Бүгін елордада турникте тартылу бойынша Tartyl Fest спорт фестивалі ресми түрде ашық деп жарияланды, деп хабарлайды Egemen.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Tartyl Fest Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы «Дара» таланттарды қолдау қоры» ҚҚ және қала әкімдігінің қолдауымен өткізіледі.
Нұр-Сұлтан - турнир өтетін соңғы 20-шы қала. Фестивальді өткізу орны ретінде EXPO аумағындағы сахна таңдалды.
Жоба амбассадоры Айтым Жақыповтың айтуынша, елордада 650-ден астам қатысушы тіркелген.
Турнирдің ашылу салтанатына ҚР Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев, Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Ерлан Бекмурзаев, «Дара» қолдау қорының басшысы Нұрлан Қоянбаев, белгілі спортшы Дамир Муминов, жоба амбассадоры, қоғам қайраткері Айтым Жақыпов қатысып, қатысушыларға сәттілік пен жеңіс тіледі.
«Шынында да, бұл нағыз бұқаралық спорт түрі болып есептелетін оқиға. Мұнда кілең мықтылар жеңеді. Барлық ұйымдастырушыларға үлкен алғыс. Бүкіл ел бойынша 12 мыңнан астам қатысушы қатысқанын білемін», деді Мәдениет және спорт министрі.
Ведомство басшысының айтуынша, алдағы уақытта Tartyl Fest фестивалі елімізде жыл сайын өткізілетін іс-шараға айналады деп жоспарланып отыр.
Фестиваль 10 шілдеден бастап еліміздің 20 қаласында өтеді. Оған қатысуға ниет білдірген азаматтар ақшалай жүлделер ұтып ала алады.
Айта кетсек, әр қалада 27 жеңімпаз таңдалады. Бірінші орын үшін қатысушылар 200 мың теңге, екінші орын үшін 100 мың теңге, үшінші орын үшін 50 мың теңге ақшалай сыйлық алады.
Әр қаланың жеңімпаздары елордада өтетін гранд-финалға қатысады.