• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Елорда 12 Қыркүйек, 2022

Елордада бұқаралық спорт дамып келеді

242 рет
көрсетілді

Нұр-Сұлтан қаласы бойынша Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Самат Жылқыбаев елордадағы бұқаралық спорттың жағдайы жөнінде айтты, деп хабарлайды Egemen.kz елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында, сондай-ақ бұқаралық спортты дамытудың басымдығын ескере отырып, дене шынықтырумен және спортпен шұғылданатын азаматтардың санын арттыру мақсатында Нұр-Сұлтан қаласында арнайы бағдарламалар мен түрлі жобалар өткізу жоспарланған.

Қалалық Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы спорт бағытында қолға алынған іс-шаралар жөнінде толығырақ айтып берді.

«Қолжетімді спорт» жобасы 2021 жылдың желтоқсан айының соңына дейін жалғасып, 20 мыңға жуық елорда тұрғынын қамтыды. 2022 жылдың сәуір айынан бастап аталған жоба қайтадан қолға алынды. Аталған жоба елорда тұрғындарын спорттың 5 түріне баулиды. Жобаға білікті нұсқаушылар мен жаттықтырушылар жұмылдырылды. Олар қала саябақтары мен тыным бақтарында сабақ өткізеді. Жоба 2022 жылдың желтоқсан айының соңына дейін жалғасады. Қала тұрғындары үшін скандинавиялық жүріс, жүгіру, каратэ, үстел теннисі, фитнес және йога сияқты спорт түрлері қолжетімді болады», деп атап өтті басқарма басшысы.

Спикер брифинг барысында AulaFit жобасы жайлы ақпарат берді.

«2020 жылғы 25 мамырдан бастап Нұр-Сұлтан қаласында #AulaFit бағдарламасының пилоттық жобасы құрылып, іске қосылды. Тұрғын үй кешендерінің тұрғындары спортпен қадамдық қолжетімділікте, сондай-ақ тегін негізде айналыса алады. Аға буын, жастар мен балалар күн сайын спортпен шұғылданады, бос уақыттарын, демалыстарын қызықты және пайдалы өткізеді, психологиялық қолдау алады», деді Самат Жылқыбаев.

Оның айтуынша, елордада «Asar Joly» акциясы да өтіп жатыр.

«Осы бағдарламалар аясында елордада футбол, стритбол сияқты спорттық ойын түрлері бойынша аула лигалары өткізілді. Сонымен қатар халықтың спортпен шұғылдануына да барлық жағдай жасалынған. Нақтырақ айтсақ, қалада 18 спорт кешені, 1500 және одан да көп орындық трибунасы бар стадион, 27 бассейн, құрама командаларды дайындау орталықтары және сол сияқты 44 теннис корты бар. Бүкіләлемдік пандемияға байланысты спорттық іс-шаралардың тоқтатылғанын ескере отырып, елорда тұрғындарының спортқа деген қызығушылығын арттыру мақсатында әр ай сайын жүгіру және веложүгіруден онлайн жарыстар ұйымдастырған едік. Қала тұрғындары өздеріне қолайлы уақытта, кез-келген саябақта жүгіріп, қорытындысымен «Страва» қосымшасы арқылы бөлісе алады», деді әкімдік өкілі.

Айта кетсек, қала тұрғындары мен қонақтары асыға күтетін, қалыптасқан дәстүрлі спорттық шаралар да өткізіліп келеді. Мәселен, дзюдодан Азия чемпионаты, «Қазақстан Барысы» республикалық турнирі, садақ атудан халықаралық турнир, бүркітшілердің халықаралық турнирі, футболдан «Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің кубогы» республикалық турнир, елорда күніне орай өтетін бәйге түрлерінен жарыс, бұқаралық велошеру және қысқы маусымдық жарыстар, гимнастикадан республикалық чемпионат, жасөспірімдер арасында еркін күрестен Ж.Үшкемпіров атындағы халықаралық турнирі, «Бұрқасын» қысқы фестивалі, триатлоннан Азия чемпионаты, «Қысқы триатлон» жарысы, жеңіл атлетикадан халықаралық турнирі, т.б.