Қазақстандық теннисші Елена Рыбакина Словенияның Портороже қаласында өтіп жатқан халықаралық турнирдің ширек финалына шықты.
Тұсаукесер кездесуінде германиялық Лаура Зигемундтан басым түскен жерлесіміз екінші кезеңде WTA тізімінде 66-орында тұрған 27 жастағы чехиялық Тереза Мартинцовамен кездесті. Бұл бәсекеде Еленаның басымдығы еш күмән туғызған жоқ. Екі сеттік сайыс 6:4, 6:1 есебімен аяқталды. Енді ол үздіктер тізімінде 92-орынды еншілеген Украинаның ойыншысы Леся Цуренкомен кездеседі.
Ал Түркияның Ыстанбұл қаласындағы «Челенджер» турнирінде қазақ теннисшісі Бейбіт Жұқаев табысты өнер көрсетуде. Алғашқы айналымда корт қожайыны Женгиз Аксудан айласын асырған ол келесі кезеңде испаниялық Николас Альварес Варонды 6:4, 6:1 есебімен ұтты.