• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
14 Мамыр, 2014

Тұжырымдама жобасында кемшін тұстар бар

408 рет
көрсетілді

Мәжіліс вице-спикері, «Нұр Отан» партиясы фракциясының жетекшісі Дариға Назарбаеваның төрайымдық етуімен экономиканың қаржы секторын дамытуға, соның ішінде, қаржы секторын дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдама жобасына қатысты «Нұр Отан» партиясы фракциясының кеңейтілген жиналысы өтті. Оған Ұлттық банк төрағасы Қайрат Келімбетов қатысты. Қазақстанның қаржылық жүйе­сін дамыту тұрақсыз си­патқа ие және бірқатар проб­лемалардың орын алуына бай­ланысты күрделене түсуде. Банк секторының шағын және орта бизнесті қаржыландыру үрдісіне жеткілікті түрде тартылмауы, жоғары тәуекелді тұтынушылық несиелердің өсуі, ІЖӨ сақтандыру ұйым­дары активтері үлесінің азды­ғы, сондай-ақ, құнды қағаз нары­ғының төменгі өтімділігі Қазақ­стан Республикасы қар­жы секторын дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырым­дамасын жасауға себеп болды. Тұжырымдаманың бас­ты мақсаты – экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы стандарттарын қоса отырып, үздік халықаралық стандарттар базасында экономикада ресурстарды қайта бөлуде оның тиімділігін арттыру және бәсекеге қа­бі­летті қаржылық сектор құру. Қазақстан Респуб­ли­ка­сының қаржы секторын дамы­тудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы тө­мен­дегі міндеттерді жүзеге асы­руды көздейді: 1) қандай да бір қысылтаяң кезде мемлекеттің және қоғам­ның қаржы жүйесінің тұрақ­тылығын қамтамасыз етудегі қиындығын азайту; 2) экономикалық инте­грация кезінде қаржы сек­то­рының бәсекеге қабілеттілігін арт­тыру; 3) қаржы жүйесінің сапалы дамуы үшін инфрақұрылымды жетілдіру және жағымды жағ­дай жасау; 4) қаржы өнімдері тұр­ғы­сынан экономиканың қажет­тілігіне жауап беретін қаржы секторы өсімінің ресурсын арттыру; 5) тепе-тең экономикалық жағ­дайды қамтып, эконо­микадағы несие тәуе­ке­лін азайту. Ұлттық банк төрағасы қар­жылық жүйенің қазіргі жағ­дайы және болашақ басым бағыттар туралы жан-жақты баяндады. Мәжіліс депутаттары бірқатар проблемалық мәселелер көтерді. Олардың ойынша, аталған мәселелерге қаржылық секторды дамыту тұжырымдамасы жобасында тиісті деңгейде көңіл бөлінбеген. Зейнетақы ак­тив­терін БЖЗҚ орналастыру және басқару турасында да нақтылық жоқ, БЖЗҚ қор на­ры­ғын дамытуға және банк­терді ұзақ мерзімді қорлан­дыруға қатыса ма, жоқ па? Бүгінгі күні корпоративтік секторда несиелердің тұ­рақ­ты жоғары өсуіне қол жеткізу мемлекет үшін басты бағыттардың бірі болып табы­лады. Ал тұжырымдамада осы мақсатқа жетудің жоспары, оған сұранысты арттыру шаралары, несиелер бойынша пайыздық мөлшерлемені азайту, басқа да жағдайлар нақты көрсетілмеген. Осы тәрізді көптеген сауалдарға Ұлттық банк төра­ғасы Қайрат Келімбетов жауап берді.