Атырау облысында жыл басынан бергі сегіз айда 11 333 сәби дүниеге келген. Оның ішінде 114 егіз бар. Былтырғы осы кезеңде 109 егіз жарық дүние есігін ашқан. Ал үшемнің өмірге келуі биыл алғаш рет тіркеліп отыр.
Үшемнің анасы – Аянгүл Сәбитова. Оның отбасындағы бір баланың қатары үшеммен толықты. Бір құрсақта жетілген үш ұлдың екеуінің салмағы – 1 кило 800 грамм, үшіншісі – 2 кило 200 грамм.
– Қазір жас ананың да, нәрестелердің де жағдайы жақсара бастады. Үшем анасының қасына жеткізілді. Жас анаға нәрестелерді күтіп-бағуға, ем-дом жасауға арнайы медбикелер көмектеседі. Сәбилер перзентхана дәрігерлерінің бақылауына алынып отыр. Әзірге үйге қашан шығатыны белгісіз, – дейді перинаталды орталық бөлімшесінің меңгерушісі Түрлен Бегеева.
Жас анаға жүктіліктің 34-аптасында кесарь тілігі арқылы операция жасалған. Шұғыл операцияға орталық директорының орынбасары, акушер-гинеколог Асқар Кенжеғалиев жетекшілік еткен.
Атырау облысы