• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қазақстан 14 Қыркүйек, 2022

Мұхтар Тілеуберді Әзербайжан-Армения шекарасындағы жағдайға қатысты пікір білдірді

191 рет
көрсетілді

Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі аясында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары-Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Әзербайжан-Армения шекарасындағы жағдайға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Кеше Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының кезектен тыс кеңесінде Армения Премьер-Министрі ҰҚШҰ-ға мүше елдердің басшыларына Әзербайжан мен Армения шекарасындағы жағдай туралы мәлімет берді. Жалпы ақпарат қабылданды, әрине, біз обьективті ақпарат алғымыз келеді. Өйткені екі тараптан әркелкі ақпарат түсіп жатыр. Сондықтан мемлекет басшылары ҰҚШҰ бас хатшысы оқиға орнына барып, толыққанды мәлімет алып, сол мәліметті мемлекет басшыларына баяндауы керек деген шешім қабылданды», деді Мұхтар Тілеуберді Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII Съезінің жалпы отырысы барысында.

Сондай-ақ ол екі ел арасындағы шекараның бұзылғаны туралы қандай да бір пікір айту қиын екенін жеткізді.

«Қазіргі бірінші міндет - Әзербайжан-Армения шекарасын делимитациялау және демаркциялау жөніндегі комиссияның жұмысын жандандыру. Біз өз тәжірибемізбен бөлісуге әзірміз. Өйткені біз құрлықта және тіпті теңізде де өз шекарамызды демаркациялап алғанбыз. Ресейден басқа бүкіл көршілес мемлекеттермен шекарамызды демаркациялау ісі толық аяқталған», деді Сыртқы істер министрі.

Сондай-ақ Мұхтар Тілеуберді Ресей Федерациясының президенті Владимир Путин Қазақстанға қашан келетінін айтты.

«Ресей президенті Қазақстанға Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңеске қатысу үшін келеді. Сондай-ақ ТМД мемлекеттері басшыларының кеңесін өткізу жоспарлануда. Ресей президенті Қазақстанға қазан айының ортасында келуі мүмкін. Қазір ресми растауды күтіп отырмыз», деді Мұхтар Тілеуберді.

Премьер-Министрдің орынбасары өз сөзінде Қазақстан қайталама санкцияларға ұшырамайтынын атап өтті.

«Бізде Ресейге қарсы санкциялардың біздің экономикамызға теріс әсерін болдырмау, оның ішінде қайталама санкцияларға жол бермеу үшін үкіметтік жұмыс тобы құрылды. Бүгінде аталған жұмыс тобы табысты жұмыс істеуде, Еуропалық комиссиямен және АҚШ Әкімшілігімен тұрақты консультациялар жүргізілуде», деп қосты Сыртқы істер министрі.

Еске сала кетсек, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы тамызда Сочиге жұмыс сапары аясында Владимир Путинді Қазақстанда қазан айында өтетін ТМД саммитіне қатысуға шақырған еді.