірқатары кінәсін түсініп, өткен іске өкініп отыр. Оларға кешіріммен қараған дұрыс деп ойлаймын. Сондықтан мен қаңтар оқиғасына қатысушыларға бір реттік рақымшылық жариялау туралы шешім қабылдадым.

Рақымшылық жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастыруға қатысы бар адамдарға, сондай-ақ, мемлекетке опасыздық жаса­ғаны және билікті күшпен басып алуға әрекеттенгені үшін айыптал­ған­дарға қолданылмайтыны түсінікті. Сондай-ақ лаңкестік және экстремистік қылмыс жасағандарға, рецидивистерге, жұртты азаптағандарға рақымшылық болмайды. Біз адамгершілік таныта отырып, осы қайғылы оқиғадан тиісті қорытынды жасаймыз. Мұндай жағдай енді ешқашан қайталанбайды. Бұған жол бермейміз», деді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ қаңтар оқиғасы кезінде қаза болған азаматтардың жағдайы төмен отбасыларына материалдық көмек берілмек. «Қазақстан халқына» қоры да осы игі іске лайықты үлес қосады.

Бұдан бөлек, Жолдауда адам өлтіру, қарақшылық жасау сияқты ауыр қыл­мыстар көбейгеніне тоқталып, жаза­ны қатайту қажеттігін атап өтті. Отбасы­лық зорлық-зомбылықты қыл­мыс санатына жатқызу мәселесіне де назар аударды. Синтетикалық есірткі тұты­натындардың көбеюі, интернет және телефон арқылы жасалатын алаяқ­тық әрекеттерге айрықша назар аудару керек екенін атап өтті. Сонымен қатар, экономикалық-әлеуметтік өзекті мәсе­лелерге тоқталды.

Қысқасы, биылғы Жолдауда ел дамуына, демократияның даңғыл жолына түсуге қажетті бағдар айтылды. Бұған дейін атқарылған жұмыс жетерлік, әйтсе де атқарылатын шаруа да шаш-етектен. Ендеше, Жолдауда айтылған мәсе­лелерді жүзеге асыруға Үкімет пен Пар­ламент те, қоғам да атсалысуға тиіс.