• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 08 Қыркүйек, 2022

Шындықтың шарайнасы: Шерхан Мұртазаның көзқарасы мен ұстанымы

1052 рет
көрсетілді

Ел тарихы мен мемлекет болып қалыптасудың тар жол, тайғақ кешуінде ұлт перзенттерінің жарқын тұлғасы мен олардың қоғам үшін атқарған ерен қызметі жадыда жаңғырып тұрады.

Әрине, арғы-бергі дәуірде «Алаш» пар­тиясын құрып, Алаш автономиясын жа­рия ету тұр­ғысында аға ұрпақтың ат­қар­ған жанқиярлық қызметі мен кү­рес­­керлік танытқан өмірі бүгінгі күн­де де аса маңызды және өшпес өне­ге. Сол ұлылығы ұмытылмас, ерекше туған Ә.Бөкейханұлы, А.Байтұрсынұлы, М.Ду­лат, М.Жұ­мабаев, Ж.Аймауыт сияқ­ты ақберен азаматтардың және түбі бір түркі елінің тұтас бір­лігі үшін өмірбақи күрескен Т.Рыс­құловтардың және онымен тұстас, тізе қосқан есіл ерлердің үзілмес рухынан күш-қуат алып, өзі өмір сүрген дәуірдің қайсар мінезді қайраткерлерінің қатарында Шер­хан Мұртазаның қоғамдық ор­ны айрықша екені даусыз. Қа­лың жұрттың мейірімі мен ыс­тық пейілінен «Шераға» атанған қаламгердің қоғамдағы оттай жанған өткірлігі мен кесіп, дөп тауып айтар тастүйін ойлары мен көркем суреткерлігі, еліміздің ең ірі басылымдарының редакторы лауазымында батыл да ұлт мүддесінің биігінен сөз айта алған дара тұлғасы дербес Қазақстан мемлекеттілігі жарияланғанға дейін-ақ әйгілі еді.

Заман өз адамын іздейді, зама­ны­на қарай адам да туады. Қазақ мемлекет­тілігінің, қазақ ұлтының тілі мен келешегі ұстараның жүзіндей тағдырлы тартыс-тірес бетпе-бет келген шақта Шерхан Мұртазаның ұлтжанды, аузы дуалы, өжет өміршеңдіктің сөзін сөйлеуі заңдылық еді.

Реті келгенде бұл ойымыздың бір ұшын дәйектеп айтар болсақ. Әлі есімізде...Қа­зақ­тың ойшыл перзенті, данагөй қалам­гер, шешендік өнердің жүйрігі Әбіш Кекілбайұлы 2012 жылы қоңыр күзде Алатаудың етегінде, атақты Жуалы- Мың­бұлақ төрінде қалың нөпір халықтың қатысуымен өткен ағаның 80 жылдық мерейтойында: «Қызыл іңірден бастап құлан иек құба таңға дейін баласының тілеуін тілеген аналарымыздың әлдиімен өскен елдің баласымыз.

Біз бүгін ардақты Шәкеңнің ащы да тұщы балалығы өткен киелі жерінде адал сөзімізді айту­ға келдік. Тағдырымызға ризамыз, осындай арыстан жүректі адаммен табысқанымызға. Мына алмағайып заманда жауға бермес қорған, дауға бер­мес Шәкеңдей ағамыз алдымызда ай­мүйіз­деніп жүрсе ғой, уайымы жоқ жандай­мыз. Халықтың сөзін ашып жә­не ашы­­на сөйлеген, қоғамның шын­дығын шыжғырып айтудан ешбір тайсалмаған, қаймығудан мүлдем ада, қайыспас қара нар, өжет қазақтың інісі болуға жараған болсақ, онда біз де бақыттымыз!» деп қырандай самғап қалықтаған дауысы әлі күнге шейін құлағы­мызда жаңғырып тұр.

Әріден де, беріден де терең толғайтын Әбіш аға ұмытпасақ, 1993 жылы Әулие­атаның солтүстігі – Сарысу ауданында қобызшы Ықылас Дүкенұлының тойын­да, сегіз қанатты ақ киіз үйде айнала отыр­ған алқалы ағайын алдында «Қа­зақ­тың тәуелсіздігін табандап тұрып қор­ғай­тын Шерхан ағаның бар болғанына шүкіршілік етейік», деген мағынада айтыл­ған сөзі тағы ойымызға оралады. Сол кезде даңқы шиыршық атқан Шерағаң енді алпыстың асуынан асса, ал әбжіл би өріне өскен Әбіш аға әлі жастау екен ғой. Сертке селкеу түсірмеген сенім құдіреті бәрін сыйғызып тұр. Бұл ғасырларда осы әлеуметшіл алыптардың сая­си өмірдегі жүріп өткен қиямет-қайым, ауыртпалығы одан асып түскен жолдары мен қызмет еткен жылдары халықшыл және хас таланттарға тән болғаны хақ.

Тағы бір тарихи дерек. Сөз бен ойдың серкесі, батыл көзқарастың баптаушысы Шераға басқа да адамдармен қатар, олардың арасында сұңғыла саясаткерлер дегендер де болды-ау. Сол 1999 жыл­дың алғашқы күндерінің бірінде Ал­ма­тыда, Республика сарайында ел өмі­ріндегі аса бір саяси оқиғаға байланысты форумда сөз сөйледі. Елімізге елеулі жақсы мен жайсаңдар, жоғары мәртебелі лауазымдағы кісілер мен кілең танымал-таныс әлеумет жиналған форумда Шераға өз сөзін былай бастады: «Біз жақында жазушы, журналист Камал екеуміз Жезқазған жазирасына, қарт Қарсақбай, Ұлытау өңіріне барып қайттық. Мың-сан сайлаушымен кездестік.

Мен қазір тек сол халықтан естігенімді айтамын. Сайлаушылар аманат айтты: – Дүниеге келген жас сәби жетіге жеткен­ше жерден таяқ жейді. Одан кейін шынжау, дімкәс, мешел болмаса жүгіріп кетеді, – деді. – Қазақстан атты жас мемлекет азат­тық алғалы жеті жыл өтті. Жеті жас­тан асқанша Қа­зақ­стан жерден таяқ жеген жоқ. Жем­қорлардан, парақорлардан, қор­қаулардан қорлық көрді, – деді».

Залда отырған мың-сан адам қозғалақ­тап кетті. Әдетте мұн­дай аса жауапты жиында сөйлей­тіндердің сөз мәтінін алдын ала тексеріп, сүзгіден өткізетін аппарат адамдары Құдай ұрғанда сұсты кейіп, ауыр мінезді Шерағаға «Не жаздыңыз, қандай мәселені айтасыз?» деп сұрауға батылы жетпеген болар. Шынында да солай болған... Басқа да ел тілегі айтылды, бірақ бұлай төбеден жай түсіргендей солқ еткізген сөз басы биліктің дәрменсіздігі мен былық-шылығын бетіне шыжғырып басқандай емей, немене?!

Біздің елімізде «Сатылмаған не қал­ды?» деген жазушының жанайқайына іштей тіксініп қалып, міз бақпаған билік пен белгілі бір озбыр топтар, бетімен ке­те бастаған алпауыттар жаппай жеке­шелен­діруде қарапайым халықпен санасуды мүлдем ұмытты, ар-ұятты аяққа бас­ты. Дүниеқоңыздық пен тойымсыздықтан «жарысқа» түс­кендер билікке жаппай келе бас­тады.

Бұл өте қауіпті еді. Қатерлі құ­былыс еді...Тәуелсіздіктің құн­дылықтарына қор­ға­ныш керек еді...

Тоқсаныншы жылдардың басында рухани тоқырау мен адами тозу, бас­бұзар бұзақылық жалқы емес, жалпылай орын алып, атыс-шабыс, ұрлық-зор­лық, мемлекет мүлкін есебін тауып жымқыру, дүниенің бәрін тиын-тебенге сатып жіберу қолында билігі бар парақорлар мен жемқорлар немесе арам ақшасы мол рэкет – аламандардың «дәуреніне» ұласа түскен уақытта газет бетінде өткір сын айтқандарың үшін біреулер атып кетпесін деген жанашыр ескертпені де естіген.

Камал ағамыз оны досына жазған хатында айтады.

Жүрек жұтқан Шераға не десін?! «Әр жерде шыншыл журналистерді атып кетіп жатқаны рас. Қайда барып тығыласың? Шындықтың жолы-қиын жол. Біздің тағдыр Аспан компьютерде жазулы тұр. Қашан, қай жерде, қай сағатта, қай минутта. Ол ноқтадан ешкім қашып құтыла алмайды. Жазмыштан озмыш жоқ!», дейді.

Шындықтың жолы-ең қиын жол, иә, оның азабы мен тауқыметі де аз емес. Сонымен бірге бұқара халықтың өмірі пен қоғамның сауығуы үшін шындық пен адал­дықтың орнығуына аянбай қызмет етуден асқан абырой жоқ.

Шераға өзі басқаратын бұ­қаралық ақпарат құралдары арқылы және өзінің жеке күрескерлігімен қосыла жағымсыз құбылыстарға қарсы аяусыз күресуінен тартынған емес. Құдіретті күш-жігері де, басқа әріптестерінен артықшылығы да осында. Бір сұхбатында ардақты қайраткер: «Менде қамығу деген болмайды. Жүдеп-жадай беретін болсақ, әлдеқашан су түбіне кетіп қалған болар едік. Менде түрлі қиыншылықтармен күресе білу деген ұғым бар. Боркемік болу – кісі сүйер қылық па?» деп жауап береді. Баршаға Шераға болудың бір құпиясы осында болса керек. Оның шығармашылық ізденістері мен қоғамдық қызметі халықтың көз алдында өтіп жатты. Атақты «Қызыл жебе» бес том кітабынан «Ай мен Айша» романына дейін, ең соңғы көркем туындысы «Бір кем дүниесіне» дейінгі аралықта талай-талайғы көсемсөздің, күйіп тұрған тақырыптағы небір сын мақаланың және керемет әдеби жазбаларының авторы – Шерағаның жазған-сызғандарының оқырман­дары еліміз бойынша сол уақытта ең көп болғанын тұлғалық таны­малдығымен және ақиқат сөздің иесі атанған қаламгерлігімен анық аңғартты. Барлық өңірде онымен үндестік танытқан әріптес ізбасарларының қолдауына орайлас белгілі бір қоғамдық орта қалыптасты. Әйгілі саясаттанушы, Парламент депутаты қызметінде де қоғамдық ойлы көзқарастарымен және абыройлы болған Амангелді Айталының: «Қазақ руханиятында Шерхан Мұртазаның ел мен жер, тіл мен дін, әділдік пен шын­шылдық, ұлт мүддесі жолындағы үздіксіз күрескерлік қызметін – нағыз ұлт перзентіне тән ерлік және тарихи еңбек деп бағалауға тиіспіз» деп айтқан пікірін жалпы­елдік мағынада түсінуге болады. Туған елінің табысы мен же­тіс­тіктеріне, қоғамды қуантқан тір­лік­тер мен бастама­ларға қолдау білдіріп, тілектестік танытқан әр­бір адал адам секілді, рас, Шер­аға да өз ойларын толғанып, тағ­ы­- ­­лымды сипатта айтты. Бірақ оның әрдайым зәу билік басында отырғандардың көзінше айтқан ащы ақиқаттарын қоғам ұмыта қойған жоқ. Дүниеқоңыздықтың, тойымсыздықтың құрдымға ке­ті­ретін кесапат екенін ашық ескерт­кеніне біреу сенер, біреу сене қоймайтын аңыз секілді. Әр­кімнің жүрегі дауаламайтын ежелгі әпсаналық ой айтудың дәс­тү­рін сақтаған тұлға қоғамда қа­лыптасқан халықтың сөзін сөйледі.

Шындықтың жебесін Шер­ағаң қоғам тазалығы мен адами адалдықтың ағзасын қорғау жолындағы мақсатына қарай садағынан шірене тартқандай еді: «Жемқор, парақор, ұрылардың кешегі және бүгінгі сұғанақтығы апатқа ұшыраған үйлерді тонайтын мародерлердің, қорқаулардың тойымсыз қараулығына ұқсайды. Олар бәрібір арам жолмен тапқан малдан опа таппайды. Көк Тәңір бәрін көріп тұр. Жазаланады» деп билікке қаратып қалың ой салады.

Бұдан артық, бұдан асып қалай айтуға болады, өзі?!

Бұл аз десеңіз, енді бір шоқ жазбасында: «Адам санасын, құлқын, пейілін түзетуде біздің Үкімет шөп басын сындырған жоқ. Ал оның есесіне теңіздің ар жағынан, бер жағынан келгендер артығымен толтырып жатыр. Теледидар солардың қолшоқ­парына айналды» деп зілбатпан салмақ салған болатын. Мұның алдында әйгілі ел ағасы: – Дәрменсіз болып отырмыз, идеология бізге керегі жоқ дедік. Ал жат елдердің бізге жаппай жұмсап отырғаны идеология. Бір оқ шығармай санаңды, рухыңды, жан-тәніңді, ақыл-ойыңды жаулап алу, сөйтіп, сені құлақкесті құлға айналдырып, мәңгүрттендіріп, ұлтыңды, тегіңді ұмыттырып, дию пішіндес ету идеологиясы, – деп жұртшылықтың көкейіндегі жанайқайын жеткізген болатын.

Биіктік – философиялық қадам. Өмі­рінде биіктікке бас иіп, мойын­даған адам­ның бойында киелі қасиеттер бола­ды. Ол қасиеттер Құдай сүйген адамдарда да кездеседі екен. Сол ойымыздың бір айғағындай, қазақтың аса беделді қайраткер азаматы және көрнекті жазушысы лауазымды қызметі мен жұмысын қоғамдық абыроймен атқарып, енді зейнет­керлікке шыққан бойда «Егемен Қазақ­стан» газеті редакциясының қара­шаңырағына қайта оралған еді. Біз бұл сәтті шамалы хронологиялық тәртібімен бекерден-бекер еске алып отырғанымыз жоқ. «Қа­зақстан» телерадио хабарларын тарату жөніндегі комитеті төрағасы қызметінде де өшпес із қалдырған (жалпы Шераға бұл қызметінде қазақ тілі мен қазақ кадрлары, қазақ тіліндегі хабарлардың басымдығы және әлеуметтік-тұрмыстық әділдік, ұлттық сананы ояту тұрғысындағы күрескерлігі өз алдына үлкен тақырып) қаламгердің сол тұста жанына батқан басқа да жағдайы бар болатын. Асыл жары, өмірлік серігі, балаларының анасы Мәрия әпкеміз сырқат еді...Алаңдаулы еді. Дертке дауа іздеген күндер мен сағаттар, мазасыз түндер өтіп жатты.Тағдырдың жазуына не шара, қолдан не келмек? Өкіндіріп кеткен өмір... Міне, осындай көңіл-күй­ді мұң шалған кезеңде ұлт перзентін ізде­гендер мен қолтығынан демегендер көп болды. Ел газеті редакциясының ұжы­мы дәстүрлі қошеметпен өз ортасына, шығармашылық қызметке шақырды. «Сіз қалың қазаққа, қоғамға керексіз!» деді. Бас редакторы – талантты ақын, қоғам қайраткері, ірілердің інісі Нұрлан Оразалин еді. Бұл жақсы мағынада атынан ат үркетін тұлғаның тағдыры мен өміріне қолдау қадамы құт әкелді. Бір Шерағаның егемендіктің етек-жеңін жинар тұста жазған пуб­лицистикалық мақалалары мен ойлы жазбаларының қуаты тұтас елімізде өміршеңдіктің өжет дауысын­дай естілді.

Дауыс демекші, Шерағаның жаңа елор­даға қоныс аударып кеткен Парламентке депутат болып сайлануына бірден-бір себеп­кер «Егемен Қазақстан» газетін­де жиі-жиі жарияланған өткір, сын мақалалары мен қоғамның әлеуметтік-саяси және мәдени-рухани саласындағы ең өзекті мәселелерді ашық қозғауы мен батыл ой-пікірлері еді. Жан досы, белгілі қаламгер Камал Смайылов екеуінің бас газет бетінде бір жарым жыл бойы жазысқан хаттары мен онда көтерілген күрделі, керекті тақырыптар Қазақстан айнасы болды деуге келеді. Бұл қазақ баспасөзінде ерен тапқырлық және ерлікке тән шығармашылық еңбек болды.

Қасиетті Әулиеата – Жамбыл жұрты, Жаңатас пен Қаратау қалаларындағы өндіріс ошақ­тарының жұмысшылары мен кеншілері Шерағаға ашық хат жазып, ол кісінің Қазақстан Парламенті Мәжілісінің депутат­тығына дауысқа түсуге келісім беруін сұрады. Кезінде жазушының осы екі моноқала кеншілері өмірінен жазылған «Қара маржан» романы Мемлекеттік сыйлықпен аталып өткені де айтылды.

Адалын айтайық, Алматы қаласында тұрып жатқан ағамыз сайлауда басқа да бәсекелестердің аянып қалмайтынын және депу­таттық мандаттың жауап­кершілігі зор екенін шынайы сезініп, едәуір ойланды. Күткеніндей-ақ, төрт ауданнан құралған бір сайлау округінде онымен бір­ге бұрынғы Мәжіліс депутаты, дардай ғалым, танымал жазушы, бақуатты кәсіп­кер, белгілі диктор азамат дауысқа түсіп, бәсекені әбден қыздырды. Дегенмен, бірін­ші турда Шерағаны қолдаушылар дауыс­тың тең жартысынан астамына ие болды.

Міне, еліміздің рухани бет-бейнесін айқындаған тұлғалардың қатарында ерекшеленіп тұра­тын қаламгер-қайрат­кердің Пар­ламентке депутат болып сайлануы шын мәнінде халықтың үнін билікке жеткізуде сертке сай сенімділікті туғызды. Бұл да бір уақыт ыңғайында берілген әдемі саяси мүмкіндік болды. Билікке де ұтымды қадам еді. Алыптардың алтын сынығындай айтулы адамның Парламент қабырғасында отыруы идеологиялық жағынан дұрыс болса, ұлттық мәселе мен әлеуметтік сұрақтар туындағанда азулы депу­таттың адал шешімдерді табан тіреп тұрып алуы көп жағдайда тиісті орындарды жайсыз, ыңғай­сыздыққа апарып тірегендей еді.

Көзі қарақты оқырмандар жақсы бі­леді, қай басылымның да тізгінін ұс­та­ған бойда Шерағаның редакторлық қолтаңбасы атойлап шыға келеді. О, несін айтасыз, бет-әлпеті мен макетіне дейін өзгермейді дейтін «Егемен Қазақстан» газетін басқарған алғашқы күндердің өзінде-ақ бұған дейінгі сықиған қалыпты бұзып, халықтың басылымына айналдырды. Жұрт оны күн сайын асыға күтетін болды. Осы тарихи газеттің ыстық-суығын бір кісідей-ақ көрген тарланбоз журналист Ержұман Смайыл жазғанындай «Тіпті егемендіктің елең-алаңында басқа республикалардан қашып шыққан солдаттардың редакцияны пана тұтып келуінің өзі халық үшін пайдалы іс атқара бастағанымызды танытқандай еді. Соның бәрінің астарында газеттің тәуелсіздік басылымына айналуының бастауында тұрған ұлы редакторымыз Шерған Мұртазаға деген сенім мен құрмет, сүйіспеншілік бар болатын».

Сол 90-жылдың белортасында қиын­дық атаулы аяққа тұсау болып жатқан еді. Бір күні сонау Жаңатас қаласынан он бес шақты жұмысшы мен қоғам белсендісі жаяу жалпылап шығып, шаршап, шалдығып, Алматыдағы аға газеттің бас редакторының кабинетінен бір-ақ шыққан. Талап, тілектері біреу: Кеншілер қаласы – Жаңатаста негізгі өндіріс орнының жұмысы тоқтап қалды. Жағдай өте күрделі. Біздің жанайқайымызға тиісті орындар құлақ аспай отыр. Енді бұл мәселені Шерхан Мұртаза ағамыз қолына алып, Премьер-Министр Н.Балғымбаевтың атына қаратып ашық хат жазуын сұраймыз. Бұл мақала газеттің ертеңгі нөмі­ріне жариялануын талап етеміз. Он­сыз біз бас редактордың кабине­тінен шықпаймыз» деген бұйым­тайларын шегелеп қойды.

Бұл кезде Шерағаң редакцияда дербес шолушы болып қызмет ететін. Аяқ астынан шақырту алған аса сыйлы кісіні есік алдынан күтіп алған жаңатастықтар оны туған әкелеріндей көріп, жапа-тармағай амандасып жатты.

«Ағатай, біз сізге сенеміз. Сіздің жа­зып, айтуыңыз ерекшелікке ие. Жала­қысыз қалған мыңдаған кенші мен жұмысшы шығандап кеткен әлеуметтік және өнді­рістік мәселе енді шешілмесе, темір­жолды жабамыз деп отыр...» деген оқшау пікірлер айтылды. Ертесінде Жаңатас туралы жанайқай мақала газеттің бірінші бетіне жарқ етіп шықты. Авторы белгілі. Бірер күннен кейін Премьер-Министр Жамбыл облысына шұғыл ұшып барды, айқай-шуы басылмай тұрған Жаңатас қаласында қалыптасқан қиын жағдайды өз көзімен көріп, тығырықтан шығудың жолдарын түпкілікті қарастырып қайтты. Мәселенің мәнісі осылай шешілген. Бұл да қарапайым адамдардың ел ішінде жүріп, кімнің кім екенін біліп, соған аманат еткен сенімінен жүзеге асқан іс болатын.

Арлы адамдар көп болса, қоғам да абыройлы болар еді, әрине. Ал таза қоғам мүддесі үшін ащы да адал сөзін айтып, ортақ іске залалын тигізетін теріс, заңсыз әрекеттерден алдын-ала сақтандыруды көздеген ақылман адамдардың әрбір ой-пікірі қашанда құнды және олар естен шықпауға тиіс. Халық «Тура биде туған жоқ» демей ме! Көрнекті жазушының терең де өткір, ашық, көңілге қонымды ой-толғамдарына зиялы қауым да, бас­қа­лар да айызы қанып, қанаттанып, сүйіс­пеншілікпен оқығанда, кей-кейде «Апы­рай, тым қатты айтқан жоқ па екен?» деп үйінде отырып үрейлі болып жүргендер де кездесетін. Дәл тауып айтқанына, бірақ дән риза еді олар. Шарболаттай шыңдалған ұстанымы берік, мемлекетшіл қасиеттері мол Шераға 1996 жылы тасқа басылған бір тұшымды мақаласында: «Әрине, халық төзімді. Бастық барып: «Хә­лің қалай?» десе, «Құдайға шүкір, бұдан жаман күнімізде де шыдағанбыз» деп тәу­басын айтады. Халық төзімді. Бірақ халық төзе береді екен деп тасыраңдауға бол­майды. Халық тымық жатқан мұхит сияқ­ты. Ал бір буырқанса... Құдай оны көрсетпей-ақ қойсын» деп жазды. Саяси элита мен билікке қаратып айтқан бұл қаhарлы ескертпенің әлеуметтік мәнісі өте маңызды, қоғамдық сипаты бөлектеу еді. Шераға ғана айта алған...

Қазір, дәлірек айтсақ, 2022 жылдың бедер-белесінде елімізде ең негізгі құнды­лығы – әлеуметтік әділеттілік болып табылатын жаңа Қазақстан құрудың батыл және бетбұрысты қадамдары жасалып жатқанына куә болып отырмыз. Әсіресе қоғамды тазарту және заң үстемдігін түбегейлі орнатып, халықтың дәулетін ту-талапайға түсірмей, ортақ игіліктерге жұмсау арқылы жаңа, ашық қоғамды өркендету мен экономикалық дамудың бағыт-бағдарын қалың бұқара жан-жақты қолдап, үлкен сенім артып отыр. Жұрттың көптен бергі үміті мен күткені де осы оң өзгерістер жағдайы еді.

Біздің елімізде саяси жаңа­ру мен жаң­ғырту барысында «Мемлекет-Қоғам-Азамат жауап­кершілігі» қағидасының бар­лық уақытта бұлжымайтынын қадағалау аса қажет екені даусыз. Ал мемлекет пен қоғам алдындағы жауапкершіліктің үлкен-кішісі болмайтыны белгілі. Қазақ­тың біртуар перзенті, қаламгерлік пен қайраткерлікті қатар ұстаған Шерхан Мұртазаның ел мен жер, қоғам мүддесі талқыға түскен тағдырлы кезеңдерде ұлттық жауапкершілікті мойнына алып сезінуі мен соған сәйкес атқарған қызметі сөз жоқ, тарихи тұлғалардың дәреже-деңгейінде ойға оралады.

Шерағаң Жаратқан Ие берген саналы ғұмырын, қажыр-қайратын, білімі мен ерен еңбегін егемен елі мен адал қо­ғам мұраты үшін аянбай сарп етті. Шын­­дық үшін күресті. Сол себепті заман­дас­тары оны «Шыңдағы Шерағаң» деп ата­ды. Қазақ әдебиетін дамытуға кере­мет көркем кітаптары арқылы өз қолтаң­басын қалдырып, от-найзағайлы публицистикалық шығармаларымен күллі оқырман­дарын сүйсіндірген және қандай мінберде болмасын, қалың әлеуметтің ақ сөзін сөйлеп, туған халқының жүрегінен орын алған әйгілі адамның өнегесі – қоғам байлығы. Ал рухани мұрасы ендігі жерде таусылмас асыл қазына. Ақиқатында, оның сөн­бес жұлдызды тұғыры Қазақ жұр­тының ұзына бойғы төл тарихы мен мәдени өмірінде ылғи да жарқырап тұратыны анық.

Заңғар Алатау мен қазыналы Қаратау­дың көркі мен төрі болған, ата-бабамыздың абыз шежіре-шаңырағы Мыңбұлақтан (Ағамыз шартарапта болса да «Түсіме күн сайын Мыңбұлақ кіреді» деп жазады емес пе?») шыққан мың жылдық жолаушы сияқты...өшпес із қалдырған.

 

Мейрамбек ТӨЛЕПБЕРГЕН,

Парламент Мәжілісінің депутаты,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері