• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Аймақтар 05 Қыркүйек, 2022

Өрттен төнген қауіп сейіліп келеді

1577 рет
көрсетілді

Бүгінгі күнге дейін мәлім болғанындай, Әулиекөл ауданындағы өрт сөндіру жұмыстарына бірнеше күш құрылымының өкілдерінен, белсенділерден құралған екі мыңнан астам адам өрт сөндіруге жұмылдырылған. Олар өрттен төнген қауіпті сейілтуге бар күшін жұмсап жатыр.

Тілсіз жауды ауыздықтауға күш жеткілікті

Жедел штаб сағат 5 қыркүйек, сағат 12:00-де «Бағаналы ауылын өрттен қор­ғап қалу үшін өрт сөндіру жасақтары мен ар­найы техника күштері қайта топтас­тырылды. Орманның 4-ші және 8-ші кварталында өрт болып жатыр. Жер­гілікті атқарушы органдар Қазанбасы ауылдық округіне қарасты Бағаналы елді мекенінің 11 тұрғынын эвакуацияла­ды. Олардың ішінде 2 бала бар. Өрт сөндіру жұмыстарына 50 техника, Ұлттық ұлан әскерилері, еріктілер мен ауыл тұрғын­дары тартылды», деп хабарлады.

«Қазіргі таңда 6 ұшақ өрт сөндіру жұмыстарына тартылған. Оның төртеуі Төтенше жағдайлар министрлігіне, екеуі Қорғаныс министрлігіне тиесілі, күш жеткілікті. Тек қазір су көздерін іздеуде қиындықтар сезілуде. Қажет болса, су таситын көліктермен қосым­ша су жеткіземіз. Өйткені ағаш басын­дағы жалынды мейлінше тежеу үшін тік­ұшақтарды уақтылы сумен қамтамасыз ету керек. Осылайша санаулы күндердің ішінде өртті толықтай ауыздықтау жос­парланып отыр», деді Төтенше жағ­дайлар министрі Юрий Ильин.

Өршеленіп кеткен өрттің тек Әулие­көл өңіріне ғана емес, басқа аудандарға да тигізген зия­ны орасан. Мысалы, осы аптада Лисаков қаласының іргесіндегі үлкен саябақ өртке оранды. Қостанай қаласындағы бірнеше бизнес нысаны жанып кетті.

Қарабалық, Ұзынкөл аудан­дарындағы орман учаскелері мен құрғақ шөп алқаптарын өрт шалып, көптің күшімен дер кезінде сөндірілді. Қарасу ауданына қарасты Люблинск ауылындағы алты үй айналасы бір жарым сағаттың ішінде қызыл жалынға оранып, түгел жанып кетті. Люблинск ауылдық округінің әкімі Андрей Максимовтің айтуынша, тілсіз жау 5 қыркүйек күні таңертең толықтай тізгінделген.

– Қазір зардап шеккен алты отбасы туыстарының үйіне орналастырылды. Бұл отбасылардың бірінің бір учаскеде екі үйі болған. Оның біреуі жанып кеткенімен, екінші үй аман. Қазір біз өрттен зардап шеккендердің мүлкін тізімдеп, тезірек өтемақы беру жұмыстарымен айналысып жа­тырмыз. Таяу арада өрттен келген шығын мөлшерін есептеп, көмек көрсетуіміз керек. Кейбір тұрғындардың құжаттары өртеніп кеткен. Бұл да біраз қиындық туғызады, – деді әкім.

Гуманитарлық көмек көрсетілуде

Әулиекөл ауылындағы «Бо­лашақ» спорт кешенінде өрттен зардап шеккен тұрғын­дарға гуманитарлық көмек көр­сетіліп жатыр. Төтенше жағдай министрлігінің әскери күш­тері Әулиекөлдің іргесіндегі Ново­нежен ауылында палатка­лар тігіп, баспанасыз қалғандарды орна­лас­тыруда. Мәжіліс депутат­­­тарының бастамасымен Нұр-Сұлтан қаласында да Әулие­көл жұртына жылу жиналып жат­қанын естідік. Республикалық жедел штаб өкілдері өрт кезін­де зардап шеккендердің құжат­тары кезектен тыс қалпына кел­тірілетінін мәлімдеді.

– Табиғи апаттан зардап шеккен аудандардағы халыққа қызмет көрсету бөлімдерінің қыз­­меткерлері көші-қон поли­ция­сының өкілдерімен бірге өрт сөндірушілерге көмек көр­сетуге дайын. Жеке басты куәландыратын құжаттарды, сон­дай-ақ жылжымалы және жыл­­жы­майтын мүлікке қатысты құжат­­тарды қалпына келтіру үшін тұр­­ғындар ХҚО-ға жү­гінуі қажет. Қыз­меткерлер аза­мат­­тарға түскі үзіліссіз құжат­тар­ды рәсім­деуге көмек көрсе­туге да­йын, зар­дап шеккен аза­мат­тарды қабылдау кезектен тыс жүзеге асырылады, – дейді Мемле­кеттік корпорацияның облыс­тық филиалының директоры Миржан Жаңабаев.

Ал Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитеті өрттен зардап шеккен тұрғындарға тиесілі әлеуметтік төлемдерді де аудара бастады.

– Республикалық бюджеттен қыркүйек айында берілетін зейнетақы, жәрдемақы бүгін аударылады. Бұл республикалық деңгейде шешілді. Әлеуметтік төлемдер өрттен зардап шеккендерге ғана емес, ауданның бүкіл тұрғындарына, бас-аяғы 8 447 адамға төленеді. Оның ішінде 6 мың зейнеткер, 388 көпбалалы ана бар, – деді аталмыш комитетке қарасты облыстық депар­­тамент басшысы Айнұр Сатаева. Мұның сыртында, Ең­бек және халықты әлеуметтік қор­­ғау министрлігі  жұмыс­сыз қал­ған­дарға ақылы демалыс жария­ла­мақ.

Сондай-ақ облыстық по­ли­­ция департаментінің қыз­меткерлері де бір күндік жала­қысын өрт кезінде зардап шек­кен­дерге көмек көрсететін бірың­ғай қоғамдық қорға аударады.

– Облыстың жеке құрамы Әулиекөл ауданының өрт салда­рынан зардап шеккен тұрғын­дарына көмек көрсетеді. Біз кез келген қолдауды қажет ететін жер­лестерімізге көмектесуді өзіміздің азаматтық парызымыз деп санаймыз, – деген мәлімет таратты.

Қайырымдылық шараларынан Qazaq Oil да тыс қалған жоқ. Аталмыш компания Қостанай облысында өртті сөндіруге қатысқан техникаларға 50 миллион теңгеге тегін дизель отынын берді. «Құрметті жерлестер! «Qazaq Oil» ЖҚС ұлттық желісінің ұжымы Қостанай облысындағы өрт салдарынан қасіретке душар болған жандарға шынайы қолдау білдіретінін жеткізеді. Біз сіздермен бірге­міз!», деп жанашырлық танытқан компания ұжымы жұртты сындарлы сәтте сабырлы болуға шақырды.

«Біз біргеміз» қайырымдылық акциясы аясында Әулиекөлге Қостанай ұн комбинаты, «Деп», «Жас қанат» құс фабрикасы сияқты ірі кәсіпорындар да азық-түлік жөнелтіп жатыр.

– Әулиекөл ауданындағы алапат өрттен кейін еліміздің түкпір-түкпірінен көмек ағылып жатыр. Бұл бағытта Қостанай облысының кәсіпкерлері мен облыстық Кәсіпкерлер палатасы өңірлік кеңесінің өкілдері де белсенді жұмыс жүргізуде. Мұндай жағдай ешкімді бейжай қалдырмайды. Қазір өңірдегі жағдайды тұрақтандыру бо­йынша барлық қажетті шаралар қабылдануда, – деді облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Данияр Күзенбаев.

Д.Күзенбаевтың айтуынша, облыстық кәсіпкерлер палатасы өрттен зиян шеккен бизнес нысандарының шығынын есептеу жұмыстарын жүргізіп жатыр.

 

Қостанай облысы