Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қостанай облысындағы жағдай оңалған соң, Ахмет Байтұрсынұлының рухына тағзым етіп, қасиетті Торғайға атбасын тірейтінін жеткізді. Бұл жайлы Мемлекет басшысы Әулиекөлдегі еріктілермен кездесуде айтты, деп хабарлайды Egemen.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қасым-Жомарт Тоқаев Ахмет Байтұрсынұлының кейінге шегерілген мерейтойына қатысты сұраққа жауап берді.
«Расында, бұл – үлкен шаруа. Зардап шеккен азаматтардың бәрі үш айдың ішінде баспаналы болады деп уәдемді бердім. Оған күмәнім жоқ. Ол – бір. Екіншіден, Ахмет Байтұрсынұлының мерейтойына қатысты. Ең алдымен, осы мәселені шешейік. Содан кейін амандық болса, осы бір қасиетті жерге келіп, Ахмет Байтұрсынұлы бабамыздың рухына тағзым етіп, тойды өткіземіз», деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.