Қазақтың қанындағы ұмытылмайтын қасиеттің бірі – қайырымдылық. Мұнайлы Атыраудың тұрғындары да Қостанай өңіріндегі дала өртінен зардап шеккендерді қолдауға үн қосып отыр.
Облыс әкімі Серік Шәпкеновтің тапсырмасымен Атырау қаласы мен аудандарда арнайы штабтар құрылды. Штаб өкілдерінің көмегімен жиналған азық-түлік, киім-кешек, жеке гигиеналық құралдар мен төсек-жабдық түріндегі гуманитарлық көмек 30 тоннаны құрады.
– Қостанай облысындағы дала өрті қабырғамызды қайыстырмай қоймады. Мұндай қиын сынақтан жұдырықтай жұмылып, бір ел болып өте аламыз. Қазір Қостанай облысындағы Amanat партиясы филиалының басшысымен байланыс жасап отырмыз. Зардап шегушілерге тікелей қаражат жібергісі келгендер үшін банк шоты ашылды, –дейді Amanat партиясы облыстық филиалының атқарушы хатшысы Абдолла Идресов.
Оның айтуынша, күнделікті тұрмыста қолданылатын заттар тиелген алғашқы 10 жүк көлігі жолға шықты. Жақын күндері тағы бірнеше көлікпен гуманитарлық көмек жіберіледі. Арнайы құрылған штаб құрамында «Жастар рухы» жастар қанатының мүшелері де бар. «Еріктілер де қостанайлықтармен біргеміз. Көмек көрсетуге дайынбыз», – дейді ерікті Заманбек Құрақбай.
Дала өртінің салдарынан баспанасынан айырылған қостанайлықтарға көмек көрсету үшін Атырау облысы бойынша арнайы чат ашылды. Жергілікті ерікті Нұрлан Жонасовтың айтуынша, чатқа қосылған азаматтар ақшалай және заттай көмек көрсетуге дайын екенін білдірген.
Ал «Атамекен» ҰКП Атырау филиалының директоры Нұрлан Сүйінбаевтың мәліметіне сүйенсек, жергілікті кәсіпкерлер Қостанай облысының тұрғындарына көмек көрсетуге белсене атсалысып отыр. Өңір кәсіпкерлері табиғи апаттан зардап шеккен қостанайлықтар үшін 30 млн теңге жинаған.
Атырау облысы