• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Аймақтар 06 Қыркүйек, 2022

Елді мекендерге төнген қауіп сейілді

185 рет
көрсетілді

Төтенше жағдай министрлігінің шұғыл әрекет ету штабы Әулиекөл ауданындағы елді мекендерге алапат өрттен төнген қауіптің жойылғанын мәлімдеді. Өрт сөндіру жасақтары орман ішіндегі шала бықсыған қоламталарды сөндіріп жатыр. Аманқарағай, Лесное, Озерное, Бағаналы ауылдарына өрт қарауылдау қызметі қойылған.

Синоптик мамандар 6 қыр­­күйекке қараған түні жеңіл себе­леп өткен соқыр жауынның әсері­нен өрт шалған аумақтағы ауа ыл­ғалы бір­шама арта түскенін айтады. Де­генмен қауіптің беті толық қайтты деуге әлі де ерте. Әуеден барлау қыз­ме­тінің мәліметінше, Озерное, Лесное және Аманқарағай ауыл­дары­ның маңайындағы жағдай ты­ныш. Бірақ Бағаналы ауылы мен Қазанбасы елді мекенінің орта­сын­дағы ұзындығы шамамен 2 ша­қырымдай аумақ әлі де өрте­ніп жатыр. Сондықтан өртке қарсы негізгі күш-құрал осы ма­ңай­ға топ­­­тас­­тырылған. Қорғаныс министрлігі мен жер­­гі­лікті атқарушы органдар­дың инже­нерлік техникалары ор­манға жақын елді мекендердің ай­наласын жыртып жатыр.

5 қыркүйекте Бағаналы ауы­лына жақын орналасқан орман­да өрт шығып еді, абырой бол­ғанда тілсіз жау дер кезінде ауыз­дық­талды. Өрт кезінде ауыл тұрғын­дары түгелдей Қазанбасыға көші­рілген. Бірақ қызыл жалын күшті желдің екпінімен Қазанбасыға да жақындап барғанда жұрт кәдімгідей үрейленіп қалған.

– Біз жақтағы өрт сөнді. Бағаналы аман. Кеше біздің ауылға да жақын келіп еді. Түнімен әскерилер мен ауыл адамдары жабылып жүріп сөндірді. Таңертең бәріміз қуанып жатырмыз. Біздің ауылға эвакуацияланған Бағаналы тұрғындары біртіндеп үйлеріне қайтып жатыр. Ол кісілерге жеткілікті түрде азық-түлік берілді, – деді Қазанбасы ауылының тұрғыны Динара Сыздықова.

Ал Аманқарағай тұрғындарының айтуынша, ауылда 106 үй жанып кеткен. «Бағаналы, Новонежен, Озерный, Лесное, Қазанбасының маңайын түгел өрт шарпып кетті. Қазір қауіптің беті қайт­қан­дай болды. Кеше Мемлекет бас­шысы Қасым-Жомарт Тоқаев келіп, халықпен кездесіп, елдің еңсе­сін көтеріп кетті. Президент бас­па­насыз қалғандарға екі-екі жарым айдың ішінде үй салып береміз деп уәде етті. Бұл үйлер мемлекет пен демеушілер есебінен салынатын болады. Әрқайсысының ауданы – 100 шаршы метрді құрайды. Ең бастысы, бұл үйлер ас үй, ыдыс-аяқ, теледидар, жиһаздармен жабдық­талатын болды. Бірақ халық бір нәрсеге риза емес. Жергілікті билік ол үйлерді Әулиекөлдегі учили­щенің артындағы саздауыт жерге салу туралы шешім қабылдапты. Қазір ол жерге әртүрлі техникалар келіп, жер тегістеу жұмыстарын бас­тап жатыр. Бүгін халық әкім­дік­ке барып, ол жаққа тұрғысы кел­мей­тінін жеткізді», дейді ауыл тұр­ғын­дары.

Облыс әкімінің бірінші орын­ба­сары Ғауез Нұрмұхамбетовтің айтуынша, Президент тапсыр­ма­сы­мен салынатын тұрғын үйлер­ді белгіленген қысқа мерзім ішін­де сапалы тұрғызып, халыққа тап­сырып үлгеру үшін құрылысқа ірі компаниялар тартылатынын айтты.

– Қазіргі ең басты міндет – күн суымай тұрып үйсіз-күйсіз қалған отбасыларды тездетіп баспанамен қамтып, жылы жерге орналастыру. Ал жаңа салынған үйлерде тұрғысы келмейтін тұрғындардың талабы рет-ретімен шешілетін болады, – деді облыс әкімінің орынбасары.

Шұғыл әрекет ету штабының соңғы мәліметінше, Аманқарағай ауылында – 85, Озерныйда 6 үй өртеніп кеткен. Өрт басталғалы 2091 адам эвакуацияланған: 3 қыр­күйекте Аманқарағай, Озерный және Лесное ауылдарынан 1841 адам шығарылса, 5 қыркүйекте Баға­налы ауылының 250 тұрғыны Қазан­басыға көшірілген. Қазір Әулиекөл орт­а мектебі мен Әулиекөл мектеп-ин­тер­натында 66 адам жатыр. Эва­куацияланған тұрғындардың дені өз үйлеріне оралған, біразы жақын туыстарының үйін паналап отыр.

«Өрт кезінде әр түрлі дәрежеде күйік шалып, ыс тиген 11 адам – 6 тұрғын, 1 әкімдік қызметкері, 1 орман шаруашылығының жұмысшысы, 3 төтенше жағдай қызметкері анықталған еді, бүгінде олардың бәрі ауруханадан шығып, үйлеріне оралған. Өкінішке қарай, Аманқарағайда үйіндінің астынан М.И. Бабенко есімді 87 жастағы қарияның мүрдесі табылды. Өрт сөндіру жұмыстары жалғасуда», деп мәлімдеді шұғыл әрекет ету штабының өкілдері.

Облыстық полиция департаменті өңірді орасан шығынға ұшыратқан орман өртіне қатысты қылмыстық кодекстің екі бабы бойынша іс қозғап, өрттің шығу себептерін анықтау жұмыстарын бастап кетті. Сондай-ақ облыс әкімі Әулиекөл және Қарасу аудандарында таби­ғи сипаттағы төтенше жағдай жа­рия­лады.

Еліміздің әр өңірінен өрттен зардап шеккендерге арналған гума­ни­тарлық көмек толассыз ағылып келіп жатқанын айта кеткен жөн. Елден жиылып жатқан жылудың керек жеріне жетуін бақылап, ұйым­дастыру шараларын атқару үшін облыстық мәслихаттың жанынан арнайы жұмыс тобы құрылды.

Сондай-ақ Amanat партиясының барлық өңірлік филиалдарында өрттен зардап шеккендерге гума­ни­тар­лық көмек қабылдау пункттері ашылып, партиялықтар мен «Жас­тар Рухы» жастар қанатының мүшелерінен волонтерлер тобы құрылды.

 

Қостанай облысы