• RUB:
    5.39
  • USD:
    474.62
  • EUR:
    517.19
Басты сайтқа өту
Руханият 15 Қыркүйек, 2022

Табытқа сыймаған ақын

1916 рет
көрсетілді

Тағдырының талқаны ерте таусылған таланттар аз емес. Кісі сөзінде кие бар екендігіне де талас жоқ. Кейде сандардан сыр іздеу қажет пе деп те ойлайсың. Николай Гумилев түсін жорығанда неге өліммен сабақтастырды екен? Ол түсінде 3 және 5 сандарын көрді. Онысын әйгілі ақын, жары Анна Ахматоваға былай деп әңгімелейді: «3 және 5 сандары тағдырыммен байланысты. Мен не 35 не 53 жасымда дүниеден көшетін шығармын». Ол расында да 35 жасында бақилық болды.

Ол… бар болғаны 21 жыл ғана ғұмыр кешті. Артығали Ыбыраев қазақ поэзиясының көгінде жанған жұлдыз болатыны сөзсіз еді. Аққан жұлдызға айналды. Оның қасиетті қара өлеңі жанымызға жалау болғаны шындық қой. Теңіздің суы тобығынан келмей, кеудесін керіп жүрген талай ақыныңыз Артығалидың өлеңін оқыса, тәубесіне түсетіні ақиқат.

«Сәуірде жаңбыр жауады оңай,

Дәуірге майса ауады маңай.

Өрісі көкте көгенсіз еді,

Қара жер бұлтты сауады қалай?

Көкжиек-көйлек сөгіліп оқтын,

Сыбдыры шықты шөбі ірі оттың.

Ебіл де дебіл еріксіз шақта,

Менің де кетті төгіліп өткім».

Артығалидың осы өлеңіне қарап-ақ оның өзгеше болмысын, өлеңдегі соны соқпағын түйсіне түсеміз. Бозбала шақтан жігіттік кезеңге ауысқан ақын атаулының барлығы да осылай төрт аяғын тең басқан шумақтармен мақтана алмаса керек-ті. Алайда Сарысу топырағында туған таланттың тағдыры қам­шының сабындай тым қысқа болғаны ойландырмай, толғандырмай қоймайды. Бар болғаны 21 жыл өмір сүрді. Өкініш пе, өкініш. Амал нешік, дейміз де қоямыз ғой.

«Өмірдің өзі жетпейді,

Олжаға оңай құныққан.

Қызуымен күннің көктейді,

Дүние біздің иықта.

Қамықпа, досым, қамықпа,

Көктеме күнін сыйлайды.

Адамдар сыяр табытқа,

Ақындар бірақ сыймайды».

Артығали десе, жұрттың есіне бірден осы өлең жолдары оралатын болды. Дәл осы шумақтар шығармашылығының төлқұжатына айналып кететінін ақынның өзі сезді ме екен? Жиырма бір жасында жұмбақ жағдайда бақиға аттанған Артығалидың өзі, расында да, табытқа сыймаған шығар. Өйткені ол ақын еді ғой. Ақын болғанда да көптің бірі емес, бойында қуаты тасыған, сүйегіне сөз қонған ақын болатын.

Жиырмасында жалын кешкен ғажайып ақын туралы аға буынның айтқан естелігі де, есті сөзі де аз емес. «Көздері бір нүктеде тұрмайтын еді. Бойында бөріге тән қасиет басым болатын. Жойқын қуаттың иесі еді», деген Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ұлықбек Есдәулеттің пікірі Артығалидың мінезінен де, шығармашылық қуатынан да сыр шертіп тұрғандай көрінеді.

«Шүйкімдей дене шүмектей терге

малшына,

Шулы өзеннің үстінен өтті таң шыға.

Қара жер шетін таба алмай,

талып келеді

Қара жердің бетін көрместей

болған қаршыға.

Қанатын құстар қақпайды әсте бекерге,

Аңсары құштар ауды ғой басқа мекенге.

Дегбірін алды көк аспан тұтас қалпымен,

Дөңгелек дүние таусылмайды-ақ екен де.

Таулардан өтті шыңдарын биік табалап,

Баулардан кетті қарағай бойын жағалап.

Қара жер қалпы...

Құлай ма соған қанатын босқа сабалап?

Аспанда, бәлкім, бір бейне болып қалады,

Жүрегін, мүмкін, жұлдызға

соғып жарады?

Арманы үшін азапқа түскен осы құс

Саған да ұқсап, маған да ұқсап барады».

Бұл – Артығалидың «Қаршыға» атты өлеңі. Ақын да арманы үшін азапқа түскен құстың кейпін кешті. Поэзия көгінде қалықтаған қыранға айналмай тұрып пәни жалғанға қош айтып кете барды. Мүмкін оның жүрегі жұлдыз жақта соғып тұрған болар. Өйткені ол да қаршыға қалпында арамыздан кетті емес пе? Жарқ етіп сөнген жасын еді ғой.

Өлең оқуға кеткен ақынның сүйегін алып кетеміз деп жақындары еш ойламаған да шығар. Деректерге көз жүгіртсек, сол күні Ар­тығали бұрынғы Жамбыл қаласына бар­ғысы келмеген екен. Алайда ақын жүрегі секем алғанына қарамастан, көне шаһарға баруына тура келген. Бірақ өмірін өлең­мен өрнектеген ақынды бұл күні өлеңнің қуанышы емес, өмірдің өкініші күтіп тұрыпты. Артығалидың кісі қолынан қаза тапқаны анық. Алайда бұл өлім жұмбақ күйінде ашылмай қалды. Қандай кедергі болды? Ол кімнің жолын кесті? Сұрақ көп. Жауап жоқ. Ал өзекті өкініштің оты әлі болсын тілгілейді. Жаныңды сол бір алау қари түседі. Бұл – ақынға емес, қазақ әдебиетіне қасақана жасалған қастандық болатын.

«Артығали – жұмбақ ғұмыр кешкен тағ­дыр иесі. Ол небәрі жиырма бір жыл өмір сүр­ді. Бұл уақыт Артығали үшін жеткілікті еді.

Артығали он бесінде-ақ сол кездегі қазақ әдебиетінің бүгінгі марғасқаларына айнал­ған Мұқағали, Төлеген сияқты алыптарынан дүниені түйсіну, оған көркемдік тұрғыдан баға беру, тіпті ақындық болмыс жағынан да ілгері тұрғанын айтуға тиіспіз. Ол өз отына өртеніп кетті. «Жүрегін шың-құзға емес, жұлдызға соғып жарған қаршыға» еді. Өзі солай жазған...

Расында да, шын ақындар табыт түгілі, уақытқа сыймайтынын ол жақсы түсінген. Ол өзімен бірге көп нәрсені о дүниеге ала кеткен сияқты. Ол көбіміздің әлі түйсіне қоймаған жұмбақтарымыздың шешіміне нүкте қойды», дейді жерлесі жайлы сыр шерткен ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Маралтай Райымбекұлы.

Иә, Артығали оқырмандарының ортасында жүр. Қазақстанның қай қиырына барсақ та өлең үшін өлермен жастар Артығали туралы айтып жатады. Біз оны көрмесек те, өлеңімен таныспыз. Бізге қалғаны – ақынның шығармашылығымен сырласу ғана.

 

Жамбыл облысы,

Сарысу ауданы