Бірнеше күннен кейін басталатын Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезін халықаралық қоғамдастық жіті қадағалап отыр. Діни тұлғалар мен саясаткерлердің өзара диалогі форматында өтетін жиынға зор үмітпен қарайтындар жетерлік. Рухани күш-жігер арқылы әділетті үстем етуге ұмтылатын мұндай жиындардың әлемдегі тұрақтылық пен бейбітшілікті сақтауда рөлі ерекше. Осы орайда, бұған дейінгі Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының кезекті съезіне шолу жасап көрген едік.
Жер жаһанның дін басшылары жиналған алғашқы съезд 2003 жылдың 23-24 қыркүйегінде Астана қаласында өтті. І Әлемдік және дәстүрлі діндер съезінде Қазақстан орындалуы неғайбыл нәрсені жүзеге асырды. Дөңгелек үстел басына әлемдік ірі конфессия өкілдерін бетпе-бет жинады. Бұл қалыптан тыс, форматы мен мәні жөнінен бірегей, шынында да ғаламдық деңгейдегі оқиға болды.
Жиынға ислам, христиан, буддизм, иудаизм, индуизм, синтоизм, даосизм және басқа конфессиялардың жоғары деңгейдегі өкілдері қатысты. Негізгі әлемдік діндер көшбасшылары тарихта бірінші рет бас қосып қана қоймай, конфессияаралық диалог халықтар мен ұлттар арасындағы бейбітшілік пен келісімді қолдаудың маңызды құралы ретінде қарастырылатын декларацияны бірлесіп қабылдады. Сондай-ақ форум барысында съезді тұрақты түрде, үш жылда бір рет өткізіп тұру келісілді.
Алғашқы съезде диалогтің маңызы жөнінде әл-Азһар университетінің сол кездегі Бас имамы, Шейх Мұхаммад Саид Тантауи: «Жағымды диалог, әйгілей айтайын, жағымды және пайдалы диалог ақиқатқа сүйеніп, өтіріктен аулақ болуға тиіс. Біз жақтастарымызбен де, тіпті бізді жақсы көрмеуі мүмкін қарсыластарымызбен де әңгіме жүргізе алуымыз қажет», деген еді.
2006 жылдың қыркүйегінде Астанада, съезд өткізуге арнайы тұрғызылған Бейбітшілік және келісім сарайында, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының ІІ кездесуі өтті. Оған әлемнің 26 елінен 29 діни делегация қатысты. Съезде «Дінаралық диалог принципі» және қақтығыстарды болдырмауға шақыру Декларациясы қабылданды.
2009 жылдың маусым айында Астанада әлемнің 35 елінен келген 77 делегацияның қатысуымен ІІІ Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі өтті. Әлемдік қоғамдастықты шынайы дінаралық диалог орнату үшін діни көшбасшылардың күш-жігерін қолдауға ықпал етуге шақырған үндеу қабылданды.
Әлемдік және дәстүрлі дін көшбасшыларының IV съезі 2012 жылы 30-31 мамырда Астана қаласында өтті. Съезге әлемнің 40 елінен 85 делегация қатысты. Форумның басты тақырыбы – «Бейбітшілік пен келісім – адамзаттың таңдауы». Съезд жүріп жатқан кезде өзге де гуманитарлық форумдар мен ынтымақтастыққа бағытталған Дін көшбасшыларының кеңесі жұмысын бастады. IV съездің қорытындысы бойынша жарияланған Үндеуде дін көшбасшылары бүкіл адамзатты болашақ өмір үшін өзара бірлікке, татулық пен бейбітшілікті сақтауға, әділдік пен жасампаздыққа шақырды.
Съезге қатысушылардың бірі – Израильдің Бас Сефард Раввині Шломо Қазақстанның конфессияаралық татулық пен толеранттылықты қамтамасыз етудегі күш-жігеріне жоғары баға берді. Оның сөзінше, бұл – бүкіл адамзат үшін жарқын үлгі. Осы орайда, Шломо Амар Қазақстанның БҰҰ-ның жаңа нұсқасын құрғанын, бұл ұйым халықтарды ғана біріктіріп қоймай, діндер мен мәдениеттерді де тоғыстырғанына ерекше мән берді.
2015 жылғы 10-11 маусымда өткен Әлемдік және дәстүрлі дін көшбасшыларының V съезіне мүйізі қарағайдай көшбасшылар жиналды. Астанада БҰҰ-ның Бас хатшысы Пан Ги Мун, Иордания королі Абдалла II, Финляндия президенті Саули Нийнисте, ЕҚЫҰ Бас хатшысы Ламберто Заньер, ИЫҰ Бас хатшысы Ияд бен Амин Мадани және өзге де саясаткерлер, дін және қоғам қайраткерлері жиналды. Съезге барлығы 42 елден 80-ге жуық делегация келді.
Форум жұмысына халықаралық қоғамдастық ерекше мән бергенін атап өткен жөн. Өтпелі кезеңде дінбасылардың «бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығаруы» аса маңызды еді. «Бейбітшілік және даму жолындағы діни және саяси қайраткерлердің диалогі» съездің негізгі тақырыбына айналды.
Съезд декларациясы әскери қақтығыстарды тоқтату, саяси қайшылықтарды күшпен шешуден бас тарту, державалар арасындағы сенімсіздікті жою, конфессияаралық алауыздық отын тұтатуға бұқаралық ақпарат құралдарын пайдалануға жол бермеу мәселелерінде, сол сияқты аштық, жұқпалы індет, жұмыссыздықпен күресте діни және саяси қайраткерлерді күш біріктіруге шақырды.
Кезекті съезд 2018 жылы 10-11 қазан күндері Астана қаласында өтті. «Діни лидерлер қауіпсіз әлем үшін» тақырыбында ұйымдастырылған жиынға саяси қайраткерлер мен халықаралық ұйым өкілдерінен құралған 46 елден келген 82 делегация қатысты.
Съезд қорытындысы бойынша қабылданған Декларацияда форум қатысушылары ұзақ мерзімді тұрақтылыққа қол жеткізу және өшпенділік пен төзімсіздіктен туындаған күштеп жасалатын әрекеттердің алдын алу жөнінде күш-жігер қосуға Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларын барынша тартуға әзір екенін жеткізді.
Қорытынды құжат әлемдік БАҚ өкілдерін терроризм мен дінді теңдестіруден бас тартуға үндейді. Декларацияда бейбітшіліктің құндылығын, бұқаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілер мен қоғамдық жиындарда өзара түсіністік пен сыйластықты ілгерілету, сондай-ақ барлық діннің құлшылық жасау орындары мен киелі жерлерінде арандатушылық пен зорлықты болдырмауға күш салуға үндеуі қамтылады.
Биылғы жиын «Пандемиядан кейінгі кезеңде адамзаттың рухани және әлеуметтік дамуындағы әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің рөлі» тақырыбына арналған. Съезд барысында дін лидерлерінің әртүрлі кездесулері, съездің салтанатты ашылуы мен жабылуында пленарлық отырыстар өтеді. Сондай-ақ төрт секциялық отырыс, Қазақстан Президентінің, Съезд Хатшылығы басшысының делегация басшыларымен және съездің беделді қатысушыларымен екіжақты кездесулерді өтеді деп жоспарланған.
Жалпы алғанда, елордада ұйымдастырылған съездер дінаралық қақтығыстар қаупін артта қалдыру және жаһандық рухани келісімді нығайту жолындағы біздің шынайы үлесіміз болғаны анық. Түрлі діндердің бейбіт, қатар өмір сүруіне және олардың диалогына жағдай туғызған Қазақстан осы форумға ерекше лайық алаң бола білді. Елімізде өткізіліп келе жатқан Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының басқосуы әлемдік сенім мен келісімнің бір тірегі екені белгілі.