Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі «Масс-медиа туралы» заң жобасына реттеуші саясаттың консультативтік құжатын әзірледі, деп хабарлайды Egemen.kz.
Құжат Мемлекет басшысының 2022 жылғы 16 наурыздағы Жолдауын іске асыру шеңберінде әзірленді.
«Отандық БАҚ-тың Қазақстанда, өңірде және әлемде болып жатқан үдерістерге өз көзқарасы болуға тиіс. Шынайы ақпараттық қауіпсіздік және елдің идеологиялық егемендігі де осыған байланысты. Мемлекет сұранысқа ие және мықты медианың ашық ақпараттық кеңістігін құруға ерекше назар аударады. Сондықтан мемлекеттің мүддесін, қоғамның сұраныстарын және медиа саланың даму тенденцияларын ескере отырып, БАҚ туралы заңды қайта қарау қажет», деп атап өткен болатын Қасым-Жомарт Тоқаев.
Құжат келесі мәселелерді шешуге бағытталған:
журналистердің мәртебесін көтеру; мемлекеттік қаржыландыруды реформалау; мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл; БАҚ тіркеу тәртібін өзгерту; телерадио хабарларын тарату саласындағы трендтердің өзгеруі; интернет-жарнаманы реттеу; саланың өзін-өзі реттеуін дамыту.Көрсетілген проблемаларды халықаралық тәжірибені ескере отырып шешу үшін:
Журналистердің құқықтарын нығайту және міндеттерін қайта қарау, сондай-ақ журналистердің артықшылықтарын кеңейту жөнінде жағдайлар жасау. Жаңа ұғымдарды, субъектілерді анықтау және белгілі бір байланыс түрлерін белгілі бір санатқа жатқызу. Гранттық қаржыландыру және субсидиялау тетігіне көшу. Мемлекеттік органдардың журналистік сұраныстарын қарау мерзімдерін қайта қарау. АҚ тіркеу кезінде домендік атаудың болуы бойынша талаптарды белгілеу. Телекоммуникация (интернет) желілеріндегі хабар таратудың жаңа түрлерінің қызметін заңнамалық реттеу.Атап айтқанда, жаңа шынайылық пен практиканы ескере отырып, мемлекеттік қаржыландыруды іске асырудың жаңа тәсілдерін әзірлеу ұсынылады.
АҚДМ есептеуінше, мұндай тәсіл мемлекеттік ақпараттық саясатты іске асырудың тиімділігін, сондай-ақ отандық БАҚ-тың бәсекеге қабілеттілігін арттырады.
Телерадио хабарларын тарату саласындағы трендтердің өзгеруіне келетін болсақ, соңғы жылдары телерадио хабарларын тарату саласына телекоммуникация желілерінде (интернет) хабар таратудың жаңа түрлері, аудиовизуалды платформалар, IP TV операторлары және OTT форматындағы операторлар еніп отыр.
Осы орайда, олардың қызметін заңды түрде реттеу ұсынылады, бұл IPTV-сервистер мен телерадио хабарларын таратудың отандық спутниктік және кабельдік операторлары арасындағы зиянды бәсекелестікті жоюға және құқық иеленушілерге залал келтіруге, сондай-ақ ҚР аумағында есепке алу рәсімінен өтпеген шетелдік телеарналардың IPTV/OTT-сервистерінің таралуына жол бермеуге мүмкіндік береді.
Интернет-жарнаманы реттеу тұрғысынан жаңа технологиялардың жаппай дамуы құқықтық өрістен тыс жарнаманың жаңа түрлерін тудыратыны атап өтілді. Оны регламенттеу қағидаттарын әзірлеу ұсынылады.
Саланың өзін-өзі реттеуін дамыту жөніндегі бөлімде қазіргі уақытта Қазақстанда өз қызметін белсенді жүзеге асыратын БАҚ саласындағы 30-дан астам қоғамдық бірлестіктер, қауымдастықтар (одақтар) және басқа да коммерциялық емес ұйымдар бар екендігі көрсетіледі. Алайда, жалпыға бірдей белгіленген стандарттар жоқ екенін айта кету керек.
Осыған байланысты салалық заң жобасында БАҚ-тың өзін-өзі реттеу тетіктерін қарастыру ұсынылады.
АҚДМ-де мұндай норма болашақта мемлекеттік биліктің, азаматтық қоғамның және масс-медиа өкілдерінің тең құқығына алып келуге мүмкіндік береді деп санайды.
Құжат 27 қыркүйекке дейін Ашық НҚА сайтына орналастырылған.