«Қарасаз, қара шалғын өлеңде өстім, Жыр жазсам оған, жұртым, елеңдестің. Өлсе өлер Мұқағали Мақатаев, Өлтіре алмас алайда өлеңді ешкім», – деп жырлаған ақиық ақынның өлеңдерін балауса жас та, еңкейген қария да жатсынбай оқиды. Шайырдың келбетін заман талабына сай кескіндеу, ол жайлы жүрек тербер естеліктерді көрермен көз алдында қайта тірілту нағыз сахна шеберлерінің қолынан ғана келері хақ.
Мұқағалидай болмысы бөлек, жырларының жаратылысы күрделі ақынды театр сахнасына жүрексінбей алып шығуға ілуде бір өнер ұжымының бел байлайтынын көріп жүрміз. Ж.Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыка-драма театры былтыр айтулы тұлғаның 90 жылдығына орай «Есіңе мені алғайсың» атты музыкалы-поэтикалық кештің тұсауын кесіп, театрда екі күн қатарынан аншлаг жасаған еді.
Хантәңірінің мұзбалағы Мұқағалидың сондағы шынайы бейнесін керекулік жұрт жылы қабылдаған болатын. Биыл аталған өнер ұжымы жаңа маусымның шымылдығын сол туындымен түрді. Ақын тағдырындағы қат-қабат қиыншылықтар мен қайғы-мұңға құрылған қойылымға бұл жолы да жергілікті өнерсүйер қауым тайлы-таяғы қалмай жиналды.
Кеште ақынның сөзіне жазылған «Ана, сен бақыттысың», «Күрең күз», «Бөпем-ай», «Құмған алған», «Мен деп ойла», «Қазағым-ай», «Сарыжайлау», «Отан», «Қарасазым-ай» және тағы да басқа әндер симфониялық оркестрдің сүйемелдеуімен шырқалды. Мұқағали образын былтырғы премьерадағыдай актер Бауыржан Манатбек сомдады. Драматургиясын Нұркен Тұрлыбек жазған бұл қойылымда заманауи жаңашылдық, ізденіс байқалады. Бір сағаттан астам уақытқа созылатын кеш көрерменді бірден баурап, жалықтырмайтын сазды, сағынышты ауанда өрбиді. Ақынның нәзік жанын түсіну үшін бұл кешті поэзияны сүйіп оқитын қауым міндетті түрде көруі керек деп түйдік. Қараөлеңнің құдіреті арқылы қазақ поэзиясында өзіндік қайталанбас қолтаңбасын қалдырып кеткен Мұқағали жайлы бұл қойылым келешекте театр репертуарындағы орны бөлек, жүгі салмақты дүниенің біріне айналатынына сендік.
Театр басшысы Арман Темірбек өздерінің алдағы күндері Астана мен Қарағандыға гастрольдік сапар жоспарлап отырғандарын айтты. Одан соң Орал қаласында болатын моноспектальдер фестиваліне Шекспирдің «Король Лирімен» қатыспақ ниетте екен.
– Биыл көрермендеріміз үшін қараша айында «Премьералар апталығын» өткізбекпіз. Соның аясында 3 бірдей спектакльдің тұсауын кесеміз. Әзірше тұсаукесер жоспарда тұр, бірақ оның сахналық әрленуіне, әртістерді даярлауға біраз күш жұмсауға тура келетін сияқты. Сондай-ақ Алматыдан театр сыншыларын шақырып, сахнаға алғаш рет шығарғалы отырған спектальдерімізді талдатып алсақ дейміз. Осы маусымда қатарымызға жаңадан 2 жас актер қосылады деп күтіп отырмыз, – дейді театр директоры.
Айтуынша, өнер мекемесінде біраз жылдан бері қордаланып қалған мәселелер бар. Әртістер ел аралағанда жүріп-тұратын шағын автобус өте ескі, алыс жолға жарамсыз. Оның үстіне театр қызметкерлерін баспанамен қамту мәселесі өткір тұр. Бір жылдары 9 бөлмеден тұратын жатақхана берілген екен. Аядай ғана бөлмелер отбасын құрып, үйлі-баранды болғандарға тарлық етуде. Сондықтан облыс басшылығы бұл мәселеге назар аударса екен деген тілегін жеткізді. Жуырда облыстық мәслихаттың хатшысы Ернұр Әйткенов бастаған бір топ халық қалаулысы арнайы келіп, мұндағы жағдаймен танысып кеткен көрінеді. Депутаттар тобының сол сапарында қаузалған мәселелер бойынша нәтиже шығарына сеніп отыр.
Сөз арасында Арман Темірбек облыстардағы театр қызметкерлерінің еңбекақысы өте төмен екенін, биылдан ұлттық мәртебеге ие республикалық театр актерлерінің жалақысы артып жатқаны жуық арада өңірлерге де оң тәжірибе болып енгізілсе екен деген үкілі үмітін де жеткізді. Аз ғана жалақыға актерлер тұрмақ, театрдың техникалық қызметкерлерін ұстап отыру да қиын шаруа көрінеді. Бұл бұйымтайларды облыстың мәдениет саласына жауапты шенеуніктер ескереді деген ойдамыз.
Павлодар облысы