Қазақта үлкен дау-жанжалдың бірі – жер дауы. Ырыздығын жерден еміп отырған ел бір сүйем жер үшін көршісімен керілдесуге бар. Шыны солай. Бір қызығы, гектар-гектар жерді иемденіп алып, не өзі, не өзге кәдеге жаратпай жатады. Мұны ескерген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев игерілмей жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтару керектігін айтқан. Айта сала Шығыс Қазақстанда жұмыс жүйелі түрде жолға қойылып, арнайы комиссия құрылған. Жақында Amanat партиясының Шығыс Қазақстан облыстық филиалы жанындағы «Жер аманаты» комиссиясының отырысы өтті.
Жерге қатысты маңызды мәселелерді ортаға салатын жиынға «Жер аманаты» комиссиясының мүшелері және тиісті сала басшылары қатысты. Отырыстың күн тәртібінде пайдаланылмайтын және Қазақстан Республикасының заңнамасын бұза отырып берілген жерлерді мемлекеттік меншікке қайтару төңірегінде қабылданып жатқан шаралар туралы және Ұлан ауданында ет өңдеу кешенін салу мақсатындағы жер бөлу мәселесі қаралды.
– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұған дейін пайдаланылмай жатқан жайылымдық жерлерді мемлекет меншігіне қайтару жөнінде нақты тапсырма берді. Бүгінгі күні республика көлемінде ауыл тұрғындары үшін жайылым жердің жетіспеушілігі өте өзекті мәселе. Жайылым мәселесі ұзақ уақыт бойы қордаланып келді. Республика көлемінде аталған мәселені шешу үшін облыстық филиалдардың жанынан «Жер аманаты» комиссиялары құрылып, белсенді жұмыс істей бастады. Біз де бұл жұмысқа лайықты үлесімізді қосамыз деп сенемін, – деді «Жер аманаты» комиссиясының төрағасы, партияның Шығыс Қазақстан облыстық филиалының атқарушы хатшысы Сайрангүл Жұмаділова.
Айта кетсек, Шығыс Қазақстан облысында бос жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтару мақсатында жұмыстар қарқынды жүргізілуде. Бүгінгі күнге дейін облыс көлемінде мемлекеттік меншікке ауыл шаруашылығы мақсатындағы 37,1 мың гектар жер қайтарылды. Бұл да жүйелі түрде атқарылған жұмыстың жемісі.
– Үкімет жыл соңына дейін пайдаланылмай жатқан 5 млн гектар жерді, оның ішінде Шығыс Қазақстан облысы бойынша 100 мың гектар жерді мемлекет меншігіне қайтару міндетін қойды. Шығыс Қазақстан облысының жаңа шекараларындағы қалалар мен аудандардың жергілікті атқарушы органдары 19,6 мың гектар пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы алқаптарын анықтады, – дейді ШҚО Жер қатынастары басқармасының басшысы Надежда Михейлис.
Аталған цифрды тарқатып айтар болсақ, мемлекеттік меншікке қайтарылған жердің 4,3 мың гектары – жер учаскелерін жалдау шарттарын бұзу жолымен қайтарылды. 15,4 мың гектар – материалдық және мемлекеттік бақылау жүргізу үшін Жер ресурстарын басқару департаментіне қарауға жіберілді.
Сонымен қатар Qoldau веб-порталында цифрлық мониторинг арқылы облыс бойынша 586,4 мың гектар пайдаланылмайтын және ұтымсыз пайдаланылатын жерлер анықталды. Оның ішінде 12 мың гектары мемлекеттік меншікке қайтарылды. Ескерту жұмыстарынан соң 185,6 мың гектар жерді иелері пайдалануға кірісті. 94,6 мың гектар жерге мемлекеттік бақылау жүргізу үшін тиісті құжаттары Жер ресурстарын басқару департаментіне жолданды. Бұдан бөлек, цифрлық мониторинг арқылы облыс бойынша 760,5 мың гектар пайдаланылмай жатқан жайылым анықталды. Бұл жерлер де бүге-шігесіне дейін тексеріледі.
2021 жылы веб-порталда 19 мың га пайдаланылмайтын егістік жер анықталды, оның ішінде 0,2 мың га алаңда жер пайдаланушылар пайдалануға кірісті, 18,8 мың га бойынша материалдар ЖАО-да жұмыста.
ШҚО Жер қатынастары басқармасының басшысы Надежда Михейлистің мәліметінше, биыл «Ғарыш Сапары» веб-порталында 78,9 мың гектар пайдаланылмайтын егістік жер анықталды.
Рас, игерілмей жатқан жерлерді анықтау, оны қайтару мақсатында атқарылған жұмыстар аз емес. Жұмыс жүргізілмесе, облысы бойынша мемлекеттік меншікке ауыл шаруашылығы мақсатындағы 30,3 мың гектар жер қайтарылар ма еді?! Әлбетте, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес бұл жұмыстар жалғасын таба бермек. Комиссия мүшелері тұрақты негізде жерді қайтару мәселесі бойынша партияға түскен өтініштерді қарап, заң аясында нақты ұсыныстар әзірлеп, «Жер аманаты» республикалық комиссиясына ұсынып отыратын болады.
Отырыстағы екінші мәселе, Ұлан ауданында ет өңдеу кешенін салуға жер бөлу еді. Бұл орайда ет өңдеу кешенін салуға ниетті инвесторлар Борсақ ауылын тиімді деп таныған. Ол туралы «Жер аманаты» комиссиясының отырысында Ұлан ауданының әкімі Ренат Құрманбаев мәлімдеді. Алайда аталған кешенді салуға бірқатар азамат қарсылық білдірген. Себебі ет өңдеу деп, жауырды жаба тоқығымыз келіп отырғаны – шошқа фермасы. Сондықтан да қарсылық білдіргендер болған.
– Ет өңдеу кешенін салуды қолға алмақ болған инвесторлар Борсақ ауылын тиімді деп отыр. Өйткені бұл ауылды жанап темір жол өтеді. Айта кетсек, ет өңдеу кешенінен аудан бюджетіне түсетін табыс мол болмақ. Қарсылық білдіріп жүрген азамат Борсақ ауылында тұрмайды. Басқа жақтан келген, – дейді Ұлан ауданының әкімі Ренат Тілеуханұлы.
Айта кетсек, Ұлан ауданында ет өңдеу кешенін салу үшін 80 гектардан 5 учаске бөлінген. Құрылыс жұмыстары әлі басталған жоқ.
Шығыс Қазақстан облысы