• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Қазақстан 14 Қыркүйек, 2022

Адамзат игілігі жолындағы алқалы жиын

334 рет
көрсетілді

Төрткүл дүниенің назары тоғызыншы территорияда. Бүгін Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезі басталады. «Пандемиядан кейінгі кезеңде адамзаттың рухани және әлеуметтік дамуындағы Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің рөлі» тақырыбына арналған биылғы жиынның ауқымдығы үлкен. Әл-Азһар университеті мен мешітінің Жоғары имамы Ахмад ат-Тайеб, Рим Папасы Франциск секілді дінбасылардың Ұлы дала жүрегіне ат терлетіп келуі іс-шараның маңызын арттыра түскені анық. Бұрын-соңды Қазақстаннан басқа мекенде дөңгелек үстел басында Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары әңгіме-дүкен құрған емес. Ендеше, мұндай іргелі форум еліміздің дінаралық татулықты сақтаудағы рөлін айрықша көрсететіні анық.

Съезд аясында кеше Әлем­дік және дәстүрлі діндер көш­бас­шылары съезі Хатшылығының ХХ отырысы өтті. Іс-шараға әлем­дік және дәстүрлі діндердің 30-ға жуық өкілі қатысты. Отырысты ашқан Парламент Сенаты­ның Төрағасы, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі Хат­шы­лығының басшысы Мәу­лен Әшім­баев VII съезді ұйымдас­тыру жолында бірлесіп атқарған ауқымды жұмыс үшін барша қаты­сушыға алғыс білдірді. Сондай-ақ Хат­шылық басшысы форум әлем­дік қоғамдастық үшін аса жауапты ке­­зеңде өткізіліп отырғанын, сон­дық­­тан оны тарихи оқиға ретінде атау­ға толық негіз бар екенін айтты.

«Биылғы съезд әлем үшін тарихи және бірегей оқиғаға айналады десек, артық бола қоймас. Ең алдымен, бұл коронавирус пандемиясы басталғалы бері алғаш рет өткізіліп отырған Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі. Індет кезінде бізге диалог пен тікелей қарым-қатынас жетіспегені сөзсіз. Съезд рухани көшбасшыларға тікелей сұхбат құруға, дінаралық және өркениетаралық диалогты нығайтудың маңызды мәселелерін бірлесіп қарауға, сондай-ақ әлемді алаңдатқан өзекті проблемаларды шешу жолдарын талқылауға үлкен мүмкіндік береді», деді Мәулен Әшімбаев.

Съезд Хатшылығының басшысы қазіргідей шиеленістер жағдайында қатардағы азамат­тар­мен бірге саяси лидерлерге де рухани қолдау, дұрыс құнды­лық­тардың парадигмасы және жаңаша бағдар аса қажет екенін атап өтті.

«Әлемдік және дәстүрлі дін­дер көшбасшылары VII съезі халық­аралық қоғамдастық үшін ма­ңызды кезеңде өтіп отыр. Бүкіл әлемге пандемия, қақты­ғыс­тар, санкциялар, климат өзгеруі және басқа да жаһандық мәселелер әлі де әсер етіп отыр. Әлемдегі геосая­си шиеленіс пен қақтығыс деңгейінің артқанын бәріміз көріп отырмыз. Елдер арасындағы сенімсіздік, соғыстар, лаңкестік әрекеттердің жалғасуы, халықаралық ұйымдардың тиімді болмауы жалпы әлемдік жағдайға теріс әсер етеді. Осындай кезеңде форумымыз халықаралық қоғамдастыққа маңызды үлес қоса алады. Диалогқа, қайшылықтарды жеңуге, қақтығыстарды тоқтатуға және бейбітшілікке қол жеткізуге шақырамыз», деді М.Әшімбаев.

Сонымен қатар Сенат Төр­ағасы съезд барысында пандемиядан кейінгі даму тақырыбы басты тақырыптардың бірі болатынын атап өтті. Пандемия салда­ры­нан келген экономикалық және әлеумет­тік мәселелер, адамдардың өмір сүру дең­гейінің төмендеуі, оқшаулану тұрғын­дар­дың наразылығын туғызғанына тоқталды.

«Пандемия бізді теңгерімді эко­но­микалық және технологиялық даму, қоршаған ортаны қорғау, әлеу­меттік, гендерлік және цифр­лы теңсіз­дікті төмендету мәселе­леріне жаңаша көз­қа­распен қа­рауға мәжбүр етті. Осындай жағдайда қарапайым азаматтарға да, сая­си көшбасшыларға да рухани қолдау, жаңа құндылықтар парадигмасы, дүние­танымдық нұсқаулар қажет.

Індеттен кейінгі әлемнің жаңа контурын, оның дамуының іргелі қағидаттарын діни және рухани көшбасшыларсыз талқылауға болмайтынына сенімдіміз. Неғұрлым теңдестірілген, үйлесімді және экологиялық таза әлем құру үшін сая­саткерлер мен бизнестің күш-жігері жеткі­ліксіз екені анық.

Мұндай қажеттілікті рухани көшбас­шылар мен діни қайраткерлер өтей алады. Олар әлемдік қоғамдастықты келі­сімге шақырып, ортақ мүддеге жұмыл­дырады. Сондай-ақ бейбітшілік пен адам­заттың игілігі жолында өзара диалог­ты қам­тамасыз етеді», деді Мәулен Әшім­баев.

Бұдан бөлек, Сенат Төрағасы съезд жұмысына беделді тұлғалар келетінін де атап өтті. Олардың қатарында Ватикан және католик шіркеуінің басшысы Рим Папасы Франциск, әл-Азһар мешітінің жоғарғы имамы шейх Ахмад ат-Тайеб секілді дін басшылары бар. Жалпы, форумға 50-ге жуық елден 100-ден астам делегация келеді.

Хатшылық отырысына жетекші әлемдік діндердің, халықаралық ұйымдардың және еліміздегі діни бірлестіктердің өкілдері қатысты. Олар Қазақстанның ел ішінде ғана емес, халықаралық деңгейде де дінаралық және конфессияаралық диалогты нығайту жолында жүргізіп жатқан жұмысының маңызына тоқталды.

Бұдан кейін Дүниежүзілік Ислам лигасы Бас хатшысының арнайы өкілі Абдель Азиз бен Ахмад Сархан сөз сөйледі. Ол Дүниежүзілік Ислам лигасының Бас хатшысы Мухаммад бин Абдул Карим Иссаның Қазақстан басшылығына ыстық сәлемін жеткізді.

«Дүниежүзілік Ислам лига­сының Бас хатшысы жиынға қаты­сушыларға өз сәлемін жолдайды. Сондай-ақ осындай ма­ңызды іс-шараға қатыса алмаға­нына өкініш білдіреді. Шығыс­тан басталып, Батысқа тараған пандемия бүкіл адамзатты жұ­мылдырып, көзқарасын үйлесімде қалыптастыруға, сонымен қатар ашықтықты арттырды. Мұның бәрі ұлттық құндылықтың, адам­дарға талаптың күшеюіне әкелді.

Қазіргі таңда адамзаттың бас­ты мақ­саты – жалпыға ортақ әл-ауқат­ты жақ­сарту. Адамзат мәселесі жергі­лікті, ай­мақтық, халықаралық және әлем­дік дең­гейдегі оқиғалардың орталы­ғына айналды. Пандемия салдарынан туын­­даған қиындықтар мен қысым руха­ни өлшемі кең идеялық перспекти­валардың пайда болуына әкелді. Осы­лайша, ауызбіршілікте өмір сүруге, ынтымақтастық көкжиегінің кеңеюіне жол ашып, эпидемиялық апатты адамзаттың пайдасына айналдырды», деді Абдель Азиз бен Ахмад Сархан.

Бұдан кейін сөз кезегі Орыс православие шіркеуі Мәскеу патриархатының дінаралық байланыс жөніндегі сыртқы шіркеу байланыс бөлімінің хатшысы Димитрий Сафоновқа берілді. Баян­дамашы өз сөзінде съездің маңы­зына тоқталды. Пандемия дін құнды­лық­тарының негізін көрсеткенін, өзара байланыс орнағанына ерекше екпін берді.

«Пандемияны Құдайдың берген сы­нағы ретінде қабылдадық. Қалай өмір сүріп жатқанымызға, құн­дылықтарымызға көз жіберуге мүмкіндік алдық. Діни өмірді шектеу арқылы дін қызмет­кер­лерінде дилемма пайда болды. Басты мақсатымыз – жақын­дары­мызға көмек көрсету. Бірақ өзіміздің игілігімізге зиян келтір­меу. Пандемия адамзатқа көпте­ген тұрмыс мәселесін туындат­ты. Осындай кезеңде рухани құн­дылықтарымызға көңіл бөлуіміз қажет. Дін қызметкерлері дәл осындай сәтте адамдардың тағдырларына ғана емес, олардың ар-ұятпен өмір сүруіне ұйытқы болуға тиіс», деді Д.Сафонов.

Отырыстағы келесі баяндаманы Дінаралық диалог бойынша Қасиетті Тақтың Папа­лық кеңесі Ислам бюро­сының мең­герушісі, монсеньор Халед Акаше оқыды. Ол өз сөзінде қауіпсіздік, азық-түлік, дәрі-дәрмек секілді күнделікті қажеттіліктен бөлек, құрмет пен достық қарым-қатынасымыз үшін маңызды деп есептейтінін жеткізді.

«Мұнда не үшін жиналып отырмыз? Пандемиядан қандай сабақ алдық? Адамзат тіршілігінің қаншалықты нәзік екенін түсіне білуіміз қажет. Осындай, қол жеткізген прогрестеріміз, мысалы, медицинадағы табысымыздың арқасында пандемиямен күресіп, жедел жеңуімізге жол ашты. Сон­дықтан бұрынғы дәуірге қарағанда адамзат тұтастанып, біріге түсті. Біздің тағдырымыз ортақ. Бірімізге кел­ген зауал баршамызға зардабын тигі­зеді», деді Х.Акаше.

Келесі құттықтау сөз Иран Мәдениет және ислам байланыстары ұйымы Дін­дер мен мәдениеттер диалогы орталы­ғы­ның Ислам және христиан диалогы департаментінің директоры, доктор Захра Рашид Бейгиге берілді. Баяндамашы іргелі жиынды ұйымдастырғаны үшін Қазақ­стан тарапына ерекше ыстық ықыласын білдірді.

«Қазақстан халқы мен Үкіметі күш-жігерінің арқасында түрлі дін өкіл­дері бас қосып, жаһандық мәселелер туралы пікір алмасып, олардың шешімін іздеуіне мүмкіндік берілді. Бұл әділ бола­шақтың практикалық моделін тарату арқылы бейбітшілік және жанашырлықты орнатады. Адамзаттың өмір сүру сапасын жақсарту үшін бірлескен күш-жігерді ынталандырады деген үміт сыйлайды», деді З.Бейги.

Бұдан бөлек, Бас сефард раввинінің өкілі раввин Шломо Кук та сөз сөйледі. Оның айтуын­ша, Қазақстан тарапы қонақжай­лылықтың жарқын үлгісін көрсетіп отыр. Осы орайда, еліміз күрделі кезеңді бастан өткергенін, Құ­дай­дың көмегімен сын-тегеуріндерді еңсергенін жеткізді.

«Қазақстан бүкіл әлемде бей­бітшілікті қалыптастыруға үлкен үлес қосып отыр. Оның азамат­тары бейбіт өмірде, мұң-мұқтаж­сыз өмір сүреді дегенге сенім білдіремін», деді Ш.Кук.

Бұдан кейін Әлемдік және дәс­түрлі діндер көшбасшыларының VII съезінің күн тәртібі қаралды. Бұл мәселе жөнінде Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезі Хатшылығы басшысының орынбасары Серік Егізбаев баяндама жасады.

Съезд декларациясы жөнінде Сыртқы істер министрінің бірін­ші орынбасары Ақан Рахме­туллин, сондай-ақ әл-Азһар уни­вер­ситеті Исламдық зерттеулер академиясының бас хатшысы Назір Мұхаммед әл-Нәзір Аяд, Да Лама Моңғолияның Буддистік орталығы өкілі Хунзур Бямбажаев сөз сөйледі.

Содан кейін Қазақстан мұсыл­мандары діни басқармасының төр­ағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы әлемді жайлаған пан­демиялық ахуал туралы әңгімелеп берді. Оның айтуынша, індет бір үстел басында сұхбаттасуға, аман-саулық сұрасуға кедергі келтіргенін атап өтті. Дегенмен дәстүрлі дін басшы­лары­ның ортақ мақсатта тағы да Қазақ елінің «Бейбітшілік пен келісім» сарайына жиналғанына екпін берді.

«Әлемдік пандемия көптеген ортақ игі іс-шарамызға тосқауыл болғанымен, бұл сынақ адамзат баласын, дін өкілдерін рухани тұр­ғыдан біріктіре түсті. Біз әлемнің дін көшбасшыларына «Біз – бір­геміз, тілегіміз – ортақ» деген игі ниетпен үндеу жолдап, бір мезетте дұға жасауға шақырдық. Үндеуге әлемнің бірқатар мұсылман елі қолдау білдіріп, онлайн режімде дұға жасау рәсіміне қатысты. Бұл бастама дін қайраткерлерін бір мақсатқа жұмылдырды.

Расында, жер бетіне жайылған жұқ­па­лы дерт әлемнің әр бұры­шын мекендеген Адам ата мен Хауана ұрпақтарына өмірдің мәнін ұқтырды, адамзат баласы бұл сы­нақтан әлі күнге дейін сабақ алып келеді. Қазақ халқында: «Бір күн ұрыс болған үйден қырық күн береке кетеді» деген мақал бар. Ешқандай адам өз отбасында ұрыс-керіс, қантөгіс болға­нын қа­ламайды. Ендеше, әрбір мемле­кет ортақ Отанымыз болған жер ғалам­ша­ры­ның бір бөлшегі емес пе?», деді Н.Таған­ұлы.

Сондай-ақ жер бетіне бейбіт өмір орнату – күллі адамзаттың мүддесі екенін де жеткізді. Бұл – ортақ келісім мен өзара түсінік аясында орындалатын іс. Кез келген келіспеушілік жағдай келісіммен, даналыққа негізделген диалог негізінде шешілуі қажет екеніне тоқталды.

«Жер бетіндегі ұлттар мен ұлыстар бір мақсатқа ұйысқанда әлемде береке орнайды. Бұл ретте Ислам дінінің жау­лас­қанды жарастыру, дауласқанды дос­тастыру, таласқанды татуластыру бағы­тындағы рөлі өте жоғары. Мейірімділік пен кешірімділік – барша қауымға ортақ қасиет. Жер бетінде осындай адамгер­шілік құндылықтардың салтанат құруын қалаған адам ең әуелі ізгілікті өзінен бастауы ләзім. Барша адамзат бала­сын айналаға мейірім көзімен қарауға ша­қырамын. Жер бетіне бейбіт өмір сый­лау – адамзаттың өз қолында. Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбас­шы­ла­рының кезекті алқалы жиыны адамзатты бірлік пен ынтымаққа шақыратын берекелік алаң болады деп сенемін», деді Н.Тағанұлы.

Отырыс барысында қатысу­шылар Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері VII съезінің күн тәртібін, сондай-ақ VII съездің қорытынды декларациясының жобасын талқылады. Сонымен қатар іс-шара қорытындысы бойынша съезд Хатшылығының келесі XXI отырысын 2023 жылдың күзінде Қазақстан астанасында өткізу туралы шешім қабылданды.