Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Ластаев Талғат Катардың авиациялық билігінің президенті Мохамед Фалех әл-Хаджримен және Катардың Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі Абдулазиз Сұлтан Әл-Румейхимен кездесті, деп хабарлайды Egemen.kz Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Telegram арнасына сілтеме жасап.
Кездесу барысында тараптар азаматтық авиация саласындағы екіжақты ынтымақтастық мәселелерін, оның ішінде Қазақстан мен Катар арасындағы ұшулар санын одан әрі арттыру және ұшу географиясын кеңейту, авиация мамандарын даярлау және олардың біліктілігін арттыру, Қазақстанға Катар инвестицияларын тарту мәселелерін талқылады.
Сонымен, бүгінде Катардың «Qatar Airways» әуе компаниясы Доха – Алматы бағыты бойынша аптасына 4 рейс жиілігімен тұрақты жолаушылар рейсін орындайды. Катар тарапының хабарлауынша, Qatar Airways 2023 жылы көктемгі-жазғы навигациядан бастап Нұр-Сұлтан мен Доха қалалары арасындағы рейстерді жүзеге асыруды жоспарлап отыр.
Тараптар сондай-ақ Қазақстан Республикасының азаматтық авиация саласының өкілдерін даярлау және олардың біліктілігін арттыру мәселелерін талқылады. Бұл ретте тараптар ағымдағы жылдың 27 қыркүйегі мен 7 қазаны аралығында өтетін Халықаралық азаматтық авиация ұйымы (ИКАО) Ассамблеясының алдағы 41-сессиясын талқылады.