Бүгінде Мәдениет үйі мен кітапхана ашылса қуанатын болдық. Сондай бір жылы жаңалық Алакөл ауданынан жетті. Ақтүбек ауылында су жаңа ғимарат бой көтеріпті.
Алғадай жаңалықты Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады. Тамыз айының соңында Ақтүбек ауылында жалпы құны 657 млн теңге тұратын жаңа мәдениет үйі пайдалануға берілген. Мұнда 150 орынды мәжіліс залымен қатар, 16 мыңнан астам кітап қоры бар оқырман залы жасақталған кітапхана ашылды.
Жалпы алаңы 2 мың шаршы метр болатын екі қабатты ғимарат «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасымен салынған. Бірінші қабатында 150 орынды көрермен залы, қызметкерлер кабинеттері, асхана, медпункт, киім шешетін орын қарастырылған. Екінші қабатта би залы, оқырман залы бар кітапхана, үйірмелер жұмысына және шаруашылық қажеттіліктеріне арналған бөлмелер орналасқан. Ғимараттың қатты отынмен жылытатын жеке қазандығы бар. Нысанның маңайы абаттандырылып, 30 шырша, қарағай мен емен отырғызылған. Құрылыс жұмыстарын «Алакөл-Асыл-Құрылыс» ЖШС мердігер мекемесі жүргізді.
Жалпы, Ақтүбек ауылындағы тұрғындардың тең жартысы – жастар, яғни олардың саны 520 адам. Сондықтан жаңа нысан жастардың бос уақытын тиімді өткізуге, олар қоғамның рухани-мәдени өміріне белсене қатысуына мүмкіндік береді.
Жетісу облысы