АСТАНА. 15 мамыр. 2014 жылдың 6 шілдесінде ашылғалы отырған, жалпы аумағы 74 мың шаршы метрді құрайтын Ұлттық мұражайға өткеніміз бен бүгінімізден сыр шертетін құнды жәдігерлер әкеліне бастады. Бұл туралы «ҚазАқпарат» хабарлады.
Бұл жәдігерлердің қатарына қазақ хандарының ту басы мен Төле бидің шапаны қосылды.
Шекпенді Төле бидің Қожамжарынан тараған ұрпақтар көздерінің қарашығындай сақтап келіпті. Мұражайға әкелінген шапан қайта жасақталған көшірме екен.
Ұлттық мұражайының директоры Дархан Мыңбай: «Мұражайға Алматы облысынан бірегей қазақтың киіз үйі, Жамбыл облысы Жалғыз оба қорғанынан алтын бұйымдар және Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Ақтөбе облыстарынан құнды жәдігерлер, Андронов дәуірінен жеткен тарихи құндылықтар түсіп жатыр. Бұл жәдігерлер біздің мұражайымыздан ойып тұрып орын алады. Мұражайға қойылған тарихи құндылықтар Қазақстанның өткенін паш ететін бірден-бір жәдігерлердің қатарына қосылды деуге болады», – деді.
Ал қазақ хандарының ту басын алып келген хан Тәукенің тікелей ұрпағы Бекайдар Әміре: «Бұл тек қана бір сандықта жатпасын, елдің көз қуанышы болсын деп, кешегі біздің ел, үлкен бір мемлекет болғанымызды, оның туы болғанын білдіру мақсатында осы құнды дүниені Астанаға әкеліп отырмыз. Мен Әз Тәуке ханның тоғызыншы ұрпағымын. Атадан балаға мұра болып келген қара шаңырақта осы ту сақталып келді. Ханның ұрпағы болғандықтан, осы тудың басы менің отбасымда қалған. Біз бұл туды ең бірінші құнды зат ретінде төрімізде аталар аманаты ретінде көзің қарашығындай сақтап келдік. Оның ресми атауы «Хандар туы» екені белгілі, кейбіреулер оны Жошы ханның тұсынан келеді дейді, енді бірі оны Тәуке ханнан келе жатқан ту деседі», – деді.
Ту басы металлдан жасалған, түсі - қою қоңыр, кейбір қырларында сарғыш болып келеді. Оның жалпы биіктігі - 21,5 см., үстіңгі бөлігі күмбез тәрізді.
Жолдыбай Базар.
Дереккөз: «ҚазАқпарат».
Фото: «ҚазАқпарат».