Биылғы күз ел тарихындағы елеулі оқиғамен есте қалмақшы. Мерзімінен бұрын өтетін Президент сайлауы – мемлекет болашағы сынға түсетін тағдыршешті сәт. Ұлт зиялылары сайлауда дұрыс таңдау жасау арқылы ғана мемлекетіміздің алдағы бағдарын айқындап, табысты келешекке қадам баса аламыз деген пікірде. Саяси науқан қарсаңында «Тоқаевтың реформалары үшін» деп аталған жаңа қоғамдық қозғалыс құрылып, Алматыда жалпыреспубликалық ұйымның алғашқы баспасөз мәслихаты өтті.
Қоғамдық қозғалысты құру жөніндегі бастаманы белгілі қоғам және саяси қайраткерлер, ғылыми және шығармашылық зиялы қауым мен бизнес-қоғамдастық өкілдері, мәдениет және спорт қайраткерлері, сондай-ақ қоғамдық ұйымдардың көшбасшылары көтерді. Олардың қатарында Мереке Құлкенов, Райымбек Баталов, Ақберен Елгезек, Сергей Пономарев, Бекнұр Қисықов, Дәурен Қуат, Дәулеткерей Кәпұлы, Әділ Ахметов, Назгүл Қарабалина, Марат Шибұтов және тағы басқа да зиялы қауым өкілдері бар.
Жиналғандар бірлестік құрудың басты идеясы Мемлекет басшысының реформаларын қоғамдық қолдау мен оларды іске асыруға қажетті жағдай жасаудан туындағанын айтады.
«Жалпы, 2019 жылы басталған Президент реформалары кезең-кезеңімен жүзеге асып келеді. Қаңтар оқиғасынан кейін қоғамды демократияландыру мен либералдандыру процестері қарқынды жүріп жатыр. Сондықтан азаматтық қоғам осы өзгерістердің бел ортасынан табылуы қажет деп санаймыз. Біздің қозғалыс үгіт-насихат үшін емес, процестерге қатысу үшін құрылған. Біз қазір реформаларды қолдап, осы маңызды кезеңді соңына дейін жеткізуіміз керек», деп атап өтті Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының бірінші орынбасары Ақберен Елгезек.
Қозғалысты құрушылар партиялық дода алаңын либералдандырып, мемлекеттік аппараттың кадрлық құрамын жетілдіру секілді маңызды мақсаттарға бағытталған саяси жаңғыру – демократиялық процестерді жандандырып, азаматтық қоғамды дұрыс арнаға бастайды деп есептейді.
«Қазір еліміздегі саяси партиялар, сондай-ақ саяси партия құруға дайын, тіркелу үстіндегі, сайлау науқандарына қатысу жоспары бар бірлестіктер мен жеке тұлғалар бой көрсетіп жатыр. Президент бүгінде барлық партиядан өзін шеттеді. Сондықтан реформаларды қолдауға арналған қоғамдық қозғалыс құру ісін біз реформаларға қатысу үшін неғұрлым тиімді әрі ыңғайлы ұйым деп санадық. Біздің қатарымызға ниет білдірген барлық азамат қосыла алады. Қазақстандағы өзгерістерді жақтайтын адамдар саны басым болады деп сенеміз», деді бастамашыл топ өкілдері.
Қозғалыс мүшелері әрбір қазақстандықтың реформалардың ойдағыдай іске асуына мүдделі екенін, себебі оның әрбір кезеңін іске асырған сайын қарапайым ел азаматтарының әл-ауқаты мен өмір сүру деңгейі көтеріле түсетінін атап өтті.
«Күні кешегі Жолдауда Президент өскелең ұрпақты қолдауға бағытталған әлеуметтік-экономикалық сипаттағы бірқатар шараны жариялады. Атап айтқанда, бала туғанда төленетін жәрдемақы мерзімін ұзарту, Ұлттық қор табысының бір бөлігін барша қазақстандық балалардың игілігіне жұмсау, «Самұрық-Қазына» таза табысының 7%-ын «Қазақстан халқы» қорына аудару және т.б. Бұл – қаншама жылдан бері еліміздің әрбір азаматы енді ғана нақты сезінген келешек ұрпақ игілігіне арналған инвестиция. Бұл бастаманың алғашында халық арасында біраз әбігер тудырғаны белгілі. Халық қазір осы бастамалардың барлығының нақты іске асқанын қалайды. Сол себепті біз осыларды аяғына дейін жеткізу үшін Мемлекет басшысына мүмкіндік беріп, жан-жақты қолдау көрсететін боламыз», дейді Халықаралық фармацевтикалық өндірушілер қауымдастығының президенті Вячеслав Локшин.
Кәсіпкерлер атынан сөз алған Райымбек Баталов, дәл қазіргі уақытта Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тың реформаларын қолдау ел болашағы үшін аса маңызды екенін атады. «Ол үшін біздің кәсібіміздің, қызмет ететін саламыздың сан алуандығына қарамастан, бір идея мен бастаманың төңірегінде бірігуіміз керек», деген пікірімен сөзін толықтырды кәсіпкер.
«Қасым-Жомарт Тоқаев Президентті бір ғана мерзімге сайлау туралы жаңа ұсынысын жұртқа жария етті. Бұл болашақта билікті меншіктеп алудың кез келген әрекетінің алдын алады. Депутаттардың Президентті жетіжылдық бір мерзімге сайлау және елордаға Астана атауын қайтару жөніндегі бастамасы – Әділетті Қазақстанды құру жолындағы өте қажет әрі дұрыс қадам. Бұл жерде референдум өткізіп жатудың қажеті жоқ. Онсыз да бәрі түсінікті», дейді басқосуда сөз алған «Жұлдыз» журналының бас редакторы Мереке Құлкенов.
– Реформаның жолы ешқашан жеңіл болған емес. Бізді алдымызда әлі талай қиындық күтіп тұр. Ал оны біз біріксек қана жеңеміз. Біздің күшіміз – бірлікте, әділетке сенуде. Біз тұлғаның айналасына шоғырлануға үндеп отырған жоқпыз. Қайта идеяның айналасына топтасуға шақырамыз. Елімізді саяси және экономикалық тұрғыдан реформалау – Әділетті Қазақстанға жеткізетін жол, – деп пікір білдірді саясаттанушы Марат Шибұтов.
Қозғалысты ұйымдастырушылар, еліміз сынаққа толы кезеңді басынан өткеріп отырғанын, ешкімнің ескі жүйе бойынша өмір сүргісі келмейтінін, оңды әрі түбегейлі өзгеріс қана халықты жарқын келешекке жетелейтінін тілге тиек етті. Жиын соңында қоғамдық қозғалыстың бастамашы өкілдері үндеу жолдады.
АЛМАТЫ