Бұл күндері Алматыда үстел теннисінен Contender Almaty деп аталатын аса ірі халықаралық турнир өтуде. Аталған жарыста әлемнің бірқатар мемлекеттерінен келген көптеген атақты ойыншы шеберлік байқасуда.
Жарыстың іріктеу кезеңінде 15 жерлесіміз өнер көрсетіп, солардың тоғызы келесі айналымға жолдама алды. Атап айтсақ, Ескендір Харки америкалық Людовик Гомбоштан айласын асырды – 3:2. Дастан Кенжеғұлов үндістандық Джит Чандраны шаң қаптырды – 3:2. Владислав Захаров саудиялық Аззам Алимге сан соқтырды – 3:0. Ал Сағантай Құрмамбаев, Жанерке Көшкінбаева және Гүлчехра Хусейнова Өзбекстанның ойыншыларын қапы қалдырды. Тағы үш кездесуде жерлестеріміз өзара күш сынасты. Бұл бәсекелерде Бақдәулет Әкімәлі Эрик Райтерден, Ангелина Романовская Айя Әлімбаевадан және Александра Смирнова Әнел Бақыттан басым түсті.
Ал қытайлық Лю Йебо мен Зан Сяотунмен кездескен Ирисбек Артукметов пен Алсу Сапарова жеңілістің кермек дәмін татты. Сол секілді Арай Әшкееваның люксембургтік Вивьен Шольцке әлі жетпеді.