Ауыл мектептеріне автобустар керек-ақ. Себебі өңірде мектебі жоқ елді мекендерден қатынап оқитын балалар бар. Осы мәселе Қарағанды облысында бірталай уақыттан бері айтылып келген еді. Енді міне, бұл проблема да шешімін тапқан сыңайлы.
Нақтырақ айтқанда, биыл қыркүйек айының соңына дейін облыстағы ауыл мектептерінде жаңа автобустар пайда болмақшы. Ал осы айдың 15-іне дейін Абай, Бұқар жырау және Қарқаралы аудандарының мектептері алғашқылардың бірі болып тасымал көлігіне иелік етеді.
Қарағанды облыстық Білім басқармасының басшысы Гүлсім Қожахметова Оқу-ағарту министрлігінің еліміздегі мектеп автопаркін жаңарту жөніндегі республикалық жобасы аясында лизингтік қаржыландыру есебінен 27 автобус сатып алу жобасының іске асқанын мәлім етті.
– Осы мақсатта «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ мен «Hyundai Trans Auto» ЖШС және «QazTehna» ЖШС жеткізушілері арасында келісімшарттар жасалды, – деді облыстың бас мұғалімі.
Таяуда Қарағанды облыстық білім басқармасының басшылығы арнайы көлік қабылдаудың алғашқы актілеріне қол қойды. Тиісті құжаттарды ресімдеу бойынша жұмыстар басталып кетті.
Бірден айта кету керек, оқушыларды тасуға арналған жаңа автобустар заманауи талаптарға толық жауап береді. Олар қауіпсіздік белдіктерімен, мектеп рюкзактарына арналған сөрелермен, есік ашық болған кезінде қозғалысты бұғаттау механизмімен және сағатына 60 шақырым жылдамдық шектегішпен жабдықталған.
– Сонымен қатар автобустарда мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған арнайы орындықтар да бар. Мұның барлығы балаларды мектепке және үйлеріне қауіпсіз тасымалдауды қамтамасыз етеді, – дейді Г.Қожахметова.
Атап өтетін тағы бір жайт, облыс бойынша биылғы оқу жылында мектебі жоқ, шалғайда орналасқан 121 елді мекеннің 1 628 оқушысы білім беру нысандарына күн сайын және апта сайын тасымалдаумен қамтамасыз етілген.
Қарағанды облысы