Кеше теннистен Дэвис кубогы жолындағы жарыс басталды. D тобындағы командалар Шотландияның Глазго қаласында күш сынасуда. Олар – Қазақстан, Ұлыбритания, АҚШ және Нидерланд құрамалары. Бұл бәсекелер 18 қыркүйекке дейін созылады.
Жарыстың басталуына бірнеше күн қалғанда Тұманды Альбион еліне жеткен Қазақстанның ұлттық құрамасы бірден дайындыққа кірісті. Сол кезде БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында командамыздың ең тәжірибелі ойыншысы Михаил Кукушкин: «Дәл қазір қай елдің өрендері келесі кезеңге шығатынын дөп басып айту қиын. Барлық команданың сапында өте мықты және тәжірибелі теннисшілер бар. Олар жекелеген бәсекелермен қатар, жұптық сайыстарда да жақсы ойын көрсете алады. Ал біздің бір артықшылығымыз – Дэвис кубогында жиі бақ сынай жүріп, мол тәжірибе жинадық. Аталған додада небір азулы құрамаларды жолымыздан ығыстырып, командалық рухымыздың мықты екенін сан мәрте дәлелдедік. Бұл жолы да жанкүйерлерімізді жерге қаратпауға барынша күш саламыз», деді.
Кеше 8 мың көрерменді сыйдыра алатын Emirates Arena кешенінде Қазақстан құрамасы тұсаукесер кездесуін Нидерландтың теннисшілерімен өткізді. Ертең АҚШ-пен айқасамыз. 18 қыркүйекте Ұлыбританиямен күш сынасамыз. Ал өзге бәсекелер Италияның Болонья, Испанияның Валенсия және Германияның Гамбург қалаларында өтуде. Әр топтың үздік екі командасы плей-оффқа жолдама алады. Шешуші бәсекелер 23-27 қараша күндері Пиреней түбегіндегі Малага қаласында ұйымдастырылады. Сол турнирде Дэвис кубогының жеңімпазы анықталады.