2024 жылдан бастап елімізде дүниеге келген әр сәбидің есепшотына Ұлттық қордан қаржы аударылып тұратын болды. Мұндай бастаманы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында мәлімдеді. «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы аясында қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50 пайызы бала 18 жасқа толғанша аударылып тұрмақ.
«Қаржы әр бала 18 жасқа толғанға дейін аударылып тұрады, оны мерзімінен бұрын есепшоттан шығарып алуға болмайды. Жинақталған қаржы балалар кәмелет жасына толғаннан кейін олардың баспана немесе білім алуына жұмсалады. Бұл қаражат өскелең ұрпақтың үлкен өмірге қадам басуына мүмкіндік береді. Қор, шын мәнінде, ұлттық мәртебеге ие болып, халқымыздың игілігіне қызмет етеді. Бастаманы мұқият әзірлеу қажеттігін ескере отырып, жобаны 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап іске қосуды тапсырамын», деді Мемлекет басшысы.
Президент сөзінен кейін бұл бастамаға әрқилы көзқарас білдіргендер де, кәсіби баға бергендер де, бұлдыр жорамалмен шектелгендер де көп болды. Әрине, бұл ретте кәсіби қаржыгерлердің пікіріне сүйенген абзал. «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасының нақты жарғы-тәртібі жоқ әзірге, сондықтан бастамаға қаржы мамандарының көзімен қараймыз. Мәселен, мұнай-газ саласының сарапшысы Нұрлан Жұмағұловтың есептеуінше, бағдарлама аясында жыл сайын әр баланың шотына 74 мың теңгеден кем қаражат түспейді.
«Ұлттық статистика бюросының дерегінше 0-17 жас аралығындағы бала саны – 6 млн 300 мың. Шілденің аяғындағы жағдай бойынша Ұлттық қордың активі 29,5 трлн теңгені құрады. Құрылғаннан қазірге дейін қордың жылдық орташа кірістілігі 3,17 пайыз болды. Соңғы 5 және 10 жылда – жылдық мәнде 1,70 және 1,67 пайызды құрады. Ұлттық қордың жылдық орташа инвестициялық табыстылығы 935 млрд теңгені құрауы мүмкін. Осылайша, оның 50 пайызын балаларға берген жағдайда әр бала жыл сайын 74 241 теңге алады», дейді.
Бұл ретте ол қор активі 90 пайызының шетелдік валютада сақталатынын және түсім долларға қатысты теңге курсына тікелей тәуелді екенін айтады. Ұлттық қорға доллар көп түскен сайын, инвестициялық табыс та мол болады.
«Бірақ алдымен Ұлттық қордың заңды мәртебесін бекіту керек. Қазір ол Үкіметтің шетелдегі есепшоты болып саналады», дейді Н.Жұмағұлов.
Nomad Life Insurance директорлар кеңесі төрағасының кеңесшісі Нұрғали Нұрмахамбетов Президент бастамасын «келешекке бағытталған инвестиция» дейді және біршама оптимисті пікір білдіреді.
«Ұлттық қордан балалар шотына ақша аударып отыру – тамаша идея. Үздік сценарий жағдайында қазір өмірге келген бала 18-ге толғанда 40 мың доллар алады, ал нашар сценарий бойынша 20 мың доллар алады. Тиісінше, бұл біздің Ұлттық қордың ең керемет инвестициясы болмақ. Доллар құлауы, мұнай таусылуы, ставкалар құлдырауы мүмкін, ал келер ұрпақ игерген жаңа білім ел қазынасына нағыз табыс әкеледі. Өзіміз ойланып көрейікші, әлемде білімнен асқан инвестиция бар ма?! Қазір әлем бойынша мөлшерлемені орналастыру құны өсіп жатыр. Америкалық трежер бойынша базалық ставкадағы 0,5 пайызбен Ұлттық қор 3,5 пайыз табыс табады. Сонда 4 пайызбен (қазір екі жылдық америкалық облигациялар солай саудаланады) біз алдағы 5-10 жылда Ұлттық қордың 8-9 пайыз кірістілігіне ие боламыз», дейді инвестиция маманы.
Оның сөзіне қарағанда, бұл екінші жағынан елде бала келешегін ерте бастан ойлау дағдысын да қалыптастырады.
– Жалпы, бізде баланың болашағын оның кішкентай кезінен бастап ойлай бермейді ғой. Оның келешегі үшін деп ақша жинау да сирек кездеседі. Ал мемлекеттің өзі жинап берсе, бұл тәуір мүмкіндік. Ұлттық қордың түсімі мұнай бағасына байланысты. Қазір баррелі 100 доллардың айналасында. Кемі жақын жиырма жылдықта мұнайға деген қажеттілік жоғала қоймайды. Сондықтан Ұлттық қор түсімі молаяды деген сенім басым. Тек ол қордан алатын трансферттерді азайтуымыз керек. Оны Президенттің өзі де атап өтті. Мұнай бағасы өзінің жоғары тұрақтылығын сақтап тұрса, онда балалар шотына түсетін ақша да мол әрі тұрақты болады. Нәтижесінде, ертеңгі күні бала кәмелет жасына толғанда не баспана алатын, не білім алатын мүмкіндігі болады. Сондықтан Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл бастамасын келешекке бағытталып отырған инвестиция деп қарауымыз керек, – дейді Н.Нұрмахамбетов.
Телеграмдағы Tengenomika каналының сарапшылары ақшаны балаларға берудің соңы алдағы 5 жылда 3,6 млрд доллар сомасындағы инвестициялық табыстан айырылуға әкеліп соғады деп алаңдайды.
«Қор жинақтаушы және тұрақтандырушы функциясын атқарады. Яғни форс-мажор жағдайлар – кешегі пандемия, экономикалық дағдарыс немесе мұнай дәуірінің аяқталуы секілді кезеңдерде мұндай қор экономикаға тиетін соққыны әлсіретеді және қиындықтан жедел өтіп кетуге көмектеседі. Инвестициялық табыстың тең жартысының алынуы қорға кері әсер етеді. Ал Үкімет түрлі жаңа бастамаға сілтеме жасай отыра Ұлттық қордан трансферт алуды жалғастыра береді. Жалпы, елімізде проблеманың түп-төркініне үңіле бермейді. Одан да білімге бөлініп жатқан қаржыны басқаруды жетілдірсе дұрыс болар еді. Білім сапасын арттыру және адами капиталды инклюзивті дамыту – болашақта білімді ұлттың, оның ішінде әлемдік деңгейде бәсекеге қабілетті өскелең ұрпақтың нақты кепілі», дейді сарапшылар.
Бұл ретте қаржыгер Андрей Чеботаревтың пайымы басқаша.
«Біздіңше, бұл бастама әлдеқайда қызықты. Президент Ұлттық қорға тиіспеу туралы бірнеше рет ескертті. Бірақ Үкімет бас тарта алмай отыр. Нәтижесінде, биыл трансфер сомасы 2 трлн теңгенің орнына 5 трлн теңгені құрады. Ұлттық қор қазір бөлек қор және компания ретінде бөлінбейді. Бұл – Ұлттық банктің қалаған кезінде есеп бере алатын есепшоттарының жиынтығы. Дәл сол БЖЗҚ қор ретінде құрылғандықтан өте ашық – ай сайын зейнетақы қорының толық құрылымы әрбір нақты құралға дейін қолжетімді. Ұлттық қордың мәліметі бойынша, тек шамамен портфель белгілі, оның өзінде Ұлттық банктің мейірбандығы арқылы олар ресми түрде ол туралы ешқандай ақпаратпен бөлісуге міндетті емес», дейді ол.
Сарапшының айтуынша, Президент тапсырмасының арқасында Ұлттық қордың жұмысы мұқият қадағаланып, балаларға ақша аударуға байланысты қор ең үлкен қоғамдық бақылаудың біріне ие болады.
«Осылайша, Президент Үкіметтің Ұлттық қордан жаңа трансферттерді алуын қиындатып, сонымен бірге Ұлттық қордың инвестиция мәселесін жаңа деңгейге көтерді. Жақын арада біз қор ребрендингін көріп қалуымыз мүмкін. Ол ашық инвестициялық саясаты бар, төрағасы мен қоғамдық кеңесі бар жеке корпоративтік құрылымға бөлінеді», деп болжам айтады А.Чеботарев.
Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров балалардың шотында жиналған сома олардың үй алуына немесе ипотеканың алғашқы жарнасын төлеуіне жеткілікті болады дейді.
«Республикадағы үй бағасы әртүрлі. Баға өңірлерге байланысты. Егер бағасы 1,5-2 млн теңге болса, кей елді мекендерде жиналған сомаға үй сатып алуға болады. Қала жағдайында ақшаны ипотеканың алғашқы жарнасы ретінде төлеуге мүмкіндік бар. Инвестициялық табысты бөлістіру механизмі бойынша тиісті ұсынысты Президент Әкімшілігі алдағы екі айда жасайды. Жаңашылдықтың енгізілуіне байланысты Ұлттық қор активі азаймайды, бірақ жыл сайынғы инвестициялық кіріс әртүрлі болуы мүмкін. Бұл Ұлттық қор қаржысы инвестицияланатын шетелдік нарықтардың жағдайына байланысты болады», деп түсіндірді министр.
Ұлттық банк дерегінше, 2021 жылдың соңында Ұлттық қордың активі 55,3 млрд долларға жетті. 2020 жылы Ұлттық қордан – 4,8 трлн, 2021 жылы 4,5 трлн теңге алынған. Биыл Үкімет 4,6 трлн теңге сұраған.