Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауы «Әділетті Қазақстан» құру жолындағы тағы бір үлкен қадам екені сөзсіз.
Бұл бастау алған саяси өзгерістердің жалғасы. Сондай-ақ Президенттің сөзі мен ісі бір жерден шығатынының айқын дәлелі. Мұның бәрі еліміздегі реформалар бағытының дәйектілігін және оның елдегі демократияны нығайтуға бағытталғанын көрсетеді. Ең бастысы, Жолдауда қазақстандықтарды қазіргі күндері толғандырып отырған ең өзекті сауалдарға нақты жауап берілді.
Баршаға аян, кең-байтақ еліміздің оңтүстік-шығыс шебіне қоныс тепкен біздің аудан – негізінен аграрлық аймақ. Сондықтан Жолдауда ауыл шаруашылығына байланысты атап көрсетілген мәселелер айрықша назар аудартты. Яғни бұл бағытта ұсынылған барлық реформа – саланың жаңа жағдайда дамуына тың серпін беретін прогрессивті әрі уақтылы шаралар деп санаймыз. Шын мәнінде, игерілмеген жерлерді қайтару, су ресурстарының жетіспеуін азайту, жолдарды жөндеу – ең көкейкесті мәселелер. Ал ауылдардағы медицинаны дамыту нағыз шешімін күтіп тұрған сала болатын. Мұны да шешу жолын Мемлекет басшысы мүлтіксіз көрсетіп берді.
Сонымен қатар әлеуметтік-экономикалық саланы дамытуға да айрықша назар аударылды. Әсіресе әлеуметтік саладағы азаматтардың мүддесі жан-жақты қорғалуы үшін бірқатар бағалы бастама көтерілгені баршамызды қуантты. Әйелдердің зейнет жасын өзгерту мәселесін оңды шешіп, 2028 жылға дейін 61 жас деңгейінде қалдырғаны әйелдердің көңілінен шықты. Ана мен бала мәселесіне жете көңіл бөлініп, бала күтімі үшін төлемақы сәби бір жарым жасқа толғанға дейін төленетіні де аса маңызды шара. Ал Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50 пайызы балалар кәмелет жасқа толғанға дейін олардың арнайы шотына түсіп тұратыны тіптен тәнті етті. «Қазақстан халқына» қоры арқылы әлеуметтік әлсіз жандарға көмек көрсетілетіні де әлеуметтік әділдік пен теңдікті орнатудың бір құралы екені даусыз. Үкіметке жастарға арналған жаңа 100 мың жұмыс орнын ашуды, оларға өз кәсібін ашу үшін 2,5 пайыздық жеңілдетілген несие беруді тапсырғаны – жастарымыздың мықты маман, іскер кәсіпкер болуына жол ашады деп ойлаймыз.
Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»
Жалпы, көптен күткен бұл Жолдауда мемлекетіміздің дамуына, халқымыздың әл-ауқатын жақсартуға қатысты ең маңызды мәселелер түгел қамтылып, оны орындауға байланысты нұсқаулар нақты атап көрсетілді.
Марат САҒЫМБЕК,
Панфилов ауданының әкімі
Жетісу облысы