«Балалар жылындағы басым бағыттың бірі оқушылардың жазғы демалысын ұйымдастыру болғаны анық. Жалпы, жеткіншек ұрпақтың білім алуына ғана емес, саламатты өмір салтын ұстанып, дені сау болып өсуіне ата-ана да, мемлекет те мүдделі. Осы тарапта аймақтарда бірқатар іс-шара жоспарланған болатын.
Биыл оқушылардың жазғы лагерьде демалуына жағдай жасауды Алматы облысы мен Жетісу облысы теңдей бөліп, қолға алған екен. Мәлім болған деректерге сүйенсек, Алматы және Жетісу облыстары бойынша 10 993 оқушы жаз айларында тегін лагерьмен қамтылған. Мұнымен қатар екі облысқа қарасты 763 жалпы білім беретін мектеп пен 36 мемлекеттік қосымша білім беру ұйымдарының жанынан да жазғы алаңдар ұйымдастырылып, тағы 155 868 баланың демалуына жағдай жасалған көрінеді. Сондай-ақ 66 460 оқушыны аудан, қала аумағындағы мәдени-тарихи орындарға экскурсияға апару, 91 319 баланы ата-аналар мен демеушілер есебінен демалдыру, 1 200 балдырғанды республикалық «Балдәурен», «Бөбек» лагерьлеріне жіберу сияқты іс-шаралар атқарылыпты. Яғни екі облыстағы жалпы 443 312 оқушының 80 пайызы жазғы демалыс кезінде сауықтыру орындарымен қамтылып отыр. Ал Алматы және Жетісу облыстарында оқушыларды жазғы демалыспен, сауықтырумен қамту мақсатында жұмыс істейтін 28 лагерь бар екен. Оның 8-і – мемлекеттік, 20-сы – жекеменшік санатында.
Жалпы, өткен жылдың бюджеті бойынша аймақтағы оқушыларды жазғы сауықтыру орындарымен қамтамасыз ету үшін 447 млн теңге бөлініп, жұмсалған. Облыста ақылы лагерьлердегі демалу құны 35 мыңнан басталып, 225 мың теңгеге дейінгі бағада болған. Әрине, лагерь ақысы демалыс орнының орналасуына, көрсететін қызметіне байланысты өзгеріп тұрады. Мұнан бөлек аймақта жазғы тілдік, туристік лагерьлер, дарынды оқушыларды олимпиадаға дайындау мақсатында ұйымдастырылатын лагерьлер де қарқынды жұмыс істеді. Сондай-ақ оқушылардың негізгі бөлігін жазғы демалыспен қамту үшін мектеп жанынан жазғы алаңдар ұйымдастырылды. Оқушылар мұнда аздаған уақытын өткізіп, ойын ойнап, өнерін ортаға салып, спорттық шараларға қатысып, үйіне қайтады. Мұндай орталықтар балалардың ғаламтор шырмауынан бір мезгіл болса да алшақтап, тынығуына жол ашады. Мемлекеттік лагерь болғандықтан балалар толықтай тегін демалады.
Биыл балаларға қуаныш сыйлаған сауықтыру лагерінің бірі – Қонаев қаласынан ашылған Jellyfish Camp жекеменшік орталығы. Бұл орталықтағы бір апталық қызмет көрсету құны 56 мың теңге болса, он күндік демалыс ақысы 80 мың теңге шамасында болыпты. Ал жаз мезгілінде Алматы облысының аудандарында тұратын 75 жеткіншек тегін демалған.
– Бұрын Алатау тауының етегінде жазғы демалыс ұйымдастырсақ, биыл Қапшағай жағалауынан демалыс аймағын жалға алып, жұмысымызды жүргізудеміз. Екі үлкен бассейн бар. Балалар сонда шомылып, күнге қыздырынып, спортпен айналысады. Волейбол, футбол алаңдарында доп ойнап, бойларын да, ойларын да сергітуде. Оқушылардың осындағы әр күні қызықты өтуі үшін түрлі шаралар ұйымдастырамыз. Шығармашылықпен айналысып, сурет салады, актерлік шеберліктерін шыңдап, театрлық қойылымдар қояды. Бес мезгіл тамақ ішеді. Жеміс-жидекті тұрақты беріп, сүт ішу жағын қадағалап отырамыз, – дейді Қонаев қаласындағы Jellyfish Camp лагерінің басшысы Динара Қуатбекова.
Айтпақшы, биыл аймақта туристік бағытта «Жанды сабақтар» атты жоба жүзеге асқан болатын. Жоба аясында 5-11-сынып оқушылары өңірдің көрікті жерлеріне экскурсияларға барды. Биыл жоба негізінен Алматы облысының Еңбекшіқазақ, Талғар, Қарасай, Жамбыл аудандарының және Жетісу облысының Талдықорған және Текелі қалаларының мектептерін қамтыпты. Ал саяхатты Jetysu travel туристік ақпараттық орталығы ұйымдастырды. Жобаның мақсаты Қазақстан тарихы, биология, химия сынды мектеп пәндері бойынша білімді жетілдіруге бағытталған. Экскурсиялар Алматы облысының ең танымал көрікті жерлерін қамтыған екен. Олардың қатарында «Есік» тарихи-мәдени мұражай-қорығы, Green Eco жылыжай кешені, Алматы қорығының Табиғат музейі, Текелідегі «Алақай» кондитерлік фабрикасы, М.Тынышпаев атындағы Алматы облыстық тарихи-өлкетану музейі, «Таңбалы» қорық-мұражайы және Таңбалы археологиялық ландшафтының петроглифтер нысаны мен «Батыр Бабалар» мемориалды кешені бар. Жалпы, бұл экскурсияларға барлығы 200-ге жуық оқушы қатысып, өңірдің көрікті жеріне саяхаттады.
– Биылғы Балалар жылына орай, аймақта өздігінен саяхаттауға мүмкіндігі жоқ, аз қамтылған отбасынан шыққан балаларға арнап осындай экскурсиялар өткізу туралы шешім қабылданды. Біз осындай балаларды қолдап, оқушылардың қоршаған ортаны танып, табиғаттың түрлі құбылыстары, тарихи ескерткіштер туралы ақпаратпен білімін толықтыру арқылы оқу процесіне өз үлесімізді қосқымыз келді. Нәтижесі керемет, мұндай факультативтер балаларға өте ұнады, – дейді Jetysu travel туристік ақпараттық орталығының басшысы Дәулет Есенәлиев.
Алматы облысы