• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Елорда 06 Қыркүйек, 2022

Алтай Көлгінов шалғай аудан тұрғындарымен кездесті

6071 рет
көрсетілді

Елорданың әрбір төртінші тұрғыны елді мекендерде, қаланың шет аймақтарында тұрады. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов шалғай аудан тұрғындарымен кездесу барысында айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Абаттандырылған аудандар мен тұрғын алаптар арасындағы теңсіздікті жою үшін қала әкімі шалғай аудандарға барып, тұрғындарымен кездесті. 

Қала басшысы өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында қазіргі өзекті мәселелердің бірі – инженерлік желілер екенін атап өтті. Қаланың тұрғын үй алаптарында 50 км инженерлік желілер, оның ішінде 11 км кәріз, 20,7 км сумен жабдықтау желілері, 3 км астам нөсер кәрізі салынды. Биыл тағы 10 шақырым инженерлік желілердің құрылысы аяқталады деп күтілуде.

«Елді мекендерді жеке-жеке аралап, жергілікті тұрғындармен кездесу өткіземіз. Өндіріс тұрғын алабының тұрғындарымен кездестім. Осыған дейін қала тұрғындары оқу орындарына байланысты, нақтырақ айтқанда №12 мектеп бойынша өзекті мәселе қозғаған еді. Бұл мектеп осыдан 60 жыл бұрын салынған, қазір апатты жағдайда. Ал ішіндегі құрылымдары жарамсыз күйде тұр. Оның ғимаратын бұздық, қазір орнына жаңа, жайлы мектеп салу жұмысы басталды. Оны 2023 жылы аяқтауды жоспарлап отырмыз», деп жазды Алтай Көлгінов.

Сондай-ақ әкім жеке инвестор есебінен балабақшаның құрылысы жүргізіліп жатқанын хабарлады.

«Жеке инвестор есебінен балабақшаның құрылысы жүріп жатыр. Бұдан бөлек, Чехоев көшесіндегі (Өндіріс елді мекені) апатты үйлердің тұрғындарымен кездестім. Ондағы үйлердің бір бөлігін 2024 жылға арналған бұзу тізіміне енгіземіз. Бейнебақылау камераларын орнату, жол мәселесі, аула клубтары, абаттандыру секілді түрлі проблемалар қозғалды. Бұл мәселелерді шешу жұмысы қолға алынды», деп атап өтті қала басшысы.

Айта кетсек, тұрғын үй алаптарында 680 км газ тарату желісі салынып бітті. Бүгінгі таңда Алматы және Сарыарқа аудандары газға қол жеткізумен қамтамасыз етілген. Байқоңыр және Есіл аудандарында газ құбырын тарту жұмыстары жүргізілуде.

Соңғы жылдары тек тұрғын алаптарында ғана 250 көше салынып, жөндеу жұмыстарынан өтті. Әкімнің айтуынша, биыл тағы 70-ке жуық көше асфальтпен жабылады, жұмыстардың басым бөлігі аяқталып үлгерді. Тұрғын алаптарында 300-ден астам аулалар мен қоғамдық кеңістіктер абаттандырылды, дене шынықтыру-сауықтыру кешендері, бірқатар оқу орыны салынды.

«Мемлекет басшысы қаланың шет аумақтарын дамытуға ерекше көңіл бөледі. Біздің мақсатымыз – елді мекендерге қажетті инфрақұрылым жүргізіп, тұрғын үйлер, әлеуметтік нысандар, демалыс орындарын салу», деп қорытындылады әкім.