• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Экономика 07 Қыркүйек, 2022

Ырыздық жолындағы ынтымақ

284 рет
көрсетілді

Астықты өңірде күзгі орақ науқаны ұйымшылдықпен өткізілуде. Егістік алқаптардағы дәннің 49,4 пайызы жиналып алынды. Гектар берекесі 10,5 центнерден айналуда.

Былтырғы қуаңшылықта облыс диқандары осы мезгілде гектар берекесін 7,2 центнерден айналдырған болатын. Биылғы өнім біршама тәуір. Әйткенмен, барлық аудандарда жағдай біркелкі емес. Мәселен, мамыр-маусым айларында кейбір ауданда жа­уын жаумады. Дәл керек кезінде ылғал болмағандықтан, топырақтың астындағы дән көгеріп, көктеп шыққанымен, бой салып өспей, булығып жатып алды.

– Егін орағын аяқтап қалдық, – дейді Қорғалжын ауданындағы «Агрофирма Жер 888» серіктес­тігінің басшысы Абай Медеубаев, – дәл керек уақытында көктен имей, жігеріміз құм болды емес пе? 6 мың гектар алқапқа дәнді дақылдар тұқымын сіңірген болатынбыз. Қазір көршілерге көмек қолын созудамыз. Жалпы жағдай туралы айтатын болсақ, геосаяси жағдайға байланысты қосалқы бөлшектің құны аспандап кетті. Тіпті үш есе қымбаттады. Бұл жайт диқандарға кері әсерін тигізіп тұр. Оның үстіне тыңайтқыштардың бағасы да удай. Ал бидай бағасы бұрынғы қалпында. Әрине, біз де нанның қымбаттағанын қаламаймыз, бірақ дән өсіруге жұмсалған шығын қайтуы керек қой.

Алқап төсіндегі диқан­дардың айтуына қарағанда, жанар-жағармайдан тапшы­лық жоқ. Алдын ала есеп­теліп берілген өтінімдерге бай­ланыс­ты дер шағында жеткі­­зілуде. Ауа райы да қолай­лы болып тұр. Егін орағы басталған кезде дән бірша­ма ылғалды болып, негізгі күш астық қабылдау кәсіпорындарына түсе ме деген қауіп болып еді. Соңғы күндері күн ысып, дән кеуіп, ылғал азайды.

– Егін орағын өрмек жүзінен аудардық, – дейді «Еңбек» жауап­кершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы Қуаныш Рақышев, – қазір бізде ғана емес, жалпы ди­қан­дардың алдына оралғы болып тұрған мәселе – техника мен қосалқы бөл­шектің қымбаттауы. Бұрын Ресейден және таяу шетелдерден жеткізілетін қосалқы бөлшектер тоқтап қалды. Тіпті диллерлер де таптырмай кетті. Ерте көктемнен бері егіс мәдениетін барынша сақтап, барлық талапты мұқият орындағандықтан болар, гектар берекесі былтырға қарағанда әлдеқайда жақсы.

Біз сөйлескен ауыл шаруа­шы­лығы құрылым­дарының басшылары айтарлықтай қолбайлаудың жоқтығын айтып отыр. Тек нау­қандық емес, жалпы жағдай туралы түйткілді мәселенің түйі­нін тарататын болсақ, бұл – механизатор кадрлардың жетіс­пеушілігі.

– Ауылда қазір комбайнды тізгіндейтін адам қалмады. Жыл сайын іздеп, табанымыздан таусылып жүргеніміз, – дейді «Құлан» серіктестігінің басшысы Құлан Болатов, – алдағы уақытта облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы өңірге қанша механизатор қажет екендігін есеп­теп, кәсіптік-техникалық колледж­­дермен байланыс жасап, білім алушыларды өндірістік тәжі­рибеден өткізіп, бұл жайды түбегейлі шешу керек тәрізді. Жалғыз комбайншы ғана емес, дәнекерлеуші де қасқалдақтың қанындай таптырмайды. Бұл бір күндік қиындық емес, жалпы елдің, оның ішінде ауыл шаруашылығы құрылымдарының болашағына байланысты дүние емес пе?!

Өңірде қазір жерде өскен дәнді жерде қалдырмау бағытында қыруар жұмыс атқарылуда. Күзгі егін ора­ғымен бірге қыс қамы да ойлас­тырылып, малсақ қауым мал азығын дайындаудың соңғы шараларын қолға алған.

 

Ақмола облысы