• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Тарих 05 Қыркүйек, 2022

Құтлық қаған жазуы түркілер тарихын зерделеуге жол ашады

571 рет
көрсетілді

Күні бүгін Моңғолияның Арханғай аймағы Номгон алқабынан табылған көне түркі дәуіріне жататын құнды ескерткіш әлем­дік түркологияның елеулі жетістігі ретінде бағаланып отыр.

Екі ел ғалымдарының табанды ең­бе­гінің нәтижесінде табылған тарихи ескерткішке қатысты тың деректер Әл-Фа­раби атындағы ҚазҰУ-де өткен «Құтлық қаған жа­зуы – ғасыр жаңалығы» та­қырыбына арналған ғылыми-теориялық дөңгелек үстелде қызу талқыланды. Еліміздің жоғары оқу орындары, ғы­лыми-зерттеу институттары­нан жиналған ғалымдарға Халықаралық Түркі акаде­миясының ғылыми қызметкері Базыл­хан Нәпіл, Моңғолия Ғылым академиясы Тарих, археология институты Ортаға­сырлық археологиялық зерттеу орталығының жетекшісі Алтангэрэлийн Энхтөр экспедиция барысына қатысты мәліметтерді таныстырды.

Жиында сөз алған универ­ситеттің Басқарма төрағасы-ректор Жансейіт Түймебаев Номгон экспедициясын әлем­дік ғылымда, түркология ғы­лы­мындағы үлкен олжа, ерекше орын ал­ған ғылыми жаңалық, деп атап өтті. Ректор осы орайда Мемлекет басшы­сының «Ұлық Ұлыс – Алтын Орда» атты халықаралық конференциясында «Тарихын түгендеп, одан тағылым ала білген елдің тамыры берік болады. Түрлі себептерге байланысты төл шежіреміздің осы бірнеше ғасырлық кезеңі назардан тыс қалды. Еліміз егемендігін алғаннан кейін ғана бұл олқылықтың орнын толтыруға жол ашылды. Сондықтан халықаралық ғылыми қауымдастықтың алдында ортақ шежіремізді бірлесе зерттеу міндеті тұр» деген сөзін қаперге алды. Бұл тарихшы ғалымдарға үлкен міндеттер жүктейді. Ал түркі тарихының терең сырын ашқан көне жәдігердің ғасырлар қойнауынан ара­мызға қайта оралуы «Түнде ұйқы көрмеген, күндіз күлкі көрмеген, Қызыл қаны төгіл­ген, Қара тері сөгілген, Кү­шін сарқа жұмсаған, Жауға да шап­қан құрсанып» деп жырлаған көне түркілердің тарихи жады мен рухы қайта жаңғыруына ықпал етіп отыр. Бұл жаңалық – бір ата­тіл­ден тараған түркітілдестердің түп-тұ­қиянынан бүгін­ге дейінгі тарихи жолына жаңаша көз­қараспен қарауды талап етеді.

Моңғолия Ғылым академиясы Тарих, археология инс­титуты Орта­ғасырлық ар­хеологиялық зерттеу орта­­лы­ғының жетекшісі Алтан­гэрэлийн Энхтөр «Номгон ғұрыптық кешені және бітік тасы (Құтлық Елтеріс қаған кешені)» тақырыбына жасаған баяндамасында археологиялық зерттеулердің нәтижелеріне сәйкес кешендердің ор­­на­­­ласу тәртібімен таныстырды. А.Энх­төр келтірген мәліметтер жиын­ға қаты­сушылар тарапынан архе­оло­гия­лық қаз­ба жаңалықтарына деген қызы­ғу­шы­лықты арттырып қана қоймай, әрі қарайғы әріптестік, экспедициялар, зерт­теулерді жалғастыру қа­жет­тігін аң­ғартты.

Ғалым баяндамасына зер салар бол­сақ, «Моңғолияның Архангай аймағы, Хашаат сұмыны, «Номгон» деп аталатын жазықта 9 көне түрк ғұрыптық кешен орналасқан. Осы жазықты батыс солтүс­тікте «Их Номгон» тауы, шы­ғыс оңтүстікте «Бага Ном­гон» тауы екі тарапынан қор­шап тұрғандай көріністе. Кешендердің солтүстік тұ­сын­да «Хөгнө-Хан» деген үшкір шыңдары бар биік тау орналасқан. Осы таудан алдыңғы тұсы оңтүстігінде «Элсэн тасархай» (Құм үзін­ділері) деп аталатын таза құм төбешіктері батыстан шығысқа қарай бірнеше ша­қы­рым созылып жатыр. Бұ­рындары бұл кешендерде ғылыми-зерттеулер де, архе­о­­- логиялық қазбалар да жүр­гізілмеген. Жергілікті тұр­ғындардың айтуынша, жазық далада ежелден бай, қуатты елдер өмір сүрген.

Осы орайда Ж.Түймебаев «Құтлық қаған жазуы» – әлем­дік ғылыми кеңіс­тікте жо­ғары бағалануда. Бұл жәдігер ұрпақ игілігіне қызмет ететін, үлкен ғылыми мектепті жал­ғастыратын құнды мұра екені даусыз. Түркологияның өзек­ті мәселелері – түркі тілдерін зерт­теу, Орхон, Енисей, Талас жазба ескерт­кіштері мәтінін түпнұсқадан қайта оқу, түркі тілдерінің сабақтастығын көрсету. Осы орайда тәуелсіз Қазақстан кезеңіндегі түрко­логияның мамандық ретінде оқытылуы үлкен жетістік болды. Әлемдік сарапшылар кезінде ХХІ ғасыр түркі мәдениетінің ғасыры болады деп болжаған. Бүгінде бұл құбылыс өз жемісін беруде. Қазіргі кезде Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық уни­верситетінде, Л.Н.Гумилев атын­дағы Еуразия ұлттық уни­верситетінде, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде «Түркітану» білім беру бағдар­ламасы бойынша мамандар оқытылуда» деп атап өтті.

Ал Құтлық қаған жа­зуы­на қатыс­ты тарихи деректерге талдау жасау, түркі­та­­нушы, шығыстанушы ға­лым­­дардың халықаралық ынтымақтастығын кеңейту, жаңа табылған көне жәдігер­ді жан-жақты зерттеп, текс­тологиялық жағынан жүйелеу – ғалымдар алдында тұрған жаңа міндет. Университет ғалымдары ұзақ жылдардан бері Ха­лық­аралық Түркі академиясымен бірлесіп ауқымды ғылыми жобаларды жүйелі атқарып келеді. Алдағы уа­қытта археологиялық жұ­мыстар жалғасын тауып, Номгон экспедициясы ғылы­ми жинағы әзірленіп, түркі әле­мінің мәдени астанасы Бур­са қаласында таныстырылатын болады. Бұл шара өзге де түркітілдес елдерде өткізілмек. Со­ны­мен қатар Моңғолиядағы түркі дәуі­рінің ескерткіштері бойынша қаз­­ба жұмыстары жалғасын табады. Ал ғалымдардың алдында әлі ширек ғасыр­дан астам археологиялық зерттеулер тұр.

Дөңгелек үстелде тарих ғылымда­рының докторы, профессор, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың «Археология жә­не антропология» ғылыми-зерттеу институтының дирек­торы Ә.Төлеубаев «Қазақ археоло­гиясындағы толағай жетістік», Әл-Фараби атында­ғы ҚазҰУ-дың филология фа­культеті, түркітану және тіл теориясы кафедрасының мең­герушісі, филология ғы­лым­дарының докторы, профессор Р.Авакова «Түркілер жазуы – әлемдік өркениеттің қайнар көзі» тақырыбына баян­дама жасаса, тағы басқа да ғалымдар сөз алып, түркі әлемін таңғалдырар әлі де талай құнды зерттеулер жасалады деген сеніммен тарқады.

 

АЛМАТЫ