Ұлттық музейде TAMYR шығармашылық тобының «Арба» көрмесі ашылды. Іс-шараға мәдениет және қоғам қайраткерлері, танымал суретшілер, сондай-ақ зиялы қауым өкілдері қатысты.
TAMYR шығармашылық тобын Шымкент қаласы мен Түркістан облысының суретшілері құрды. Кейін бірлестік құрамына Ресей мен Қырғызстан суретшілері қосылып, халықаралық мәртебеге ие болды.
Айта кетейік, бұл – суретшілердің Ұлттық музейдегі екінші көрмесі. Биыл қылқалам шеберлері тың туындыларын ұсынумен қатар музеймен бірлесіп, бейнелеу өнерінің қазіргі жағдайын талқылап, дөңгелек үстел ұйымдастырды.
Суретші Сұлтан Иляев шығармашылық бірлестіктердің өнердің дамуына қосатын үлесі туралы сөз қозғады.
«Елімізде шығармашылық бірлестіктер туралы заң қабылданып, олар ресми статусқа ие болса, барлық суретшілер «жалғыздың үні шықпас» демекші, бірлестік аясында қызмет етіп, көрме ұйымдастыру, конкурстық іріктеуден өту сынды көптеген мәселені шешуде ұйым тарапынан қолдау табар еді», деді ол.
Мәселен, кейбір суретшілер күнкөріс қамы үшін тәуір туындыларын аз ақшаға сатуға мәжбүр. Сонымен қатар «әй дейтін әже, қой дейтін қожа жоқ» заманда сапасы төмен жұмыстарды көркемсурет өнерінің шыңы деп ұсынатындар да жоқ емес.
Кезінде мүсінші Еркін Мергенов КСРО Суретшілер одағының жұмысын үлгі етіп, қылқалам шеберлерін біріктіріп, қолдау көрсету керектігін айтқан еді. Сол кездегі жүйелі қолдаудың нәтижесінде белгілі елу қазақ суретшісі дүниеге келген еді.
TAMYR тобының мүшелері Ұлттық музейге көрме ұйымдастыруға қолдау көрсеткені үшін алғыстарын айтып, екі тарап ынтымақтастық пен серіктестікті бекіту мен нығайту мақсатында меморандумға қол қою керектігін айтты.