Қостанайдағы ағайынның басына түскен қиын жағдайды, әсіресе Арыс қаласы мен Мақтаарал ауданының жұртшылығы ауыр күйзеліспен қабылдады. Олай дейтініміз, бірінде оқ-дәрі қоймасы жарылып, екіншісінде су тасқыны болғанда тұрғындар төтенше жағдайды бастан кешкен-ді.
Арыс қаласында 2019 жылы болған техногендік сипаттағы төтенше жағдайда қаланы қалпына келтіруде қол ұшын созған қостанайлық ағайынның игі ісін ұмытпаған арыстықтар зардап шеккен тұрғындарға көмек көрсету мақсатында ақшалай, азық-түлік, киім және ең қажетті заттар жинауда. Олардың қатарында қарапайым азаматтар да, шағын бизнес өкілдері де бар.
Арыс халқы бір күнде 3 тонна ұн, 100 адамға лайықталған төсек жабдықтары, 1 тонна макарон, 500 литрге жуық өсімдік майы, 10 тонна ауыз су, тонна картоп және 1 тонна сәбіз, 3 тонна пияз, 1 ауыр жүк көлік қауын, жарты тонна орамжапырақ секілді тез бұзылмайтын азық-түлік өнімдері, гигиена құралдары және бірінші кезектегі қажетті заттарды Қостанай облысына жөнелтті. Сондай-ақ Мақтаарал ауданының әкімі Бақыт Асановтың бастамасымен мақтааралдықтар бір түннің ішінде өрттен зардап шеккен қостанайлықтар үшін жинаған 23 тоннадан астам гуманитарлық көмек тиеген үлкен жүк көлігі алыс жолға аттанды. Аз уақыттың ішінде қостанайлықтардың сұранысына сай ең бірінші қажетті азық-түлік өнімдерін, гигиеналық заттар мен төсек-орын жабдықтары жиналған. «Мақтааралдықтар тасқын судан зардап шеккенде бүкіл Қазақстан халқының, оның ішінде қостанайлықтардың көмегін ұмытқанымыз жоқ. Міне, бүгін қостанайлық бауырларымыздың басына түскен қайғы-қасіретті бөлісу үшін ең алғашқылардың бірі болып гуманитарлық көмекті жіберіп отырмыз. Біздің күшіміз – бірлікте. Біріксек қана бұл қиындықты да жеңе аламыз», дейді мақтааралдықтар.
Қостанай облысындағы өрттен жапа шеккен тұрғындарға көмектесу ниетінде облыс әкімдігінің мемлекеттік қызметшілері 1 күндік жалақыларын аударса, кәсіпкерлер де қаржылай көмектерін көрсетуде. Алғашқы күні 70 млн теңге Қостанай облысына көмек ретінде жиналды. Облыста бірнеше гуманитарлық көмек қабылдау пункттері ашылған. Қазақстан халқы Ассамблеясының аудан-қаладағы филиалдары да көмек көрсетуде белсенділік танытуда. Сондай-ақ 17 аудан, қалалық «Жастар ресурстық орталықтары» ғимараттарында гуманитарлық көмек жинақталуда. Гуманитарлық көмектің алғашқы легі жөнелтіліп үлгерген. Жуық арада қосымша тағы да 20 тонналық 2-3 жүк көлігі Қостанай облысына жіберіледі.
Түркістан облысы