• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Ахмет Байтұрсынұлы 13 Қыркүйек, 2022

Елінің ойлап ертеңін

375 рет
көрсетілді

Жазушы-журналист Байтұрсын Ілиястың 1998 жылы Қостанайда жарық көрген «Алтын бесік» кітабында ұлт ұстазының 1927 жылы кіндік қаны тамған Сартүбекке келіп, ағасы Қалиға ас бергені туралы мәлімет бар. «Бұл он алты жасында оқуға кеткен Ахметтің туған жеріне ең алғаш әрі ең соңғы рет келуі еді» дейді көнекөздер. 45 жасында келіп тұр ғой сонда. Жарты жылдай елде болған кемеңгер жұртқа аумалы-төкпелі заман келе жатқанын аңдатып, ақыл-кеңес береді. Жетімге қамқор, момынға қорғаныш болып, бірсыпыра адамға шарапатын тигізеді.

Әубек ақсақалдың алғысы

Аталмыш кітап 1997 жылдың жазында Ахметтің кіндік қаны тамған Торғай өңірін аралап, ұлт ұстазының көзін көрген бірен-саран кісілермен әңгімелескен «Ақ жол» экспедициясының Тор­ғайға сапары барысында жи­налған ауызекі деректер не­гізінде жазылған. Өкі­ніш­ке қарай, бұл еңбекті Қоста­най­дағы кітапханалардан іздеп таба алмадық. Елдің қолында бірне­шеуі ғана қалған.

Бала кезінде Қалидың қозы­сын, қойын баққан Шұқыркөл ауылының тұрғыны Әубек Сатып­алдыұлы деген кісіден Байтұрсын ағай жа­зып алған деректерге сенсек, Ахаң Ақ­көл, Сартүбек төңірегінде 1927 жыл­дың жазынан 1928 жылдың көктеміне дейін болған.

Экспедиция келгенде тоқ­сан­­ға таяп қалған қария әке-ше­ше­сінен ерте айырылып, же­тім­дік тақсіретін тартқанын, ата-ана­сынан көре алмаған мейі­рім шапағатын Ахаң мен Бәдрисафа­дан көргенін айтады.

– Көзімнен ірің, мұрнымнан же­лім ағып жүріп, Қалидың бо­саға­сын паналадым. ...Қой бағып жүр едім, отарға бір күні Ахаң келді. Осылай ауылды, малды, шаруаны көріп, хал-жайды бі­ліп аралаумен жүретін. Безгек ауруы­на ұшырап, қалшылдап, діріл­деп серейіп жат­қан жерімнен мені үйіне алып кел­ді. Басым таз, суы ағып, кепем басыма жа­бысып қалған, сасыған иіс. Денем қотыр-қотыр. Мойным ыр­ғайдай, битім торғайдай. Адам көретін сиқым жоқ. Көрген жан­ның жүрегі лобып, менен жұрт анадайдан жиіркенетін. Ахаң жа­рықтық қолымнан жетектеп, «Айналайын-ай, күнің күн емес екен ғой. Қайтіп мұндай халге түстің?!», деп үйіне ертіп әкелді. Жеңгейді шақырды. Бәдрисафа­ға: «Мына баланы жуындырып, тазартшы. Қатты науқас екен. Күтіп, тәрбиеле. Адам қыл!», деді. Содан Бәдрисафа жеңгем мені өз баласындай бақсын. Туғалы мұн­дай жылы мейірім көрмеген, аялы алақан түгілі жақсы сөз естіп көрмеген маған сөйтіп Құдайдың көңілі ауғаны. Ананың ыстық ықы­ласын сезбей өскен байғұс­пын ғой. Ғұмырымда алғаш рет, ес біл­гелі мені екі-ақ адам – Ахаң мен Бәд­рисафа мүсіркеді ғой. Бар жақ­сылығын жасады. Оны қалай ұмы­тайын! Сондай қайырым­­ды адамдар өтті ғой... Бәдрисафа жеңгемнің арқасында бойыма күн санап әл бітіп, бірте-бірте адам қатарына қосылып, құлан­таза сауығып алдым. Аллаға мың да бір алғысымды айтып жүр­дім-ау. Аллаға айтқаным Ахама, Бәдрисафаға айтқаным ғой, – депті Әубек атай.

Ахаңның көз жасы

Ахаңның адами сипаты, кісі­лік қасиеті хақында қысқа болса да нұсқа, аса құнды естелік ­айтып қал­дырып кеткен жарық­тық Әубек ақса­қалдың айтуынша, Сартүбектің қарсы бетіндегі Қаратүбек иінінде өткен асқа қырық үй тігіліп, бас малға көк айғыр құрбандыққа ша­лыныпты. Асқа сойылатын қой­ды иіріп тұрып сойғызған да сол кез­дегі бала Әубек екен. «Ас беріліп жатты. Шыққыр көзім осы аста Ахаңның жылағанын көрдім ғой», депті ақсақал.

– Уа, Қали, бұл ас сенің ғана емес, мына менің де асым болсын. Маған ас беретін уақыт бола ма, бол­май ма! Заман болса, мынадай!, деп еді Ахаң сол аста тебірене сөйлеп. Мынау Ахаң қалай сөйлеп тұр өзі? Не дегені? Таусылатындай не бар еді, деп жұртшылық сескеніп қалған-ды. Мен де сондай ойда болдым. Қайран Ахаң, бірдеңенің келе жатқанын сонда-ақ білген екен. Қазір сол сөзі есіме түскен сайын көкірегім қарс айырылады, – деп күрсініпті қария.

Ахаң астан кейін жұртқа: «Қол­­дарыңдағы мал-мүліктен таза­­рыңдар, малай ұстамаңдар. Тезі­рек тазарыңдар! Жаңа өкі­мет­тің заңы­на бағыныңдар. Әйт­песе, қор бола­сыңдар. Бұрынғы заман енді әзірге қайтып кел­мейді. Бастарыңның аман­дығын ойлаң­дар. Елдің бір­лігін сақтаңдар. Балаларды оқуынан айырмаңдар. Оқытыңдар», дейді.

Әубек қарттың сипаттауынша, Ахаң мұнтаздай киініп, тап-таза жүретін адам болыпты. Өзіне қояр да қоймай әріп үйреткен. Ахаңның ұстаздық етуімен, тіпті оқи алатын дәрежеге жеткен.

Ахаң бір ауық атқа мініп, туған жердің қойнауын аралап, бой жазып келеді екен.

– Атқа мінетін. Ақкөлге се­руен­ге баратын. Балық аулайтын. Ақ­көл­ді жақсы көруші еді. Ағасы Қали саятшы болатын. Бұл кісі де саятшылықтан кенде емес екен. Ит жүгіртіп, құс салып, сонау Қара­құмға дейін саяттап қайтатын. Өйткені Қалидың Қарақұм жақта саят құратынын естіген. Ағасы болған жерлерде болып жүрді, – дейді Әубек Сатыпалдыұлы.

Ерденнің ер-тоқымы

Тамыздың басында ұлт ұста­зы­ның 150 жылдығы аясында өңірде атқарылған бірқатар игі істің басы-қасында жүрген Ибрахим Ағытай ақсақал бастаған «Ахмет ізімен» экспедициясының құрамында Торғай, Сартүбек, Ақкөлге барып қайттық. Байтұрсын мен Қали жат­қан қорымға тұрғызылған Ахаңның ақ кесенесінің жаңа ғана салынып біткен кезі. Бастан-аяқ кесене құрылысының басын­да жүріп, елден жиналған қаржыға да, құрылыс материалдарына да жауапты болған адам – Ақкөл ауылының тұрғыны, кәсіпкер Нұрғожа Ерназаров деген кісі екен. Нұрғожа ағамыздан Ахаң­ның Ақкөлдегі сәттерінен сыр шертетін тағы бір қызық әңгіме естідік.

– 1927 жылы Ахмет Байтұр­сын­ұлы елге келгенде, Смағұл деген кісінің кемпірі Ерден деген ұлын жетектеп әкеледі. Ерденнің әкесі Смағұл сауатты, молдалығы болған адам екен. Оның Сағынғали деген інісі мықты шежіреші болған. Содан әлгі кемпір Ахметке осыдан бір-екі күн бұрын Ерденнің күміс ер-тоқымын Торғайдан шық­қан орыстың атты әскері тартып әкетті деп шағым айтады. Ахаң кемпірден болған оқиғаның мән-жайын тәптіштеп сұрап алады да, бір жапырақ қағазға хат жазып, елдегі еті тірі жігіттің бірін қуғыншы етіп жібереді. Қос ат мінген қуғын­шы әл­гілерді екі күн дегенде қуып жетіп, атты әскерді бастап келе жат­қан офицерге Ахметтің хатын ұста­тыпты. Хатты екі мәрте оқып шық­қан офицер «мұндай да аса сауатты, білімді, мәдениетті қа­зақ болады екен-ау», деп қайран қа­лыпты. Содан сарбаздарын сапқа тұрғызып, баланың ер-тоқымын алған қайсың? Дереу алдыма алып келіңдер!», деп Ерденнің қымбат дүниесін қайтарып берген екен, – деді Нұрғожа аға.

Смағұлдың Ердені туралы Бай­тұрсын Ілиястың кітабында да айтылады. «Ақкөлдегі Смағұлдың Ердені деген кісі Ахаңа ағайын бо­лып келеді екен. Сол кісінің қо­лында Ахаңның ескіде жарық көр­ген екі кітабы сақталып ке­ліпті. Ешкімге көрсетпей, ты­ғып ұстаған. Сол екі кітап Ахаң ақ­талды дегенде жарыққа шыға­рылыпты. Кітаптың бірі Қазанда басылған. Екі кітапты да музей­ге тапсырамыз деп біреу­лер алып кетіпті. Ерден Ахаңның тәрбиесін көр­ген немере туысы. Ерденнің баласы Орынбекпен кез­дестік. «Осы кітаптарды әкем басына жастап, ара-тұра ашып, оқып отыратын. Әкеміз колхоз-сов­хоз жұмыстарынан кешкілік шар­шап-шалдығып келгенде, Ахаң­ды қолға алып тұңғиық ойға берілетін» деген дерек бар «Алтын бесіктің» 98-ші бетінде.

Жалпы, биыл Ахмет Байтұр­сын­ұлының 150 жылдығы болған соң ба, әйтеуір «Алтын бесікті» ізде­ген кісі көп болды. Көбі таба ал­май, қамықты. Шіркін, осы кітап­­ты мемлекеттік тапсырыс бо­йын­ша көбейтіп шығарып, бүкіл кітапха­наларға таратып тастаса ғой. Жас ұрпақ­тың Ахаң туған жердің қадір-қасиетін сезініп, Ахаң өскен дархан даланың адыр-қыраты мен өзен-көлін, Ахаң шыққан ортаның табиғаты мен мінезін жіті танып-білуіне сеп болар еді деген ой ке­леді мұндайда.

 

Қостанай облысы