• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
14 Мамыр, 2014

Дара тұлға

3809 рет
көрсетілді

 «Менің ағаларым» сериясынан

«Жаратушы дүниеге келген әр пендесінің кеудесіне жан салып, бойына алуан қасиет дарытады. Адам баласы тіршілігінде осы аманатты асқан ыждаһаттылықпен пайдаланып, өзінің ғана емес көптің қажетіне жаратуға тиіс. Өлшеп берген өмір тұйықталып, аманат иесіне қайтқанда сондай жандардың тағылымды істері барша адамзаттың ортақ игілігіне айналады. Осылай өмір сүргендердің екі дүниеде жүзі жарқын болады».

Сұлтан САНЖАР,

ортағасырлық философ.

Ұлттық университетті бітірген соң араға небәрі екі жарым ай салып, мен Қазақ Совет Энциклопедиясының Бас редакциясына қызметке тұрдым. Ұлттық Ғылым академия­сынан кейінгі қазақ ғылымы мен білімінің қарашаңырағы саналатын осы мекемеде еңбек еткен он жылымды кейінгі бүкіл өміріме таусылмас рухани азық сыйлаған ең жемісті кезең ретінде әлі күнге дейін зор қанағат сезіммен еске аламын.

Кеңес заманында энциклопедияға мақала жазу кез келген ғалым үшін үлкен абырой саналатын. Небір марқасқалардың көз майын тамызып, ғұмыр бойы жазған кереқарыс монографиялары энциклопедияға етек-жеңі жиналып, ықшамдалып, ары кеткенде екі-үш бетке, кейде жалғыз бағанаға, ал енді бірде бірнеше жолдық мақалаға сыйып кететін. Энциклопедияға ену ешбір артық-кемі жоқ тарихқа енумен бірдей саналатын. Сол себепті, ғалымдар энциклопедиямен авторлық байланыс орнатуды өзіне мәртебе санайтын. Менің қазақтың біртуар азаматы, қайраткер тұлға, академик Шаһмардан Есеновпен таныстығым өткен ғасырдың сексенінші жылдарының соңында дәл осы Қазақ энциклопедиясында басталып, оның өмірінің соңына дейін жалғасты. – Мұхтар шырақ сіз боларсыз? – деп айқара ашылған есіктен ұзын бойлы, қапсағай денелі, кең маңдайлы, келісті, келбетті жігіт ағасы кіріп келді. Әрине, мен бірден таныдым. Энцикло­педияда оны білмейтін адам жоқ еді. Өйткені, Қазақ Совет Энциклопедиясы дәл осы Шаһмардан ағамыз Ғылым академиясының президенті болып тұрғанда шаңырақ көтергенін аға буын өкілдері әрдайым үлкен құрметпен айтып отыратын. Келген бұйымтайы орындалған соң, Шаһаң орнынан тұрып: – Ал, бауырым, Сыр еліне бару керек. Әсіресе, қазақ тарихын білем деген адамға бұл ауадай қажет нәрсе. Сәті түскенде бара­сың, көресің, – деп шегелей сөйлеп, ұсынған қолымды күректей алақанымен құшырлана қысты. Аты аңызға айналған қайраткер тұлғамен болған алғашқы кездесу жадымда мәңгілік жатталып қалды. Әсіресе, оның «Барасың. Көресің» деген көрегендік сөздерін Сыр елінде қызмет істеген жылдары үнемі шапағатпен еске алып жүрдім. Сыр елі – шындығында, тұнып тұрған тарих. Сол тарихты жасаушы – Шаһмардан Есеновтей біртуар тұлғалар. Туған жерінде Шаһаңның өзі ғана емес, оның даңқты әулеті жайлы небір аңызға бергісіз ақиқат әңгімелер өте көп. Әуелі соның бір парасына орын берейік. ХХ ғасырдың басында Сыр елінен орыс­ша оқып, Ресейдің аса ғылыми орталықтары­нан білім алған қазақ зиялы қауымының үркердей үлкен тобы өсіп шықты. Оның өзіндік сыры да жоқ емес еді. Сыр өңіріндегі үлкенді-кішілі мектептер мен орталау оқу орындарының саны қазан төңкерісі қарсаңында 50-ден еркін асқан. Міне, осындай бастауыш және орталау білімді ауыл-аймақтан алыстамай-ақ елде жүріп алған Сыр жастары кейін империяның үлкен қалаларындағы әйгілі оқу орындарына түсіп, төңкеріске дейін-ақ қоғамдық-саяси қызметке араласа бастайды. Солардың ішінде әйгілі би, болыс болған Мұңайтпас Лапиннің ұлы Сералы Лапин қазақтардың ішінде алғашқылардың бірі болып, 1891 жылы Санкт-Петербург университетінің заң факультетін, Әли Көтібаров 1898 жылы Санкт-Петербург әскери-медицина академиясын, ал Алаш ардагері Мұстафа Шоқай 1917 жылы Санкт-Петербург университетінің заң факультетін бітіріп шықты. Бұлардың үшеуі де бастауыш сыныпты – елде, гимназияны губернаторлық астанасы Ташкентте тәмамдаған. Шаһмардан Есеновтің әкесі Жорабек Есенов те дәл осындай жолмен бастапқы білімді ауылда алып, кейін семинарияны Ташкентте аяқтаған өте сауатты адам болыпты. Шаһаң мен оның әулеті туралы әңгімеге кіріспес бұрын бірден басын ашып алатын мәселе бар. Барлық энциклопедиялар мен анықтамалықтарда оның фамилиясы мен өз есімі ғана беріліп, әкесінің аты көрсетілмеген. Барша замандастары мен әріптестері оны Шаһмардан Есенұлы деп кетті. Бұған ол көзі тірісінде ешқандай түзету жасамаған. Енді осының себебіне тоқталайық. Шаһаң Сыр елінің ең бір көрікті мекені Шиелі өңірінде дүниеге келді. Шиелі – қарт Қаратаудың Түркістан мен Созақты көктей өтіп, Жаңақорғанды еркін қамтып, бірте-бірте барқынданып, қалың жынысты, құйқалы қыраттарға айналар тұсы. Жоғалып қалған жалғыз тоқты мың қойға айналатын, түгін тартсаң майы шығатын, әр жидесінің түбінен бір асым ет табылатын, сулы-нулы, берекелі, байсын өлке. Содан болар, сырбойылықтар «Сыр – елдің көркі, Шиелі – жердің көркі» деп орынды мақтан етеді. Міне, осы өлкеде түп атасы Арқа төңіре­­­гін­дегі Торғай, Қостанай өңірінен шыққан Есен Деріпсалдыұлы деген жауға шапса – қы­лыш, дауға түссе – қамшы ұстаған, ел ішінде қадір-қасиеті мол, іске мығым, дәтке берік, әрдайым халыққа жөн айтып, жоба сіл­теген, жеті атасынан қаракөк жан өтіпті. Оның Жо­рабек, Бабабек атты екі ұлы болған екен. Заманның беталыс, бағдарын алдын ала болжай білген сұңғыла Есен екі баласын әуелі Шиелідегі орыс-қазақ мектебіне беріп, оны бітірген соң Ташкентке оқуға жібереді. Ағайынды Есеновтердің үлкені Жо­­ра­бек Ташкенттегі діни семинарияға, ал Бабабек оқытушылар семинариясына түседі. Ташкент Түркістан генерал-гу­бер­натор­­лығының астанасы болғандықтан өлкедегі ең басты оқу орындары дәл осы қалада орналасқан еді. Бірақ онда оқитын орыстан басқа ұлт жастары ішінде ежелден оқу-білімге құштар қазақ балалары басым болды. Мәселен, Ташкент оқытушылар семинариясы ашылған алғашқы 25 жыл ішінде (1883-1904) оны 415 адам бітірген. Соның 13 пайызы қазақ болса, небәрі 2 пайызы ғана өзбек ұлтынан еді. Жорабек Есенұлы ХІХ ғасырдың соңында семинарияны бітірген соң елге оралып, тілмаштық, ағартушылық қызметтер атқарыпты. Тіпті 1913 жылы Ташкентте өткен Романовтар әулеті таққа отыруының 300 жылдық империялық тойына да қатысыпты. Кейін Кеңес өкіметі орнаған соң Перовск совдепі төрағасының орынбасары, уездік милиция бастығы сияқты үлкенді-кішілі қызметтер атқарған екен. Оған кейін «ескішіл», «ұлтшыл» деген айып тағылып екі мәрте түрмеге де отырып шығыпты. Жорекең соның бәрінен білімі, заң-законды жетік білуі арқасында аман-есен құтылып, беймарал тірлік етіп, 1950 жылы дүние салыпты. Міне, осы Сыр елінде есімі аңызға айналған Жорабек ағамыз біздің басты кейіпкеріміздің туған әкесі болады. Ел аузында Жорабек Есенұлы туралы сақталған әңгімелер өте көп. Ол бойы екі метрге жуық, алпамсадай алып денелі, алапат күш-қуаттың адамы болыпты. Шау тартқан кезінде түскен суреттерінің өзінен-ақ оның орасан қайраттың иесі, айбынды азамат болғанын айқын аңғарасың. Екі заманда да серілігінен жазбай, еліне еркін-ақ еркелеген екен. Және онысын халқы көтере де білген. Жөкең жас кезінде бір асқан байдың Ақкенже деген сұлу қызымен сөз байласып жүреді. Қызының қарсылығына қарамастан әкесі бір-ақ күнде Ақкенжені өзіндей бір байдың баласына ұзатып жібереді. Мұны ести салысымен Жорабек қасына ерген сенімді жолдастарымен тапай талтүсте тойлы ауылға келіп, жұрттың көзін бақырайтып қойып, Ақкенжені өзі жетелеп әкелген ақбоз атқа мінгізіп алып кеткен екен. Кетер алдында үрпиіскен жұрттың көзінше Ақкенжеден «Маған күйеуге шығуға ықтиярсың ба?», деп үш қайыра сұрапты. Жұрттың бәрі еститін жауап алған соң: «Сен енді Құдай алдында да, заң алдында да менің таңдап сүйген жарымсың. Бұған мойынсынбаған адамның жазасын осы екеуі беретін болады», деп Ақкенже сұлуды ақ күміспен әбзелденген сәйгүлікке жалғыз алақанына салып-ақ мінгізген бойы аттанып кетіпті. Қанша тентек болса да әдептен де, әдеттен де озбаған, жолынан жығылмаған батыр қайынатасына қарата: «Ашуыңыз тарқаған соң қалыңмалды Есен құдаңыздан аларсыз» деп басын июді де ұмытпаған екен дейді ел аузындағы әңгімеде. Жорабек атамыз Ақкенже сұлудан бір ұл, бір қыз көріпті. Қызы Сақыпжамал кезінде Түркістан АССР Жоғары Сотының төрағасы, Ішкі істер халық комиссары (министрі), ал 1925 жылы Қазақ АССР Орталық Атқару Комитетінің хатшысы қызметін атқарып, кейін репрессияға ұшыраған Сыр елінің қайраткер азаматы Бегайдар Жантөреұлы Аралбаевқа тұрмысқа шығады. Қашанда қолы ашық, мәрт Жорабек Сақыпжамалды ұзатқанда ас та төк той жасап, күйеу баласына бәйгенің алдын бер­меген Торықасқа сәйгүлігін сыйлаған екен. Сыр елі сөз қадірін ерекше біледі және тау­ып айтылған сөзді жадында жақсы сақтайды. Ел ішінде «Жөкең айтыпты» деген тапқыр сөз, қуақы қалжың, ащы әжуа көп-ақ. Мәселен, қонақбай руынан шыққан, ел-жұртты әбден ығыр қылған әумесерлеу шолақ белсенді халыққа тыныштық бермей, күн сайын қоқаңдай береді екен. Жазықсыз жапа шеккен сондай жандардың бірі әділдік іздеп Жөкеңе келіпті. Жөкең салған бойда әлгі белсендінің кеңсесіне кіріп келіп, дүйім жұрттың көзінше: – Әй, қонақбай! Сен бүгінге дейін қонақбай едің, ол ортасында бір ноқаты бар тәп-тәуір есім еді. Ендігі жерде халыққа жасаған мына қысастығыңды қоймасаң тас төбеңнен бір ұрып, бір ноқатыңды екеу қыламын. Сонда неге айналатыныңды ескіше білетін әкеңнен сұрап ал, – деген екен. Абыройы айрандай төгілерін сезген әлгі байғұс Жөкеңнен кешірім сұрап, ат-шапан айыбын тартыпты. Жорабек ағамыз қыннан шыққан қырық беске келген 1923 жылы Шәрипа атты сұлуға үйленеді. Одан 1924 жылы Шаһзада, ал 1927 жылы Шаһмардан атты ұл дүниеге келеді. Ағайынды Есеновтер мектепке қатар барады, тіпті екеуі де жас айырмасына қарамай әуелі бір сыныпта оқыса керек. Мұғалімдердің ұсынысымен ағасы Шаһзада Жорабеков, ал Шаһмардан атасының атымен Есенов болып жазылады. Тамаша азамат болып өскен Шаһзада Ұлы Отан соғысында ерлікпен қаза табады. Барлық ресми құжаттарда Шаһмардан Есеновтің туған күні 1927 жылдың 5 тамызы, ал ол оқыған Қызылорда педу­­­чилищесіндегі деректерде оның туған жылы 1926 жыл деп көрсетілген. Сон­дықтан оны мектепке алты жасынан беру үшін әуелгіде туған жылын 1926 жыл деп көрсетіп, кейін бастапқы қалпына келтірген сияқты (Қызылорда облыстық архиві, 377 қор, 2-тізім, 22 - іс). Міне, осылайша, Шаһмардан Есенов әуелі 1941 жылы Шиелідегі 7 сыныптық орталау мектепті, ал 1944 жылы Қызыл­орда педагогика училищесін үздік бітіріп, сол жылы Қазақ тау-кен институтына түседі. Зерделі, зерек жас институтты «пайдалы қазбалар кендерінің геологиясы мен барлауы» мамандығы бойынша 1949 жылы бітіріп, мемлекеттік емтихан комиссиясының 1949 жылғы 4 маусымдағы шешімі бойынша өзі армандаған «тау инженер-геологы» мамандығына ие болады. Шаһаң мектепте оқып жүрген шағын­да да өлең-жырға, әдебиетке өте әуес болыпты. Өзі техникалық оқу орнында оқыса да Сыр елінен шыққан ақын-жазушыларға жақын жүріпті. Солардың бірі заманында атағы аспандап тұрған арқалы ақын Әбділда Тәжібаев еді. Әбділда ағамыз өзінің естелігінде Шаһ­мар­­­дан студент кезінде оған әкесі Жора­бек­ті әкеп таныстырғанын айтады. Бір-бі­рін сыртынан жақсы білетін қос арыс бұл таныс­тыққа бек қуанып, бірден шүйіркелесе әңгімеге кіріскен. Сол күні Әбекеңнің үйіне мәскеулік ақын, аудармашы Михаил Луконин келе қалады. Басында ауыл адамына тән олпы-солпы киінген қарапайым қазақтың шалына шекесінен қараған мәскеулік ақын Жорекең сөйлеп кеп бергенде, аузын ашып, көзін жұмып, оның орыстың тілін осыншама терең білетініне таң-тамаша қалады. Сол кезде Әбекең ағасының «Евгений Онегинді» жатқа айтатынын да мақтанышпен жеткізеді. Мәскеулік қонақтың бұған сенімсіздікпен қарап отырғанын сезіп қалған қария жарты сағат бойы «Евгений Онегинді» мәнеріне келтіре жатқа соғады. Бұл оқиға Жорабек ағамыздың қайтыс болуынан 2-3 жыл бұрын, шамамен 1947-1948 жылдары орын алса керек. Шаһаңның ата-тегі, әкесінің батыр­лығы, серілігі, шешендігі, білімдарлығы, орысша сауатының кереметтілігі туралы деректерді толық келтіріп отырған се­бебіміз, оның уызынан жарып туған, «әке көріп оқ жонған» текті атаның ұла­ны екендігіне оқырман назарын аудару. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» дейді халық даналығы. Шаһаң – дала қыранының ұясында тәрбиеленіп, қыранша тәрбие алған жан. Бүкіл түр-тұлғасы, болмыс-бітімімен әкесінің аузынан түсіп қалғандай ол өмір бойы әкесін мақтан етіп өтті және Жөкең де мақтаудың қандайына болмасын татитын, ғапыл дүниеде айтқаны болып, атқаны тиген айрықша тұлға еді. Жорабек ағамыз жалғыз ұлының институт бітіріп, үлкен білім ордасынан түлеп ұшқанын, аталарына мыңдаған жылдар бойы құтты мекен болған Арқаға бабалар байлығын іздеп қызметке аттанғанын өз көзімен көріп, 1950 жылы дүние салды. Сонымен, Шаһмардан Жорабекұлы Есенов оқуын бітірген соң 1949 жылы Жезқазған геологиялық-барлау экспедициясына әуелі қатардағы геолог, кейін аға геолог болып қызметін бастап кетеді. Әуелгіде екі тілге бірдей ағып тұрған, дала көрген, қала тәрбиесін алған, студент кезінде-ақ ғылымға деген бейімін көрсете білген оны ұстаздары аспирантураға қалуға үгіттеген. Бірақ сол жылдары студенттерге дәріс оқып, кездесу өткізген, тіпті мемлекеттік қабылдау емтиханына төрағалық жасаған қазақтың ұлы ғалымы Қаныш Имантайұлы Сәтбаев болашақта қазақ жерінің мол байлығын игеру үшін төңірегіне талантты жастарды жинай бастаған. Қыран қазақтың қырағы көзі болайын деген тастүлек Шаһмарданға да түседі. Шаһмардан Жезқазғанға бір кеткеннен мол кетіп, табаны күректей он бір жылын өткізеді. Қатардағы геологтан сол кездегі Кеңес Одағындағы ең үлкен барлау мекемесі – Жезқазған геологиялық барлау экспедициясының бас геологы әрі бас инженері дәрежесіне дейін көтеріледі. Шаһаң Арқада өткізген 11 жылын кә­сіби мақсатқа пайдалана білді. Ұста­зы Қ.Сәтбаев жүрген соқтықпалы соқпақтармен жүріп оты­рып, азынаған суығы мен аңызақ желі қатар жүретін Ұлытау-Жезқазған аймағын тү­гел аралап шықты. Дәл осы кезеңде ол Қаныш Имантайұлының ақыл-кеңесімен Үлкен Жезқазған кен орындары жүйесінің кең ауқымдағы геологиялық картасын жасап, оның қоры алдын ала болжамданған нұсқадан 3-4 есе көп екендігін дәлелдейді. Ол экспедициядағы аса қат болып есептелетін қуатты кен бұрғылау агрегаттарының санын 5 есеге арттырып, оларды 100-ге дейін жеткізді. Ұстазымен ақылдаса отырып, Жезқазған кен тобындағы Итауыз, Сарыоба, Қарашошақ, Қыпшақпай, Айранбай, Талдыбұлақ, Жартас атты кен орындарын ашып, олардың қорын анықтайды. Жезқазғанда жүргізілген жүйелі зерт­теулердің нәтижесінде мыстан басқа, марганец, никель, кобальт, сирек кездесетін радусит-ас­бест пен көгілдір асбест кен орындарын ашады. Металлургияны дамыту үшін кен ғана емес, аса үлкен су қоры да қажет. Жас геолог Ш.Есенов Жезқазған сияқты ауыз суы тапшы өлкеден аса үлкен жерасты су қоры бар Жанай және Айдос су кендерін тауып, оны пайдалануға бергізеді. Бұл Жезқазғанның өндірістік қажеттігін ғана емес, халықтың таза суға деген тұрмыстық мұқтаждығын да молынан өтеп, көп қабатты үйлерге дейін су жеткізуге мүмкіндік туғызады. Сарыарқаның қақ төрінде оның ыстығы мен суығына бірдей төзе жүріп, бірінен соң бірі жаңа кен орындарын ашып, оны өндірістік мақсатта игеруге жол ашқан геолог-инженердің еңбегі одақтық және респуб­ликалық басшылардың назарына іліге бастайды. Осылайша ол 1960 жылы небәрі 33 жасында министрдің орынбасары, ал арада жыл өтпей жатып Қазақстанның геология және жер қойнауын қорғау министрі болып тағайындалады. Қазір жас министрлермен ешкімді таңдандыра алмайсың, ал кеңестік заман үшін бұл сенсациялық тағайындау болатын. Жер көлемі жағынан Одақтағы екінші республика саналатын Қазақстан үшін Геология ел болашағын айқындайтын жетекші министрлік болып саналды. Шаһаң жаңа қызметіне жас та болса мол тәжірибе жинақтап келді. Бұл кездері Ғылым академиясының президенті әрі Гео­логия ғылымдары институтының дирек­торы қызметін қоса қатар атқарып отырған тәлімгер ұстазы Қаныш Имантайұлы Сәт­баев­­тың кеңесімен өзі әбден жетік білетін пайда­лы қазбалар кен орындарын іздеу мен бар­лаудың методикасы тақырыбына арнал­ған кандидаттық диссертациясын сәтті қор­ғап шығып, 1962 жылы авторлар тобы­мен бірге Жезқазғандағы көп жылғы ізденіс­терінің нәтижесі іспеттес «Геология и метал­логения Большого Джезказгана» атты іргелі ең­бегін жарыққа шығарады. Дәл осы еңбек Шаһ­мардан Есеновтің болашақта геология-минералогия ғылымында олжа жасар мол мүм­­кіндігі бар ғалым екендігін кеңінен танытты. Министрдің қызметі адамға ғылыммен шындап айналысуға мүмкіндік бере қой­майды. Мұндайда тек екінің бірін ғана таңдауға тура келеді. Сондықтан алғашқы кезде ол доктор­лық диссертациясын кейінге ысырып қойып, Қазақстанның әр қиырындағы кен орындарын игеруге ерекше назар аударады. Ғылым мен өндірісті, геология ғылымындағы инно­вациялық бағыт саналатын геофизиканы дамытуды қолға алып, Бүкілодақтық барлау геофизикасы институтының Қазақ филиалын аштырады. Ш.Есенов Маңғыстау түбегіндегі мұнай кендерін игеруге батыл кіріседі. Оның басшылығымен бүгінге дейін Қазақстан экономикасына үлкен үлес қосып келе жатқан Өзен, Жетібай, Қаражамбас, Қаламқас мұ­най кендері ашылып, оны игерудің алғышарт­тары жасалады. Көнекөз геологтар оның осы кезде Қазақстан мен Одақтың айтулы ғалым­дары мен мамандарын шақырып, ғылыми кеңесті Жетібай мен Өзен кенішінің басында өткізгенін жыр ғып айтады. Маңғыстау мұнайы туралы әңгіме қозғалғанда оның ерлікпен бара-бар бағаланып, ел аузында әлі күнге дейін аңыздай айтылып жүрген мына бір еңбегін ерекше атап өткен жөн деп есептеймін. Кеңес Одағын колхозшы Никита Хрущев басқарған жылдары ол ойына келгенін істеп, бір республиканың жерін екіншісіне балық үлестіргендей таратуға кіріседі. Сондай жағдай 1962 жылы ежелден майлы қиян атанған мұнайлы түбек – Маңғыстаудың да мойнына түсе жаздады. Тағы сол Н.Хрущев Маңғыстау түбегін мұнай өндірудегі тәжірибесі мол Түрікменстанға беру жөнінде мәселе қояды. Арнайы отырыс­та Қазақстан позициясын қолдап шығу үшін Мәскеуге әлі беті қайтып, тауы шағылып көрмеген, алған бетінен қайтпайтын жас министр Шаһмардан Есенов жіберіледі. Ол Н.Хрущев төрағалық еткен жиында Маңғыстау мұнайын игеруге Қазақстанның әлеуеті де, тәжірибесі де, кадрлары да молынан жететіндігін нақты фактілер мен цифр­лар және ғылыми тұжырымдармен дәлелдеп шығады. Осы отырыста жас қазақ министрінің позициясын сол кездегі одақтық геоло­гияның дуалы ауыздарының бірі, КСРО Геология министрі академик А.В.Сидоренко ашық қолдайды. Қырқыншы жылдары КСРО Ғылым академиясы Түрікмен филиалына қарасты Тау-кен институтын басқарып, сол елдің жай-жапсарын жақсы білетін академик-министрдің бұл сөзінен кейін қазақ министрінің позициясын КСРО Министрлер Кеңесінің төрағасы А.Н.Косыгин де жақтап шығады. Осылайша, Ш.Есенов Ленин төрағалық еткен 1920 жылғы жиында қазақ жерінің шекарасын айқындап берген Алаш ардагері Әлімхан Ермековтің ерлігін қайталап, орда бұзар отызында қазақ жерінің тұтастығын қайсарлықпен қорғап қалады. Шаһмардан Есеновтің Маңғыстау тағдырына байланысты көрсеткен дәл осы ерлігін өз естеліктерінде академик Сұл­тан Сартаев пен академик Әбдірахман Нұрлыбаевтар және тау-кен саласының ардагері, техника ғылымдарының докторы Ибрагим Баймұратұлы Еділбаев та растайды. Академик Сартаев бұл фактіні Алматыға келген сапарында Бас хатшы Брежневтің кө­мекшісі болған Федюкин айтқанын алға тартады. Маңғыстау «қолды» бола жаздағаннан кейін министр Есенов Қазақстанда мұнай кадрларын даярлау ісін мықтап қолға алады. Атыраудағы Қазақ геологиялық барлау ғылыми-зерттеу институтының жұмысын жандандырады. Қазақ политехникалық институтындағы мұнай факультетіне студент қабылдау көлемін дереу арттырып, олардың санын 250-ге дейін жеткізеді, бұған қосымша дайындау бөліміне 100 тыңдаушы қоса қабылдатады. Ресейдегі Мәскеу, Уфа, Орынбордағы мұнайшылар даярлайтын жоғары оқу орындарынан қосымша мамандар шақырады. Мұның бәрі 60-70-жылдары Қазақстанда мұнайшылардың жаңа генерациясын қалыптастыруға берік негіз жасады. Жалпы, Ш.Есеновтің республика геология саласын бірден ұршықтай үйіріп әкетуінің екі себебі болды. Біріншіден, ол Одақ бойынша Ленинград тау-кен институтынан кейінгі екінші беделді жоғары оқу орны саналатын Қазақ тау-кен институтын тәмамдады. Есенов білім алған кезде дәл осы институтта Қ.И.Сәтбаевтан басқа есімі бүкіл Кеңес Одағына әйгілі Е.Шлыгин, И.Бок, Г.Медоев, Н.Сергиев сияқты ғылымды өндіріспен ұштастыра білген мықты ұстаздар сабақ берді. Екіншіден, ол 11 жыл уақытын Жезқазған геологиялық барлау экспедиция­сында өткізіп, геологияның бүге-шігесіне дейін әбден меңгерген кәсіби шыңдалу мектебінен өтіп, білікті тау-кен инженері ретінде қалыптасты. Ол қызмет істеген экспедиция құрамында тісқаққан инженерлер мен тәжірибелі геологтар жетіп артылатын. Егер Есенов өмірбаянының дәл осы кезеңіне мұқият үңілсек, оның белгілі дәрежеде ұстазы Қ.И.Сәтбаев салған соқпақпен жүргендігін айқын аңғарамыз. Қаныш Имантайұлы жиырма жыл бойы Жезқазған-Ұлытау атырабын түгел шарлап өткен соң ғана ғылымға келген болатын. Есенов сияқты орыс әдеби тілін еркін меңгеріп, кез келген аудиторияда ешбір мүдіріссіз көсіле де, шешіле де сөйлейтін, ақжарқын мінезді, батыр тұлғалы, бүгінгі тілмен айтқанда, харизмасы күшті министр одақтық деңгейдегі әріптестерінің назарына да бірден ілігеді. Қаныш Имантайұлы Одақтағы ең бай, ең беделді министрліктің басшысы, өзінің ұзақ жылдар бойы сыйлас досы болған үш мәрте Социалистік Еңбек Ері КСРО Орта машина жасау министрі (аты жұпынылау көрінген бұл министрлік қызыл империядағы әскери-өндірістік кешенді басқаратын ең азулы орган болды) Е.П.Славскиймен таныстырады. Қазақстанға өте көп жақсылық жасаған Ефим Павловичпен Шаһмарданның достығы өмірінің соңына дейін жалғасты. Шаһаң бұл жылдары СССР Геология министрі болған ірі ғалым, академик Александр Васильевич Сидоренкомен де адал әріптестікке негізделген шынайы достық қатынас орнатады. Қазақстандағы Геоло­гия министрлігі Шаһаң осында басшылыққа келуден бес-ақ жыл ғана бұрын 1956 жылы ашылған болатын. Бұл кезде басқа одақтас республикаларда, оның ішінде ғылым-білім, өнеркәсібі да­мыған Ресей, Украина, Белоруссияның өзі­­нде мұндай министрліктер әлі ашылмаған еді. Мұның екі себебі болды. Біріншіден, 1940-1950 жылдары Қ.И.Сәтбаев баста­ған ғалымдардың геология саласын­дағы орасан зор табыстары жер қойна­уы пайдалы қаз­баларға аса бай Қазақ­станға мамандардың наза­рын аударды. Екіншіден, тағы да сол Қа­ныш Имантайұлының арқасында респуб­лика­да геолог мамандары мен ғылымдардың жаңа мектебі қалыптасып, одақтық деңгейде мойын­дала бастаған кадрлық корпус жасалды. Министр Есенов орталық аппаратпен алысқа бармайтынын бірден түсінді. Ол әуелі Қазақстанның геологиялық перспективасы жоғары өңірлерінен 5 өңірлік басқарма ашып, бүкіл геологиялық барлау жұмыстарын сонда шоғырландырды. Бұған қосымша мұнай-газ, гидрогеология және геофизика саласы бойынша республикалық деңгейдегі үш мамандандырылған кәсіпорын ашып, тәжірибелік, өндірістік стансалар жүйесін жасайды. Өндіріс пен ғылымды ұштастыру бағытында Қазақ минералды шикізат институтын (ҚазИМС), Қазақ геологиялық барлау ғылыми-зерттеу институты (ҚазНИГРИ) және Қазгеофизика ғылыми-зерттеу институттары мен көп­­­­теген тәжірибелік лабораториялар ашты. Министр Есеновтің осындай қажырлы һәм жүйелі еңбегінің нәтижесінде бес жыл ішінде республикамыздың түрлі меке­ме­лерінде бытыраңқы қызмет істейтін 50 мыңға жуық мамандар бір министрліктен басқа­рылатын ортақ жүйеге біріктіріліп, мықты материалдық база жасалды. Дәл осы жылдары салаға бөлінетін қаржы да еселеп артты. Кейін алпысыншы жылдардың ортасында өзге де одақтас республикаларда геология министрліктері ашыла бастаған кезде олардың басшылары үйрену үшін Қазақстанға келетін болды. Осылайша, геологиялық қыз­мет саласында жүздеген жыл артта қалып қой­ған Қа­зақстан Қ.И.Сәтбаев пен оның талант­ты шәкірті Ш.Есеновтің арқасында Одақ бойынша суырылып алға шықты. Жас министр­дің жүйелі еңбегі басшылық тарапынан ескерусіз қалған жоқ, ол 1965 жылы Қазақстан Министрлер Кеңесі Төрағасы­ның орын­басары қызметіне жоғарылатылды. Жаңа қызметінде ол геологияға ғана емес, оның тапқан жаңалықтарын тікелей өндіріс­тік мақсатқа жаратумен айналысатын ауыр өнер­кәсіп саласына да басшылық жасай ­бастады. Шаһаңның бұл кездегі қызметі мен әріптестері алдындағы беделі жөнінде 10 жыл РСФСР Геология министрінің және 11 жыл КСРО Геология министрінің бірінші орынбасары болған, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Б.М.Зубарев: «Несмотря на то, что я был старше по возрасту, длительное вре­мя работал первым заместителем минис­тра геологии СССР, я у него учился, пользовался советами. В Москве и в других краях Союза у него был широкий круг знакомых, друзей, коллег, товарищей. Все они с большим уважением, я бы сказал с любовью, относились к нему», деп жазады. Ағынан жарыла сөйлеген геология ардагерінің бұл сөзіне бірдеңені алып, қосудың өзі артық. Ол Үкімет төрағасының орынбасары ретіндегі бір кездері өзі жанын сала қорғаған Маңғыстау мұнайын өндірістік негізде игеруге ерекше мән береді. Тіпті 1966 жылы «Тектоника и нефтегазоносность Мангышлака» атты монографиясын аяқтайды. Кезінде өз бастамасымен 1964 жылы құрылған «Маңғыстаумұнай» бірлестігінің жұмы­сын ұдайы бақылауында ұстайды. Бұған қосымша 1966 жылы «Жетібай мұнай өндіру» басқармасы құрылады, 1964-1965 жылдары Теңге, Тасболат, Қарамандыбас, Шығыс Жетібай мұнай-газ кен орындары ашылады. Есенов бастамасымен 1965 жылы мамыр айында қазіргі Ақтау қаласында мұнайшылардың 1-ші Бүкілодақтық ғылыми-техникалық конференциясы өтіп, оған осы саланың Одақ бойынша кілең ығай мен сығайлары қатысады. Сол жылдың 10 маусымында Өзен – Маң­­­­ғыстау – Мақат теміржолымен алғашқы рет Өзен мұнайы Атырау мұнай айыру зауытына жіберіледі. Ал 10 шілде күні Өзен кен орнынан тұңғыш рет 1 милли­он тонна мұнай өндіріліп, ұзын­дығы 140 ша­қырым болатын Өзен – Жетібай – Ақтау мұнай құбыры пайдалануға беріледі. Маңғыстау мұнайын меңгерудегі осындай орасан зор табыстары үшін бір топ ғалымдар және мұнайшылармен бірге 39 жасар вице-премьер Шаһмардан Есеновке Ке­ңес Одағының ең мәртебелі сыйлығы – техника саласындағы Лениндік сыйлық берілді. Бұл оның мансабындағы ең биік же­тістік әрі ұзақ жылдар бойы қудалаудың басы болатын. Өйткені, мұндай сыйлық ғылым кандидаты Ш.Есеновті қойып, республиканың академик басшысы Д.Қонаевта жоқ еді. Ол ол ма, Лениндік сыйлықты «сылдырмақ» дертімен қатты ауыратын Бас хатшы Л.Брежневтің өзі өмірінің соңына қарай 1979 жылы әупірімдеп жүріп әрең дегенде алған болатын. Сондықтан екі ортада сөз тасып, сыпсың қаққан жарамсақтар тобы Қонаев пен Есенов арасына сына қаға бастайды. Өркениетті орта, ғылыми қауым үшін мұнда тұрған ешқандай өрескел­дік жоқ еді. Кеңес Одағында геология ғылымы мен атом өнеркәсібі, қорға­ныс өнеркәсібі, химия мен физика сала­сындағы ел экономикасына орасан зор пайда әкелетін жаңалықтар ашылғанда оның авторларының жасына қарамай-ақ жоғары дәрежелі марапаттар берілетін (академик А.Сахаров қырыққа жетпей-ақ үш мәрте Социалистік Еңбек Ері болып үлгерген). Оның үстіне Есенов Маңғыстау мұнайының ашылуын кабинетте отырып емес, кәсіби геолог ретінде майлы қиянның ойы мен қырын түгел кезіп жүріп басқарды және осы тақырыпқа әріптестері жоғары бағалаған іргелі монография жазды. Бұған қосымша Лениндік сыйлықтан үміткерлер Мәскеу тарапынан жан-жақты сүзгіден өткізілетін. Бірақ... Иә, бірақтың соңында осы күнге дейін ашылмаған көп кілтипандар жатыр. Шаһаң көзі тірісінде журналист Марат Мәжитовке берген сұхбатында: «Мен бұл жолда білімімді де, тәжірибемді де ортаға салдым. Мұнай барын, оның мол қорын нақты дәлелдедім. Осы теңдесі жоқ мұнай-газ көздерін ашқанымыз үшін бес кісі Лениндік сыйлықтың лауреаттары атандық. Жетеу едік, Мәскеу екі қазақты сызып тастапты. Менің жеке еңбегім болмаса, өзімді осы топтан өзім-ақ сызып тастар едім, оған адамдық арым да, құдіретім де жетер еді. Мен жалпы өзімді билеп-төстей алатын кісімін. Ешуақытта біреудің айтқанына еріп, жетегінде жүріп көрмеген адаммын. Өз ақылым – өзіме төреші», – деп өзіне тән өршіл мінез бен тәкаппар туралықпен жауап беріпті. Шаһаңдай жалтақтап, жалбақтауды білмейтін қыран мінезді қазақтың басқаша айтуы мүмкін емес. Тарихтың тегершігін кері айналдыруға болмайды. Егер сыйлықты былай қойып, оның атын иемденген Лениннің өзін мүлде білмейтін жас ұрпақ өсіп шыққан бүгінгі заманда Шаһмардан Есеновтің тау тұлғасы сол сыйлығы құрғырды алмаса да тәуелсіз қазақтардың жаңа буыны алдында бір пәске де төмендемейтініне ешкім күмән келтіре қоймас. Санада жамыраған сансыз көп сұрақтарға болжам жасауға болар-ау, бірақ дәл жауап табу өте қиын, ал анығы біреу – тура бір жылдан соң Ш.Есенов вице-премьер қызметінен босатылады. Республикада ғана емес Мәскеудің небір жақсысы мен жайсаңдары алдында зор бедел жинап үлгерген Шаһмардан сияқты жас арыстанды тым алысқа жібермей, жақында, ұдайы назарда ұстау үшін оны Қазақстан басшылығы республика Ғылым академиясының президенттігіне ұсынады. Ғылыми қауым қашанда биліктің айтқанына көніп, айдауына жүре бермейтін, өз ортасына «жатты» көп кіргізбейтін консервативті орта. Оның үстіне қаншама іскерлігімен аты шықса да Шаһмардан Есенов азулы академиктер үшін бар болғаны ғылым кандидаты ғана еді, ал академия президенті болу үшін әуелі оның мүшесі, яғни академик болуы керек деген бұлжымайтын жарғы талабы және бар болатын. Ш.Есеновтің Қазақстан Ғылым академиясының президенті болып сайлануы бүкіл Одақ бойынша бұрын-соңды болмаған оқиға ретінде тарихқа енді. Әуелі әлі докторлық диссертациясын да қорғамаған, академикті былай қойғанда мүше-корреспонденттікке де өтпеген үміткер бірден академияның толық мүшелігіне (академиктігіне) сайланады. Бұдан кейін су жаңа академик сол сәтте президенттікке ұсынылады. Үш рет дауыс берудің нәтижесінде Шаһаң үш ұмтылып барып, әрең дегенде ұстазы Қаныш Имантайұлының креслосына отырады. Дәл осы сайлауда академия жарғысы бұзылған тағы бір өрескел оқиға орын алды. Есеновті Академияға әкелу үшін әуелі Қаныш Имантайұлынан кейін бұл қызметті абыройымен атқарып отырған академик Шапық Шокинді президенттіктен босату керек болды. Мұның алдында ғана Қазақстанға КСРО Ғылым академиясының президенті М.В.Келдыштың өзі келіп, академик Шокинның еңбегіне жоғары баға берген еді. Соған қарамастан ол аяқ астынан Орталық комитетке шақырылады. Бұл туралы Халық Қаһарманы өз естелігінде: «Заседание проходило при закрытых дверях, руководил им Д.А.Кунаев, почему-то протокольные записи не проводились... Члены бюро ЦК сидели, как в рот воды набрали. Только второй секретарь ЦК партии В.Титов, председатель Совмина М.Бейсебаев и председатель Верховного Совета С.Б.Ниязбеков предложили мне подать заявление об освобождении от должности президента Академии наук. Я наотрез отказался сделать это», – деп жазады. Д.Қонаев өз естелігінде Ш.Шокин «өз өтінішімен қызметтен босады» деп жазса да, шындық Шокин жағында болды. Ары қарай оқиға былайша өрбиді. Академияның жалпы жиналысында «Ғылым академиясын басқаруда жіберген елеулі қателіктері үшін» Ш.Шокин қыз­метінен босатылды. Сөй­тіп, Сәтбаев салған сара жолдан айнымай, қара шаңырақты қара қылды қақ жара әділдікпен басқарған, шымыр жаңғақ Шапық Шокин қызметінен кетіріліп, босаған орынға Есеновті жылжыту «ойыны» басталады. Шаһмардан Есеновтің жаңа қызметі, қоғамда алар орны, бедел жинауы, жұртқа танылуы жағынан келгенде, вице-премьерлердің орынтағынан әлдеқайда жоғары болатын. Оның үстіне ұлы ғалым, академик Қ.И.Сәтбаев іргетасын өз қолымен қалап, Одақ, әлем таныған Ғылым академиясымен Орталық партия комитеті де, Үкімет те, қолбала парламент те ерекше санасатын. Бірақ кандидат Есеновті академия президенттігіне осыншама өлермендікпен «ұсынушылардың» өз есебі болды. Есімі елге кеңінен танымал ғалым­дардың басын біріктіретін Ғылым акаде­миясының еш жерде жазылмаған өз «заңы», өз тәртібі бар еді. Өздері көз майын тауыса жүріп, самайын қырау шалған кезде әрең жететін академиктің атағын қанша талантты болса да қырыққа енді ғана толған ғылым кандидатының «қалпақпен ұрып» алғанын олардың көпшілігі іштей жақтыра қойған жоқ. «Ұсынушылардың» есе­бі бойынша дәл осы консервативті топ арыз­дың асты­на ала жүріп, Шаһмарданды жаңа қыз­меті­нен кетуге мәжбүр етуге тиіс еді. Бі­рақ­ оқиға мүлде басқаша жағдайда өрбіді. Су жаңа президент ең әуелі өзінің ғылыми өмірбаянындағы олқылықтың орнын толтыру үшін келесі, яғни 1968 жылы «Геолого-структурные особенности методики разведки Джезказганского рудного поля» және «Недра Казахстана» атты қос бірдей монографиясын жариялап, Мәскеуде «Жезқазған кен орындарын барлау методикасының құрылымдық ерекшеліктері» тақырыбында докторлық диссертациясын жарқырата қорғап шығады. Шаһаңның докторлық диссертациясын қорғауға қатысқан академик Х.Бесбаевтың естелігінде оған одақтық дәрежедегі айтулы ғалымдар қатысып, Қаныш ағаның қимас досы болған П.Я.Антропов бастаған мәскеулік ғалымдар өте жоғары баға бергені келтірілген. Орайы келгенде айта кету керек: Петр Яковлевич Антропов – КСРО-ның тұңғыш гео­логия министрі (1953-1962) ретінде Қаныш Имантайұлына ғана емес, бүкіл Қазақстанның геологиясының өркендеуіне, республикаға геолог мамандар даярлау ісіне үлкен үлес қосқан қайраткер. Сондықтан ғылыми қауым оны тұңғыш геология министрі әрі еліміздің бас геологы ретінде ерекше құрметтеген. Доктор, профессор, академик, президент сияқты атақ, дәреже, лауазымдармен төрт құбыласын бірдей түгендеген Шаһаң ендігі жерде Академияның жұмысына білек сыбана кіріседі. 1968 жылы Ғылым академиясында жаңадан сайлау өткізіліп, академиктер мен мүше-корреспонденттердің қатары болашағы зор талантты ғалымдармен толығады, 17 бірдей ғылыми-зерттеу институттарының басшылары қызметіне бекітіледі. Үш жаңа институт: Жоғарғы энергиялар физикасы, Гидрогеология және гидрофизика, Сейсмология институттары жасақталып, көптеген жаңа ғылыми лабораториялар мен бөлімдер ашылады. Ескі ғимараттарда отырған институттарға жаңа корпустар салынып, жылдар бойы пәтер кезегінде тұрғандарға қаланың дәл ортасынан 45 және 35 пәтерлік екі үй пайдалануға беріледі. Есенов қолға алып, күні бүгінге дейін жалғасын тауып келе жатқан тағы бір та­ғылымды іс – ұлттық энциклопедия шығару. Кеңес Одағында Ресейден кейін Украина өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдарында энциклопедиялық басылымдарды шығаруды қолға алды. Міне, осы Украинадан кейін әмбебап ұлттық энциклопедия дайындауда қазақтарды Одақ бойынша екінші қатарға шығарған Шаһмардан Есенов болды. Ол ұлттық энциклопедия ісін бірден қолдап, 1968 жылы тиісті Үкімет қаулы­сын әзірлетті. Қазақ Совет Энцикло­педиясының Бас редакциясы Ғылым Академиясының құрылымы болып есептеліп, оған ғылыми-зерттеу институ­тының мәртебесі берілді. Академия президенті жаңа мекемені алғашқы күннен бастап-ақ тікелей қамқорлығына алып, оған тиісті штат, қаржы-қаражатты молынан бергізді. Энциклопедия қызметкерлері пәтер мәселесінен де еш тарыққан емес. Нәти­жесінде қазақтың 12 томдық тұңғыш әмбебап энциклопедиясы бас-аяғы 6 жылдың ішінде әр томы 40 000 тиражбен басылып, қалың оқырманға жол тартты. Реті келгенде айта кету керек, Есеновтің қолдауымен қазақтар әмбебап энциклопедия шығаруда ежелден кітап басу ісінен бізден ілгерілеу кеткен латыш, литва, эстон, грузин, армян энциклопедияшыларының алдына түсіп, зор абыройға бөленді. Осылайша, бүгінгі күнге дейін үзілмей, үздіксіз басылып келе жатқан ұлттық энциклопедиялар шығару ісінің басы-қасында қашанда қа­жы­майтын, талмайтын академик Есенов тұрды. Ол президент қызметіне кіріскен екі жыл ішінде Қазақстан ғылымының 1969 жылға дейінгі бүкіл тарихы мен жетістігіне талдау жасап, «Наука и ученые Советского Ка­захстана» атты монографиясын жазып шықты. Монографиядағы деректер бойынша дәл сол жылы Қазақстанның 168 ғылыми мекемесінде 25 мың ғылыми қызметкер, оның ішінде 300 ғылым докторы мен 5000 ғылым кандидаты еңбек еткен. Ал Ғылым академия­сында 54 академик, 45 мүше-корреспонд