Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармониясының солистері мен «Сарыарқа» фольклорлық ансамблі, сондай-ақ Ғ.Жұбанова атындағы Мемлекеттік ішекті аспаптар квартеті Мүгілсін Ахметқызының (Аққыз) 125 жылдығы мен Мағауия Хамзиннің 95 жылдығына арналған «Күй ғұмыр» мәдени сазды кешін ұсынды. Концерт «Астана Опера» театрының камералық залында өтті.
«Аққыз» деген атпен танымал Мүгілсін Ахметқызы қазақтың аты аңызға айналған домбырашысы әрі әншісі. Оның «Қосбасар», «Саржайлау», «Бестөре» сынды Тәттімбет күйлерін орындауы ерекше. Мүгілсін Ахметқызы «Қайран елім», «Аққыз», «Қосбасар» және басқа да тамаша күйлерді жалғастырушы ретінде Қазақстан композиторларының шығармашылығына орасан үлес қосты. Оның шәкірттерінің бірі Мағауия Хамзинді де ел үлкен талант деп таниды.
Кеш сахнасында Аққыз бен Мағауия Хамзиннің – «Қосбасар», «Жетім қыз», «Қайран елім», «Ғарышкерлер вальсі», «Белгісіз солдат», «Жайлау» сынды шығармалары орындалды. Ғ.Жұбанова атындағы Мемлекеттік ішекті аспаптар квартеті Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ернар Мыңтаевтың жетекшілігімен өнер көрсетті. Филармония күйшілері Арман Жайымов пен Қуат Шілдебаевтың заманауи интерпретациясында Тәттімбет пен Төлеген Момбековтің күйлерін орындады.
«Сарыарқа» ансамблінің көркемдік жетекшісі Тоғжан Жахин сазды кешті тарқата келе дәстүрлі музыканың тарихына тоқталды.
«Екі биік тұлғаны бір концертте біріктіргеніміз бекер емес. Өйткені Аққыз Мағауия Хамзиннің тәлімгері. Екеуі де Арқа орындаушылық домбыра мектебінің мұрагерлері, шертпе дәстүрін жалғастырушылар. Екі күйші де репертуарын өздері шығарған күйлермен толтырды. Концертте «Сарыарқа» ансамблінің орындауында Аққыз бен Мағауия Хамзиннің күйлері мен шертпе дәстүрінің жарқын солистері – Жанғали Жүзбаев, Қайрат Айтбаев, Марат Нөкеев, Ерболат Сапуанов, Амангелді Сәдуов, Рүстем Нүркенов өнер көрсетті. Сондай-ақ кеште арнайы шақырылған қонақтар – Аққыздың шәкірті Қалкен Қасымов пен күйші, Аққыз күйлерін орындаушы Болат Тәкішев болды», дейді ол. Сондай-ақ оның айтуынша, ХХ ғасыр қазақ күйлері үшін қиын кезең болды. Арқаның көптеген өнерпазы қуғын-сүргін, ашаршылық, соғыс өртінде қырылды.
«Сембек, Тәттімбет секілді күйшілер кетіп қалды. Сондықтан Аққыз Арқа күйлерінің мұрагері болып қалады. Дина шешеміз Құрманғазының күйлерін жеткізген болса, Аққыз Тәттімбеттің мектебін жеткізді. Ал Мағауия Хамзинмен біріктірген себебіміз, Мағауия Аққыздың шәкірті, содан кейін ол өзінің орындаушылық стилін қалыптастырушы. Бұрынғы күйшілер нотамен емес, құйма құлақ арқылы үйренген еді. Сол кезде құйма құлақ күй ойнаған кезде, 100 % орындау мүмкін емес, 70% орындай алады. Сондықтан өзінің табиғатымен, саусақтарының ерекшелігімен өзіндік бір стиль қалыптастырады. Тарихтан білеміз, Құрманғазының стилін Дина жалғастырса, Динаның өзінің бөлек мектебі бар. Сол секілді, Аққыз да өз мектебін қалыптастырды», деп атап өтті Т.Жахин.