Жазиралы Жаңаарқа жерінде тағы бір мешіт бой көтерді. Кентке кіреберісте орын тепкен жаңа мешіт жолаушылар үшін өте ыңғайлы. Сапарда жүрсеңіз, тоқтап, құлшылығыңызды жасап аласыз. Тура жолдың бойында.
Жаңа мешітті жаңаарқалық Әбдішевтер әулеті салып отыр. Жаратқанның мадағын алуды мақсат санаған олар иман ордасына бабалары Наймантай мен Байғозы батырлар есімін бергенді жөн санаған. Ел-жұрты үшін атқа қонған әкелі-балалы қос батырды ұлықтау мақсатында. Мешіттің ашылу салтанатына Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының наиб мүфтиі Ершат Оңғар, дін саласының зиялы өкілдері және аудан басшылығы қатысты.
– Әкелі-балалы қос батырдың есімін ұлықтау мақсатында жаңа мешітке «Байғозы-Наймантай батырлар» атауы беріліп отыр. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы соңғы бірер жылда қазақтың арғы-бергі тарихында аты қалған, тәуелсіздік жолында күрескен азаматтардың есімін мешітке беріп келеді. Қазіргі таңда еліміз бойынша 2700-ден аса мешіт бар. Бүгін, міне, қос батырдың атын жаңғырту мақсатында жаңа құлшылық ордасына сол кісілердің аты берілді. Алланың жердегі үйін салған адамдарға қатысты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өз хадисінде былай дейді: «Кім жер бетінде Алланың жердегі үйін салуға атсалысса, Алла Тағала ол кісіге жұмақтан орын дайындайды». Ислам тарихында мешіт салу – қадірлі іс болған, – деді өзінің құттықтау сөзінде наиб мүфти.
Салтанатты ашылу рәсімінен кейін жаңа мешітке жиылған жамағат арасында ұлттық ойын көрініс тапты. Ас беріліп, Құран оқылып, жамағат бір сапқа тұрып намаз оқыды. Көпшілік ізгілікпен із қалдырып жүретін Әбдішевтер әулетіне ризашылықтарын жеткізді.
Қасымхан ҒАЛЫМ,
журналист
Ұлытау облысы,
Жаңаарқа ауданы