АСТАНА. 13 сәуір. Қызылорда теміржол вокзалы сыртындағы скверге халық батыры Жанқожаның ескерткіші қойылады. Бұл туралы Қызылорда облысы Қазалы ауданы әкімдігінің баспасөз қызметкері Балгүл Мәмен хабарлады.
Аталмыш шара биыл Жанқожа Нұрмұхаммедұлының туғанына 240 толуына байланысты жасалып отыр. Ол 2012 жылғы 1 тамызда облыстық жаңа ескерткіштерді орнатуды реттеу және тарихи-мәдени мұра нысандарын, тарих және мәдениет ескерткіштері деп тану, сондай-ақ оларды мәртебесінен айыру туралы қорытынды әзірлейтін облыстық комиссия отырысында қабылданған шешімге сай жасалады. Отырыста Жанқожа Нұрмұхаммедұлы ескерткішінің конкурсына 4 эскиздік жобасы қаралып, мемлекеттік комиссияның қарауына ұсынылған болатын.
Алайда, мемлекеттік комиссия ескерткіш орнатуға қажетті қаржы мәселесі мен жер телімі толық шешілмегендіктен, жобаны комиссияға қайта ұсыну тапсырылды.
Осыған байланысты тиісті жұмыстар жүргізіліп,сметалық-жобалау құжаты бойынша 59,7 млн. теңге қаржысы «Облыстық тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау жөніндегі» мемлекеттік мекемесіне облыстық бюджеттен бөлінді. Ескерткішті орнату үшін Қызылорда қаласындағы Жібек жолы мен Амангелді көшелерінің қиылысына қала әкімінің шешімі шығарылып, мемлекеттік комиссия отырысына қайта ұсынылды.
Мемлекеттік комиссияның 2014 жылғы 9 сәуірдегі хаттамалық қорытындысына сәйкес мүсінші Ж.Исмағұловтың эскиздік жобасын ең үздік деп танылды.
Мемлекеттік комиссия отырысында Жанқожа батыр ескерткішінің эскиздік жобасы қайта қаралып, авторы А.Кененбаевтың «Халық батыры» атты ат үстіндегі жобасы қабылданды. Бұл ескерткіш Қызылорда қаласының орталық вокзал алаңына қойылатын болып отыр.
Сәкен Майлыбай.
Дереккөз: Қазалы аудандық әкімдігінің баспасөз қызметі.
Фото: Қазалы аудандық әкімдігінің баспасөз қызметі.