• RUB:
    5.17
  • USD:
    515.89
  • EUR:
    536.32
Басты сайтқа өту
Ахмет Байтұрсынұлы 05 Қыркүйек, 2022

Бүгін – Ахмет Байтұрсынұлының туған күні

598 рет
көрсетілді

Бүгін - Алаш қозғалысының қайраткері, түркітанушы, публицист, педагог, аудармашы, қазақ тіл білімінің негізін салған Ахмет Байтұрсынұлының туған күні, деп хабарлайды Egemen.kz.

2017 жылы ҚР Премьер-Министрінің қаулысымен 5 қыркүйек, яғни Ахмет Байтұрсынұлының туған күні – тілдер мерекесі болып бекітілді. Бұған дейін Тілдер мерекесі 22 қыркүйекте атап өтілетін. 

Ахмет Байтұрсынұлы 1872 жылдың 5 қыркүйегінде қазіргі Қостанай облысы, Жангелді ауданы Сарытүбек ауылында дүние есігін ашқан. Қазақ үшін қасіретті 1937 жылдың 8 желтоқсанында Алматы қаласында өмірден озған. Қазақтың ақыны, тіл және әдебиет зерттеуші ғалым, түркітанушы, публицист, педагог, аудармашы, қоғам қайраткері. Қазақ халқының 20 ғасырдың басындағы ұлт-азаттық қозғалысы жетекшілерінің бірі, мемлекет қайраткері, қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымдарының негізін салушы ғалым, ұлттық жазудың реформаторы, ағартушы, Алаш Орда өкіметінің мүшесі болған.

1921–1925 жылы Орынбордағы, 1926–1928 жылы Ташкенттегі Қазақ халық ағарту институттарында қазақ тілі мен әдебиеті, мәдениет тарихы пәндерінен сабақ берді. 1928 жылы Алматыда Қазақ мемлекеттік педагогика институтының ашылуына байланысты ректордың шақыруымен осы оқу орнына профессор қызметіне ауысты. 1929 жылы 2 маусымда 43 Алаш қозғалысы қайраткерлерімен бірге ол Алматыда тұтқынға алынып, осы жылдың соңына қарай тергеу үшін Мәскеудегі Бутырка абақтысына жөнелтілді. КСРО Халық комиссарлар кеңесі жанындағы ОГПУ «үштігінің» 1930 жылы 4 сәуірдегі шешіміне сәйкес Байтұрсынұлы ату жазасына кесілді. Бұл шешім бірнеше рет өзгерістерге ұшырады: 1931 жылы қаңтарда 10 жылға концлагерьге ауыстырылса, 1932 жылы қарашада 3 жылға Архангельскіге жер аударылсын деп ұйғарылды.

1933 жылы мамырда денсаулығы нашарлап кетуіне байланысты қалған мерзімді Батыс Сібірде айдауда жүрген отбасымен (әйелі мен қызы) бірге өткізуге рұқсат беріледі. 1934 жылы М.Горькийдің жұбайы Е.П.Пешкованың көмегімен Байтұрсынұлы отбасымен мерзімінен бұрын босатылып, Алматыға оралады. Бұл жерде тұрақты жұмысқа қабылданбай, түрлі мекемелерде қысқа мерзімдік қызметтер атқарады. 1937 жылы 8 тамызда тағы да қамауға алынып, екі айдан соң, яғни 8 желтоқсанда атылды.