• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Спорт 14 Қыркүйек, 2022

Жалғыз қола, жарым көңіл...

356 рет
көрсетілді

Сербияның астанасы – Белградта өтіп жатқан әлем чемпионатында грек-рим күресі шеберлері өз белдесулерін аяқтап, жеңімпаздар мен жүлдегерлердің есімдері толықтай белгілі болды. Өкінішке қарай, Қазақстан құрамасы бұл жарыста табысты өнер көрсете алмады. Дунай жағалауына сапар шеккен 10 балуанның арасынан тек Айдос Сұлтанғали ғана қола медаль иеленді.

Сербтердің өнеріне сүйсіндік

Ресейдің грек-рим күресі шебер­леріне төрткүл дүниеде тең келер ко­манданың жоқ екені барша жанкүйерге аян. 1993-2021 жылдар аралығында ұйым­дастырылған әлем чемпионаттарында олар 44 алтын, 26 күміс және 28 қола медаль иеленді. Барлығы – 98 жүлде. Шыны керек, дәл осындай зор табысымен ешбір команда мақтана алмайды. Бірақ барлық мықты бас қосқан байрақты бәсекеде аталған мемлекеттің балуандары бой көрсеткен жоқ. Оның себебі өздеріңізге де мәлім. Біріккен кү­рес әлемінің (UWW) басшылары Бела­русь құрамасына да сондай шектеу қойды.

Көшбасшы команданың жоқтығын Сербияның саңлақтары ұтымды пайдаланды. Өткенге зер салсақ, бұған дейін әлемдік додада аталған елдің өрендері бар-жоғы 10 жүлде иеленді. Соның үшеуі ғана алтын. Бұл жолы жарыс қожайындары айды аспанға бір-ақ шығарып, төрт бірдей бас жүлдені олжалады. Соның арқасында өз тарихында тұңғыш рет жалпыкомандалық есепте жеке-дара көш бастады. Бұл ретте кейбір жанкүйер «Сербтер легио­нерлердің арқасында ғана осындай биікке көтерілді», деп айтуы да мүмкін. Иә, 72 кило салмақта күрескен Әли Арсалан мен 87 кило салмақта сайысқа түскен Зураб Датунашвилидің өзге елдердің өрендері екені рас. Бірі – иран­дық, екіншісі – грузин. Алайда Себастьян Надь (63 кило) пен Мате Немештің (67 кило) сол мемлекеттің төл тумалары екенін естен шығармаған жөн. Оның үстіне, жергілікті бапкерлер легионерлерді де дұрыстап таңдай білген. Қырағы мамандар қаптап жүрген көлденең көп аттыларды емес, нағыз «жүзден – жүйірік, мыңнан – тұл­парларды» өз қатарларына қосқан. Қазір соның жемісін көріп отыр. Шыны керек, дәл сол күндері сербиялық балуан­дардың өнеріне сүйсінбеген жан­күйер жоқ-ау, сірә!

Қырғыздарға қызыға қарадық

Кезінде біздің балуандар бастапқы бәсекелердің бірінде қырғыздармен кез­десетіндері жайында құлағдар бол­ғанда «Жақсы болды ғой, оларды қалпақпен қағып аламыз» деп ала­қандарын ысқылап отыратын. Ал қазір бәрі керісінше. Қазақтармен жолдары қиысатынын естісе, қырғыздар қуа­натын болған.

Қырғызстанның грек-рим күресі тарихына зер салсақ, бұған дейін осы елдің алты балуанына ғана әлем чемпионатында жеңіс тұғырына көтерілу бақыты бұйырған екен. Нақтылап айтсақ, 1999 жылы Афинада Ратбек Санат­баев қола медальды мойнында жарқыратты. 2006 жылы Гуанжоуда Қанатбек Бегалиев күміспен күптелді. 2010 жылы Мәскеуде Данияр Кабонов үшінші орынға табан тіреді. 2018 жылы Будапешт және 2021 жылы Ослода Жоламан Шаршенбеков ақтық сайысқа дейін алқынбай жетіп, шешуші тұста ұтылды. Бұл жолы қырғыздың үш бірдей қайсар ұлы Дунайдың жа­ға­лауында өткен жарыста атой салды. Ола­рдың күресін көрген де арманда, көрмеген де арманда!

77 кило салмақ дәрежесінде дара­ла­нып жүрген 23 жастағы Ақжол Махмутовтың жүріп өткен жолы барша жанкүйердің көз алдында. Ол Қазақ­станға сан мәрте келіп, біздің жігіттерді сыпыра ұтып жүрді. Күресі керемет, қолданатын әдістері кесек. Тік тұрып күрессе, Ақжолды орнынан қозғалтудың өзі қиын. Қарсыласы төрттағанға түссе, аяғын тыпырлатып тұрып жерден жұлып алады да, қос жауырынымен жерге бір-ақ қадайды. Өзі сондай жағдайға тап болса, сауатты қорғанып, кілемге кенеше жабысып жатады. Токио Олимпиадасы мен Джакартадағы Азия ойындарының күміс жүлдегері, Азияның екі дүркін чемпионы деген атағы бар Мах­мутов Белградта қарсылас шақ келтір­меді. Ал финалда Мажарстанның мар­қасқасы Золтан Леваиға қарсы екі тәсіл ғана қолданып, айқын жеңіске қол жет­кізді. Осылайша, Ақжолдың есімі Қыр­­ғызстанның грек-рим күресі шебер­лері арасынан шыққан тұңғыш әлем чем­пионы ретінде тарихта қалды.

60 кило салмақтағы Жоламан Шар­шенбеков те шашасына шаң жұқтыр­мады. Қырғыздың өр мінезді ұлы бұған дейін әлем чемпионаттарында екі рет финалға шығып, екі ретінде де жеңіліс тапты. «Ер кезегі үшке дейін» деп бабаларымыз бекер айтпаған ғой. Жоламан Белградтағы белдесулерінің бәрінде күмәнсіз жеңіске жетті. Финалда ол Болгарияның 20 жастағы жас жолбарысы, Еуропа чемпионы Эдмонд Назарянның тас-талқанын шығарып, алтын тұғырдан қол бұлғады.

«Штарк Аренаға» жиналған жан­күйерлер 67 кило салмақта сынға түскен Амантур Исмаиловтың жанкеш­ті­лігіне айрықша риза болды. Қола медаль үшін тартыста ол грузиялық Джони Кецураниден алты ұпай айыр­машылығымен ұтылып жатса да, соңғы секундтарға дейін еш аянбай айқасты. Қырғыз балуаны дамылсыз шабуылдады. Ақыры бұл әрекеті өз жемісін берді. Уақыт оза Кецурани болдыра бастады. Амантур оны атойлап ұтты. Есеп – 17:8. Міне, дәл осындай мінезді, рухты, жанқиярлық пен табан­дылықты және жеңіске деген құш­тарлықты біз Белградта белдес­кен қазақ жігіттерінің бойынан көре алмадық.

Жалпы есептегі жағдай

Қоржынында төрт алтыны бар Сербия құрамасы жалпыкомандалық есепте көш бастады. Екінші орынды Түркияның тарландары иеленді. Анадолы елінің ерлері 2 алтын мен 3 қола медаль олжалады. Үшінші сатыға Қырғызстанның балуандары (2+0+1) жайғасты. Дәл осындай белеске «айыр қалпақтылар» алғаш рет көтеріліп отыр. Әзербайжан

(1 ал­тын+1 күміс+3 қола) төртінші орын алса, Армения (1+0+1) үздік бес­­тікті түйіндеді. Сондай-ақ бұл жарыста Иран (0+2+1), Грузия мен Бол­гария (0+2+0), Мажарстан (0+1+2), Өз­бекстан (0+1+1), Дания (0+1+0), Жапония мен Украина (0+0+2), Қытай, Қазақстан, Литва және Румынияның (0+0+1) байрақтары биікте желбіреді.

Сенім ақталған жоқ

Қазақстанның балуандары арасынан 60 кило салмақтағы Айдос Сұлтанғали ғана өз жанкүйерлерін қуанта алды. Бастапқы белдесулерінде қарсыластарын сыпыра жеңгенімен, жартылай финалда оның жолы болмады. Қандасымыз қырғызстандық Жоламан Шаршенбековке лайықты қарсылық көрсете алмады. Есесіне үшінші орын үшін күресте ол өзін жақ­сы қырынан көрсетті. Мажар­стандық Кристиан Кечкеметидің әбден сілік­песін шығарған Айдос өзінің спорттық карьерасында екінші рет әлем чемпионатының қола медалін мой­нында жарқыратты. Былтыр Ослода да жерлестеріміз бір ғана медаль еншілеген еді. Ол кезде Алмат Кебіс­баев үшінші орынға табан тіреген-тін.

Ал өзге грек-рим күресі шебер­лерінен еш қайыр болмады. Жартылай финалға екі жерлесіміз ғана шықты. Бұл межеде грузиялық Нугзари Цурцу­мияға (3:5) жол берген Аманғали Бек­бо­латов қола медаль үшін тартыста өзбек­стандық Жасурбек Ортикбоевтан (5:9) жеңілді. Алғашында қандасымыз бес ұпай айырмашылығымен алда келе жатқан еді, алайда қарсыласы оны тік тұрған қалпында қолынан мықтап ұстады да, оп-оңай айналдыра салды. Жасурбектің бұл әдісін төрешілер төрт ұпаймен бағалады. Одан кейін Аманғали еңсе тіктей алған жоқ.

Жұбаныш белдесуінде жеңіске жетіп, жүлделі орындар үшін таласу мүмкіндігіне ие болған Ибрагим Магомедов (72 кило) шешуші тұста сүрінді. Әуелде ол да Сельжук Канды ұтып жатқан. Сол басымдығын сақтап қала алмады. Магомедовтің сәл босаң­сыған сәтін оңтайлы пайдаланған түркиялық спортшы таразы басын теңес­тіріп кетті – 3:3. Соңғы ұпай­ды Кан алғандықтан, ережеге сай жеңіс соның еншісіне жазылды. Ал Ғалым Қабдынасыров (63 кило), Дін-Мұ­ха­мед Қошқар (67 кило), Темірлан Шаду­каев (77 кило), Диас Қален (82 кило), Нұрсұлтан Тұрсынов (87 кило), Ислам Умаев (97 кило) және Әлімхан Сыздықов (130 кило) бірден жеңілістің кермек дәмін татты.

Сөз орайы келгенде, осы жарыста Қазақстанның балуандары Өзбекстан құрама командасының мүшелерімен үш рет кездесіп, барлығында жеңіліс тапқанына қатты қынжылдық. Атап айтсақ, Аманғали Бекболатов (5:9) Жасурбек Ортикбоевтан, Диас Қален (5:6) Жалғасбай Бердімұратовтан және Ислам Умаев (0:6) Рустам Асса­ка­ловтан жеңілді.

Негізі біз өз балуандарымыздан сапалы күрес және бұдан әлдеқайда жақсы нәтиже күткен едік. 23 жыл бойы аңсаған алтын медальдың сың­­ғырын Дунайдың жағалауында еститін шығармыз деп үміттендік. Бірақ Бел­градта ондай бақ бізге бұйыр­мады. Сол себепті де «отандық грек-рим күресі шеберлерінің осы әлем чемпио­натындағы жалғыз қола­сына көңіліміз толмады, артыл­ған сенім ақталмады» деп айтуға барлық негіз бар.

Грек-рим күресінен әлем чемпионатының жеңімпаздары мен жүлдегерлері

55 кило:      1. Елдениз Азизли (Әзербайжан), 2. Нугзари Цурцумия (Грузия),

Ю Сиотани (Жапония) мен Жасурбек Ортикбоев (Өзбекстан).

60 кило:      1. Жоламан Шаршенбеков (Қырғызстан), 2. Эдмонд Назарян

                       (Болгария), 3. Кенширо Фумита (Жапония) мен Айдос Сұлтанғали

                       (Қазақстан).

63 кило:      1. Себастьян Надь (Сербия), 2. Лери Абуладзе (Грузия), 3. Талех

                       Мамадов (Әзербайжан) пен Ербату Туо (Қытай).

67 кило:      1. Мате Немеш (Сербия), 2. Мохаммадреза Гераи (Иран),

Хасрат Жафаров (Әзербайжан) пен Амантур Исмаилов

                       (Қырғызстан).

72 кило:      1. Али Арсалан (Сербия), 2. Ульви Ганизаде (Әзербайжан),

Андрей Кулик (Украина) пен Сельжук Кан (Түркия).

77 кило:      1. Ақжол Махмутов (Қырғызстан), 2. Золтан Леваи

                       (Мажарстан), 3. Малхас Амоян (Армения) мен Юнус Башар

                       (Түркия).

82 кило:      1. Бұрхан Ақбұдақ (Түркия), 2. Жалғасбай Бердімұратов

                       (Өзбекстан), 3. Ярослав Фульчаков (Украина) пен Тамаш Левай

                       Мажарстан).

87 кило:      1. Зураб Датунашвили (Сербия), 2. Турпал Бисултанов (Дания),

Али Ченгиз (Түркия) бен Давид Лосончи (Мажарстан).

97 кило:      1. Артур Алексанян (Армения), 2. Кирилл Милов (Болгария),

Ариф Нифтуллаев (Әзербайжан) пен Мохаммадхади

                       Сарави (Иран).

130 кило:    1. Риза Каялп (Түркия), 2. Амин Мирзазаде (Иран),

Алин Алексус-Чурариу (Румыния) мен Мантас Княстаутас

                (Литва).