• RUB:
    5.51
  • USD:
    475.37
  • EUR:
    514.97
Басты сайтқа өту
Пікір 15 Қыркүйек, 2022

Киын кезеңдегі ұтымды қадам

255 рет
көрсетілді

Адамзат зор үміт күткен XXI ғасыр сол үмітті ақтай қоймағаны анық. Жер жаһанда бұрын-соңды болып көрмеген қарулы қақтығыстыр жаңаша өрши түсті. От қарудың ажалынан жан сауғалаған босқындар әлем елдерін кезіп кетті. Ол аздай дүние жүзін жайлаған тажалды індет еш майданнан кем болған жоқ. Ресей мен Украина арасындағы қарулы қақтығыс та әлемнің мазасын алып тұр.

Осындай аса күрделі де қиын кезеңде Қазақстан астанасында Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезінің өтуі – үлкен тарихи оқиға. Қазақстанға алғаш рет мемлекеттік сапармен кел­ген Ватиканның және Като­лик шіркеуінің басшысы Рим Папасы Францисктің Қазақ еліне арнаған сөзін тыңдау мәртебесі бұйырды. Рим Папасының Қазақстанды тыныштық пен бірліктің ұлы елі деп атауы, халқымыздың барлық діндерге зор құрметпен қарайтындығын қазақтың қасиетті домбырасының қос ішегімен үйлестіруі ерекше ой тастады.

Расында, домбыраның қос шегінің үйлесімділігіне бар дүние тіршілігі, адами қарым-қатынастың барлық заңдылықтары бағынып тұр емес пе?! «Адамзаттың бәрін сүй бауырым» деп Абай хакім айтқан қағида бүкіл халықтың басты ұстанымына айналмайынша, жер үстінде бейбітшілік орнамасы анық.

2003 жылдың 23-24 қыркүйегінде Астанада өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің І съезінен бергі уақытта дүние тынысы алқынып, жүрек соғысы да жиілеп, адам баласының Жаратқан берген тіршілік үшін күресінің жанталасы күшеймесе, бәсеңсімеген сыңайлы. Бұған бүгінгі әлем куә.

Әлемдік маңызы бар түрлі діндер лидерлері форумының Ұлы Дала төсіндегі қазақ жерін­де жиналуы жалпы адамзат ба­ласының өзара түсінушілік және бірін-бірі құрметтеу, бірінің уәжін бірі төзімділікпен тыңдай білуі арқылы бейбіт өмір сүру үшін бір қадам болса да ілгері басқандығын білдірсе керек.

Қазір заман басқа, әлем басқа. Қазақ елінің де бүгінгі ұстанымы басқа. Қазақ қоға­мы әділдік іздеп, лайықты өмір сүруді аңсап отыр. Біз­дің дүниетанымымыз бен көзқа­ра­сымызды өзгерткен – Қаңтар оқиғасы. Қасіретті қаңтар­да ел тыныштықтың баға­сына анық көз жеткізді. Елді жайлаған заңсыздық, жем­қор­лық, әді­лет­сіздік сияқты келең­сіздіктер халықты титықтатып, ашу-ызасын тудырғаны анық. Қазір елі­мізде әділ қоғам орнату, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» құру және Жаңа Қазақстанды орнықтыру жолында тың бастамалар қолға алынуда.

Елордада басталған әлемдік діндер көш­бас­шыларының VII съезінде Президент: «Біздің мүддеміз және ниетіміз – бір. Бәріміз де бейбіт әрі берекелі болашаққа қадам басуды қалаймыз», деді. Осы бірауыз сөз бүкіл қазақ елінің берік ұстанымын әлем жұртшылығы алдында бекемдете түсті.

 

Жабал ЕРҒАЛИЕВ,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Сенаторлар кеңесінің мүшесі