• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Руханият 12 Қыркүйек, 2022

«Қордайдың қоңыр құлжасы»

380 рет
көрсетілді

Ес білгелі ел ішінде жү­ріп, бірде Қордай, бірде Таразда тұрып, қазақ әдебиетінде өшпес образдар қалдырған жа­зушы Несіпбек Дәутай­ұлы­ның ортамыздан кет­кеніне, бақиға көшке­ні­­не де жыл толды. Шерхан Мұртазаның өзі «Қор­дайдың қоңыр құлжа­сы» деп атаған қалам­гер рухы­на арналған дөң­гелек үстел отырысы Нес­кеңнің туған жерінде өтті.

Кездесуге Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ұлықбек Есдәулет, облыс әкімінің орынбасары Еркін Үйсімбаев, қаламгерлер Жұмабай Шаштайұлы, Жүсіпбек Қорғасбек, Қасымхан Бегманов, Маралтай Райымбек­ұлы бастаған өзге де азаматтар қатысты. Дөңге­лек үстел отырысын республикалық жалпыұлт­тық «Egemen Qazaqstan» газетінің әдебиет және өнер бөлімінің меңгерушісі, ақын Ерлан Жүніс жүргізіп отырды.

Басқосуға қатысқан қаламгерлер қауы­мы «Қордайдың қоңыр құлжасы» тақы­ры­бымен өткен жиында жазушы туралы есте­лік­те­рімен бөлісіп, ұсыныстарын айтты. Олар Несіпбек Дәутайұлы өмірінің соңына дейін «Жамбыл» республикалық әдеби журналын шығарып отырған, «Айғыркісі», «Құдірет пен қасірет», «Батыр», «Кісі иесі», «Шал» секілді өзге де ғажап туындыларын жазған кабинетті қаламгердің музей-үйі ретінде сақтауды сұрады. Сондай-ақ «Жамбыл» республикалық әдеби журналын әрмен қарай шығару қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар қаламгерлер Тараз төрінде жазушының орындықта отырған бейнесі орнатылса деген тілектерін де жет­кізді. Жоғарыда қаламгерге Шер­ағаның «Қордайдың қоңыр құлжасы» деп ат қойғанын айттық. Биыл Шерағаның 90 жылдығына орай Тараздағы «Жамбыл» даңғылының бойында Шерхан Мұртазаның ескерткіші бой көтереді. Ал жыл соңында қаламгердің 75 жылдығы өтуі керек. Шығармашыл тұлғаның бейнесі Шераға ескерткішінің қасында тұрса еш артық болмас еді. Біріншіден, Шерхан Мұртаза Нескеңді қаламгер інісі ретінде құрметтеді. Екіншіден, «Жамбыл» журналын шығарған қаламгердің ақын атындағы көшеде, Шерағаның қасында тұрғаны нағыз архитектуралық ансамбль әрі ұтымды шешім болар еді.

Дөңгелек үстел отырысы барысында қа­лам­герлер қазақтың қабырғалы жазушы­сы­ның есімін құрмет­теу үшін көптеген ұсы­ныс айтты. Әсіресе Жүсіпбек Қорғасбектің ұсынысы көңілге қонды деуге әбден болады. Ол Несіпбек Дәутайұлы тудырған «Айғыркісі» образын әспеттеу үшін сол бейне тұғырға қонып, бой көтерсе деген ниетін жеткізді. Қордай ауданының әкімі Мәден Мұсаев аталған ұсы­нысты қабыл алып, қаламгер туған өлкеде жүзеге асырса ешкім ұтылмас еді.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Несіпбек Дәутайұлының жылдық асына орайластырылып өткізілген іс-шара барысында қаламгердің іздеушісі, інісі, еліміздің Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлінің қолдауымен жарық көрген «Қордайдың қоңыр құлжасы» атты естеліктер топтастырылған жинақтың тұсауы кесіліп, жиынға келген жұртшылыққа түгелдей таратылды.

Кездесулер өтеді, ұсыныстар айтылады. Алайда көп жағдайда айтылған әңгіме сөз күйінде қалып жатады. Жергілікті атқарушы биліктің өкілдері бұл жолы басқосуда көтеріл­ген ұтымды ұсыныстарды қаперге алып, қорытынды шығарар ма екен? Кім білсін... Бәріне уақыт төреші. Бір анығы, желтоқсан айында қаламгердің 75 жылдық мерейтойына орай бірқатар іс-шара өткізілетін секілді.

 

Жамбыл облысы,

Қордай ауданы