Шымкент қаласының туризм және сыртқы байланыстар басқармасы негізінен төрт бағытта жұмыс істейді. Оның біріншісі – туризмді дамыту. Екінші – маркетингті ілгерілетуі. Үшінші бағыт – сыртқы байланыстар. Және ең соңғысы – креативті индустрия. Бұл қызмет аталған басқармаға жуырда ғана қала әкімінің тапсырмасына сәйкес қосылды. Бүгінгі таңда Шымкент қалалық мәслихаты басқарма атауын өзгерту бойынша шешім шығарып қойды. Тіркеу жұмыстары аяқталған соң басқарма атауы өзгереді. Енді туризм, сыртқы байланыстар және креативті индустрия басқармасы болып аталады.
Шымкентте туризмді дамыту мақсатында қаладағы инфрақұрылымдарға мониторингтік жұмыстар жүргізіліп жатыр. Яғни сырттан турист келгенде қандай жерлерге барады? Осы мәселеге алдымен көңіл бөлінуде. Мегаполисте жүзге жуық туристік нысан бар. Соның ішіндегі ең маңыздысы әрі шоқтығы биігі ол – цитадель. Яғни ескі қала аумағындағы бұрынғы қалпына келтірілген қорған ғимараты. Тарихи құндылығына орай ол әлеуметтік желілерде басқа да жарнамалық құралдар арқылы насихатталып отырады. Содан соң қаланың мақтанышы саналатын дендрологиялық саябақ бар. Ол жерде тал-теректің, ағаштардың 500-ден аса түрі өседі. Саяхатшылар Бәйдібек би ескерткіші мен соның айналасындағы демалыс орнына да көп келеді.
Осыған орай Шымкент қаласында туризм сұранысқа қарай бірнеше бағытқа бөлінген. Мәселен, кейбіреулер киелі орындарға барғанды қалайды. Осы ретте басқарма Өзбекстан Республикасымен туристік байланыстарды жандандырып жатыр. Малайзия, Тайланд елінен Өзбекстанның тарихи жерлерін аралауға жыл сайын миллиондаған турист келеді екен. Өз кезегінде жергілікті әкімдік сол саяхатшыларды бізге қарай бұру мақсатында жұмыс істеп жатыр. Сол үшін де киелі орындарға саяхат Оңтүстіктен бастау алады деген ұғымды қалыптастыру бағытында тиісті жұмыстар қолға алынуда. Мәселен, Қожа-Ахмет Ясауи бабамыздың кесенесі Түркістан қаласында орналасса, оның ата-анасы Ибрагим ата мен Қарашаш ананың қабірі – Шымкент қаласына кіретін Сайрам тұрғын алабында. Яғни зиярат етушілердің көбі алдымен Сайрамға келеді, сосын бабамыздың ұстазы Арыстан бабқа барады, содан соң Түркістанға жол тартады.
Әкімдік өз тарапынан өзбек ағайындарға осы сакралды туризмді бірге дамыту бойынша ұсыныс беріп отыр. Мұндағы мақсат – егер туристер тарапынан қызығушылық болып жатса, Шымкент қаласында балама ретінде саяхаттау нысаны ретінде ұсыну. Осыған байланысты басқарма зиярат етушілерге барлық жағдайды жасауға дайын. Мәселен, тегін гид беріледі. Осы арқылы шетелден келетін туристер ағымын көбейтуді жоспарлап жатыр.
Одан бөлек те туристердің саяхаттау нысанына байланысты әртүрлі сұраныстары болады. Оған, айталық, экстремалды туризмді жатқыза аламыз. Осы ретте қала іргесінде Бүркіт спорт ұйымы қызмет көрсетеді. Ол жерде мәселен, парашютпен секіруге болады. Сонымен бірге картинг бар. Сондай-ақ қала ішін аралау, балалар туризмі секілді бағыттар қосылған.
Биыл 1 қаңтардан бастап туризмді дамыту бағытында елімізде арнайы бағдарлама іске қосылды. Ол бойынша егер сіз Қазақстан ішінде кемінде 5 күн саяхат жасайтын болсаңыз және өзіңізбен бірге балаларыңызды алып жүрсеңіз, 17 жасқа дейінгі барлық балаңызға да әуе билеттері тегін. Бірақ сіз бүтін туристік маршрут сатып алуыңыз керек. Мәселен, Шымкентке келсеңіз, кемінде 5 күн түнеу керексіз. Жататын қонақүй, баратын нысандар туристік оператор арқылы белгіленеді. Осы кезде ғана мемлекет әуе билетіне субсидия жасап береді. Сондықтан басқарма осы бағдарлама арқылы келетін туристердің балаларына арнап қызықты нысандарды әзірлеп жатыр.
Шымкентте сонымен қатар медициналық туризм де ерекше қанат жайып келеді. Мәселен, осы күні жан-жақтан, тіпті шетелдерден Шымкентке келіп емделуді қалайтын науқастар саны арта түскен. Жүрек-қан тамырлары ауруларын емдеу, онкологиялық кеселдермен күресу, басқа да күрделі оталар жасау, соның ішінде трансплантология бойынша республиканың үшінші мегаполисі оқ бойы озық келеді. Медициналық туризмнің жарнамасын күшейту мақсатында бүгінде арнайы буклеттер әзірленген. Онда Шымкентте медицинаның қай саласы ерекше дамығаны, тіпті сол салада қандай білікті дәрігерлер бар екені туралы нақты мағлұматтар берілген.
Білім туризмін де ерекше атап өтуге болады. Осыған сәйкес қазіргі уақытта шетелдермен тығыз байланыста жұмыстар қолға алынып жатыр. Мысалы үшін Шымкенттегі медициналық жоғары оқу орнында бүгінгі таңда 1 200-ден аса үндістандық студент оқиды. Сонымен бірге басқа да оқу орындарында әртүрлі елдерден келген шетелдік студенттер білім алуда. Осы қарым-қатынасты ілгерілету мақсатында білім туризмін дамытуға айрықша көңіл бөлініп отыр. Көбінесе шетелдік студенттерді Шымкенттегі оқу орындарының бағасы мен осындағы жайлы орта қызықтырады.
Қалада туристерді жайғастыратын 140 орналастыру орны бар. Оның 28-і – қонақүй. Шымкент бір күнде 10 мыңға жуық саяхатшыны қабылдай алады. Халықаралық стандартқа сәйкес бес жұлдызды «Риксос Хадиша» қонақүйін айрықша атап өтуге болады. Одан бөлек «Қайнар» қонақүйі де қазақстандық стандарт бойынша бес жұлдызды қонақүй санатына жатады. Сондай-ақ төрт, үш, екі жұлдызды және санаты жоқ қонақүйлер де бар.
Шымкентте туризмді өркендетудің, алдағы даму бағыттарын айқындайтын тұжырымдамасы әзірленіп, ол таяу уақытта жергілікті әкімдік тарапынан бекітіледі. Тұжырымдамада қаланың туристік әлеуеті жан-жақты сараланады. Соның ішінде туристік инфрақұрылымды қолға алу бойынша жоспарлар белгіленеді. Мұндағы басты мақсат Шымкентке қыдырып келген туристің қалада аралап көретін мәдени-танымдық, серуен құратын қызықты орындары көп болуы қажет. Мегаполис республиканың оңтүстігінде орналасқандықтан қалада шуақты күндер көп болады.
Ескеретін бір жайт, Өзбекстанға келетін ең көп туристердің ішінде Қазақстан бірінші орында тұр екен. Ал біздің елімізде ресейлік туристердің басқалардан қарағанда саны басымдау. Сосын Өзбекстан мен Түркия елдерінен келетіндер саны көп. Ресми статистикаға көз жүгіртсек, өткен үш айда Шымкентке саяхаттаған азаматтар 94 мың адам болған. Алты айлық көрсеткіш бойынша 214 мың адам мегаполиске турист ретінде ат ізін салған. Мәліметті тарқата түссек, осы алты айдағы туристердің 14 мыңы шетелдіктер болды. Қалғанын ішкі туризмнің үлесі алып отыр. Яғни Шымкентке саяхат жасайтындардың басым бөлігі – республиканың түкпір-түкпірінен келетін өзіміздің отандастар.
Сондай-ақ төрт халықаралық әуе рейсі арқылы Мәскеумен, Түркияның екі қаласы Анталья, Ыстанбұлмен және Грузияның Кутаиси қаласымен тікелей байланыс орнатылған. Ендігі жерде Анкара қаласына бесінші тікелей әуе рейсі ашылғалы отыр. Сонымен бірге чартерлік рейстер арқылы Мысыр, Сауд Арабиясы, Біріккен Араб Әмірліктері елдерімен де туристік байланыс нығайып жатыр.
Шымкентте миллионнан аса халық тұрады әрі тұрғындар қалада өте тығыз орналасқан. Ал мегаполистің 500 шықырым айналасындағы халық саны 5 миллионға жетеді. Мың шақырым радиуспен есептесек халық саны 10 миллионға шығады. Оның ішінде Ташкент қаласының да тұрғындары бар. Жергілікті әкімдік туристік белсенділікті арттыру үшін осыншама халықты қызықтыратын республика көлемінде ең ауқымды аквопарк салуды ойластырып отыр. Осыған байланысты Бадам су қоймасы маңынан арнайы жер аумағы айқындалып, оған баратын айналма жол салынып жатыр. Енді жаңа аквопарктің тұжырымдамасы әзірленеді. Ол бойынша аквопаркте қонақүйлер, отбасымен демалып, көңіл көтеретін орындар, балалар ойнайтын аттракциондар, түрлі сауда орталықтары болуы шарт. Қосымша инженерлік-коммуникациялық жүйелерге қосылатын нүктелер анықталды. Ендігі қалғаны – әлеуетті инвесторды табу. Егер инвестор аквопарк жобасын қолға алуға келісімін беріп жатса, әкімдік те өз тарапынан тиісті деңгейде қолұшын беруге әзір. Бүгінгі таңда жобаны бастап кетуге 3-4 инвестор дайын отыр. Сонымен бірге әкімдік жергілікті кәсіпкерлермен де тиісті келіссөздер жүргізіп жатыр.
Одан бөлек қаладан туристік нысандарға баратын жол сілтегіштер қойылады. Және де Сайрам тұрғын алабынан 4 ақпараттық табло орнатылады. Таблода туристке керекті бүкіл мәліметтер жарияланады. Мәселен, турист осы нұсқамадан қай жерде жақын аурухана, полиция бекеті және сейіл құратын немесе зиярат ететін қасиетті орындар бар екенін оқып біле алады.
Бүгінгі таңда қаланың Шымкент сити аумағынан халықаралық деңгейдегі брендті 2 қонақүйді салу бойынша және брендті қонақүйлерді мегаполиске тарту жағынан тиісті жұмыстар қолға алынуда.
«Туризмді ілгерілетудің бірден-бір көмекшісі – ол маркетинг, яғни жарнама. Өз мүмкіндігін басқа біреулерге көрсете алған кәсіпкер сырттан туристерді өзіне шақыра алады. Егер әлеуметтік желілерге видеомен көрікті бір жердің қандай керемет екені көрсетілсе, адамдар шынымен сонда баруға талпынады. Сондықтан маркетинг, жарнамалау туристік салада өте үлкен рөл ойнайды. Өйткені адам жақсы бір жерді алдын көріп, естімеген болса, оны қайдан білсін. Сондықтан алдын ала жасалған жоспарымыз бойынша шетелдегі және барлық ішкі туризм бағытындағы туроператорларға біздің әлеуетімізді көрсететін әртүрлі жарнамалық өнімдер ұсынамыз. Олар соны өздерінің тұтынушыларына жеткізіп, нәтижесінде Шымкент қаласында туристерге арналған қандай көрікті нысандар бар екенін жұрт біліп жүретін болады», дейді Шымкент қалалық туризм және сыртқы байланыстар басқармасының басшысы Ерлан Қыдыров.
Шымкент қаласы мен Түркістан облысының туристері бір-біріне өте жақын, ал қала мен облыстағы туристік нысандар екеуіне де ортақ дүние болғандықтан басқарма аталған өңірмен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жүргізуде. Сондықтан Сарыағаш секілді бүкіл елге танымал шипажайлар жарнамасы Шымкентте де жасала береді. Ресми дерек бойынша бір турист Шымкентте 35 мың теңге жаратады. Сонда жоғарыда айтылған 6 айлық көрсеткіш бойынша Шымкентке келген 214 мың туристер санын 35 мың теңгеге көбейтсек, 7,4 млрд теңге шығады. Туристер ең кемі қалада 1 күннен 5 күнге дейін саяхаттайды. Сонда орта есеппен 2 күнді алсақ, жарты жылда қала экономикасына 14 млрд теңгеден астам табыс кіріп тұр. Ол тікелей бюджетті толтырмаса да осы салада қызмет көрсетіп жатқан қонақүй, такси, ойын-сауық орталықтары секілді кәсіпкерлік нысандардың пайдасына кенелді. Дей тұрғанмен олардан алынатын салық есебінде бюджеттің де бүйірі томпаятыны анық. Сонымен бірге бүгінгі таңда туризм саласында 30 мыңға жуық адам еңбек етіп, нәпақасын тауып жүр.
Маркетингті қолға алу аясында оқиғалы туризм де өркендейді. Шымкентті көпшілік бір жағынан басқа өңірлермен салыстырғанда тамағының арзандау әрі дәмді екенімен көбірек таниды. Мегаполис гастрономиясын насихаттау мақсатында осы жылы тұңғыш рет наурыз «Дәмдәстүр» атты ауқымды іс-шара ұйымдастырылды. Осы іс-шара аясында қаладағы барлық белгілі дәмханалар мен желілік тамақтану орталықтары өздерінің өнімдерін келушілер назарына ұсынды. Сол кезде «Дәмдәстүрден» дәм ауыз тиюге қаланың 20 мыңға жуық халқы жиналды. Оқиғалы туризм деп міне, осындай іс-шараларды айтады. Осылайша, ел тұрғындары арасында Шымкент – республиканың гастрономиялық орталығы деген ұғым қалыптасса, екінші жағынан бұл да жергілікті бизнес үшін үлкен қолдау болып саналады. Ендігі ретте «Дәмдәстүр» жылда ұйымдастырылатын мерекелік дәстүрлі іс-шара айналмақ.
Сонымен бірге өткен жылы жастар арасында республика бойынша алғаш рет мобилография фестивалі өткізілді. Мұнда да көзделген жалғыз мақсат біреу ғана – туристік саланы дамыту үшін оның іргетасы болар маркетингті ілгерілету. Мобилография дегеніміз әдемі видео түсіріп, әлеуметтік желіде жариялауды айтады. Осы кәсіпті меңгерген жас өзіне қосымша жұмыс тапса, екіншіден қаланың көрікті жерлерін телефон камерасының объективіне іліндіреді. Фестивальды ұйымдастырудағы екінші мақсаттың бірі міне, осы болды. Сол іс-шараға шақырылған 17 өңірдің 14-інен жастар келіп қатысып кетті. Сол қатысқан жастардың 70 пайызға жуығы – Шымкент қаласына бірінші мәрте келгендер. Бас жүлдеге Iphone 13 Pro Max ұялы байланыс телефоны қойылды. Айта кету керек, бұл фестивальда ешкім жүлдесіз қалған жоқ. Орын алмағандардың өзіне іс-шараға қатысқаны туралы арнайы сертификат берілді. Фестиваль қала тұрғындарына ерекше ұнады. Тіпті республика көлемінде танылып, екі айдан соң дәл осындай байқауды Алматы қаласы да өткізді. Бүгінгі таңда белгілі продюсер Нұрлан Қоянбаев Шымкенттен бастау алған бұл бастаманы іліп әкетіп, өзінің қоры арқылы республика бойынша фестивальды ұйымдастырып жатыр. Дегенмен биылғы екінші іс-шара алдағы уақытта Шымкент қаласында Нұрлан Қоянбаевтың қатысуымен тағы да өткізіледі.
Басқарма атауының сыртқы байланыстар болуының себебі, мекеме Шымкенттің әсіресе туризм саласындағы сыртқы байланыстарына да тікелей жауап береді. Өткен жылы осы мақсатқа орай басқарма мамандары шетелдерге шығып, мегаполисті алыс елдерге таныстырып, сол жақтың бизнес өкілдерімен, туристік операторларымен келіссөздер жүргізіп қайтты. Сондай-ақ қолға алынған тағы бір мемлекеттік бағдарлама туралы айтсақ, елге алып келген әрбір шетелдік турист үшін мемлекет 15 мың теңге субсидия төлейді. Бұл да болсын отандық туризмнің дамуына серпін берері сөзсіз. Қазірдің өзінде жергілікті туроператорлар осы мемлекеттік көмекті алу аясында туристік әлеуетті көтереміз деп білек сыбана іске кірісіп жатыр.
Өткен жылы Дубайдағы ЭКСПО кезінде Шымкент қаласының күндері өткізілген болатын. Араб елінде Шымкенттен барған үлкен делегация іскерлік кездесулер ұйымдастырып, әлемнің 120 мемлекетіне Шымкенттің туристік әлеуеті таныстырылды. Біріккен Араб Әмірліктерімен жылы қарым-қатынас орнатудың арқасында мегаполис тарихында алғаш рет БАӘ-нің бас консулдығы Шымкенттен ашылғалы жатыр. Осыған дейін Бас елшілік елордада, ал бас консулдық Алматы қаласында болатын. Өз кезегінде БАЭ бас консулдығын Шымкенттен ашуды ұйғарған. Осы жұмыстардың аясында қаладағы әуежай маңынан консулдық ғима- раты таңдап алынды. Бас консулдықта алдағы уақытта 11 дипломат жұмыс істейді. Осы бастаманың нәтижесінде Шымкентке алдымен тікелей әуе рейсі ашылады. Сосын оның артынан туристер легі басталады. Келетін жаңа инвестицияларды да ұмытпау керек. Соның арқасында мәдени байланыстар жаңғырып, рухани қарым-қатынастар күшейеді. Осы ретте әкімдік басқа да елдердің бас консулдықтарын Шымкенттен ашу жөнінде тиісті ұсыныстар әзірлеп жатыр.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жуырдағы Әзербайжан астанасы Баку қаласындағы ресми іссапары аясында Шымкент күндері ұйымдастырылды. Баку төрінде қазақтың ақшаңқан киіз үйлері тігілді. Шымкенттің опера және балет театрын басқарып отырған елге танымал әнші Майра Мұхамедқызы сонда өнер көрсетті. Шымкенттен шыққан веоленчелист Бағжан Октябрь де өз өнерін туысқан ел әзербайжан халқының алдында паш етті. Қос Президент те Шымкенттің мәдени концерттік бағдарламасына арнайы келіп қатысты. Сондай-ақ Қазақстан бойынша алғаш рет ашылған «Сандық» ұлттық мейрамханасы өзінің қазақы дәстүрмен әзірлеген тағамдарын қонақ боп келген қос Президентке де арнайы ұсынды. Осы Шымкент күндері аясында әзербайжандық туроператорлармен және бизнес өкілдерімен іскерлік кездесулер ұйымдастырылды. Онда мегаполистің туристік және инвестициялық мүмкіндіктері жан-жақты баяндалды. Осы орайда 27 қыркүйек Халықаралық туризм күніне орай басқарма арнайы іс-шара ұйымдастырғалы жатыр. Оған шақырылған әзербайжандық әріптестер аталған іс-шараға қатысуға зор қызығушылық танытып отыр. Туристерді шақыру мақсатында ұйымдастырылған түрлі презентациялардың көздейтін мұраты сол іс-шараны өткізуге бюджеттен 1 теңге жаратылса, артынан келетін туристердің есебінен ол мемлекетке 20-30 теңге пайда ретінде қайтады.
Шымкент 11 қала, 10 елмен бауырластық қатынас орнатқан. Соның ішінде Түркияның 3 қаласы бар. Мұнда тек бауырластық байланыстар орнап қана қоймай, сонымен бірге Шымкенттің іскерлік әлеуетінің артуына да зор септігін тигізіп отыр. Кабинетте отырғаннан іс бітпейтіні белгілі. Сондықтан басқарма көбінесе шетелдік туроператорларымен тікелей кездесуге өздері бастап шығады. Және жай ғана презентация өткізіп қайтпайды. Сол жерде туроператорлармен келісімге келіп, Шымкентке туристерді тартады. Басқарма сол арқылы қала экономикасына қосымша табыс түсуін және туристік бизнесте нәпақа тауып жүргендердің жұмыс орындарының сақталуын көздейді.
Шетелдерде туроператорлық қызмет жақсы дамыған. Бұл үрдіс біздің елде де енді-енді жанданып келеді. Яғни турист бір жерді аралап қайту үшін алдын ала турмаршрут сатып алады. Бұрын адамдар бір қалаға жетіп алып, сосын қонақүй іздеп жүретін. Ыңғайлы сервис шетелде әлдеқайда аяққа ерте тұрып қойған. Сондықтан осы үрдіс бізде де кең етек жаю үшін жоғарыда аталғандай, балаларға тегін әуе билеттерін ұсынатын мемлекеттік жеңілдіктер әдейі қарастырылып отыр. Сонда адамдар саяхаттаған кезде тек туроператордың дайын қызметіне сүйеніп қыдыруды үйренеді.
ШЫМКЕНТ