Миллиондаған адамның қауышар, қоштасар орнына айналған Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайында алдағы бірнеше жылда үлкен өзгерістер орын алмақ. Дәлірек айтсақ, мұнда екінші ұшу-қону жолағын салу, жолаушылар тасымалымен қатар жүк тасымалын дамыту секілді іргелі бастамалар жоспарланып отыр. Мұның бәрі әуежайдың жаңа тұжырымдамасында қамтылған.
Екі жыл бұрынғы пандемия әуежайлардың жұмысын шатқаяқтатып кеткені жасырын емес. Сондықтан әуежайлардың дені жер-жаһанда болып жатқан өзгерістерге байланысты даму стратегияларын қайта қарауға мәжбүр болды. Бұл ретте елорда әуежайы да жаңа стратегияның нәтижесінде өндірістік тұрғыдан жақсы көрсеткіштерге қол жеткізіп отыр.
«Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы» АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары Дәулет Хамзиннің мәліметінше, компанияның бірінші жартыжылдықтағы таза табысы 1,6 млрд теңгені құраған.
– Былтыр 4,8 млн жолаушыға қызмет көрсеттік. Ал 2022 жылдың қаңтар-тамыз айларында жолаушылар ағыны 3,5 млн-нан асты. Жылдың соңына қарай көрсеткіш 5,3 млн-ға жетіп, табыс 68 млрд теңге деңгейінде болады деп күтілуде. Сонда аталған көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 15,8 пайызға жоғары болмақ, – дейді Д.Хамзин.
Оның айтуынша, әуежай шығындарды оңтайландырып, қосымша кіріс түрлерін дамыту арқылы табысты ұлғайтқан. Локдаун кезінде қаржылай тұрақтылықты сақтау үшін операциялық шығындар қысқартылып, тұрақты транзиттік жүк авиарейстерінің көлемін арттыруға айтарлықтай күш жұмсалған. Осылайша, елдер арасындағы шекаралар жабылған кезде шетелдік авиакомпаниялардың көбі Астана әуежайын Еуропадан Азияға транзиттік аялдама ретінде пайдалана бастапты.
– Қазіргі таңда мультимодальдық және транзиттік жүк тасымалдарына басымдық беру дұрыс шешім болғанын көріп отырмыз. 2021-2022 жылдардағы кірістің шамамен 70 пайызы әуежайдың транзиттік жүк рейстеріне қызмет көрсетуге қайта бағдарлануы есебінен алынған. Әуежай алғаш рет операциялық пайдаға шығып, несие берушілер алдындағы барлық міндеттемені орындады. Алынған кірістер есебінен кәсіпорын дефолттан құтылып, тарифтерді көтермей-ақ дағдарыс кезеңінен шықты. Бұл өз кезегінде отандық авиакомпанияларға қатысты жүктемені азайтты. Сонымен қатар локдаунға қарамастан, әуежай мен оның Көкшетау қаласындағы филиалының 2 мыңнан астам қызметкері жұмыс орындарын сақтап қалды. Кәсіпорын қызметкерлер алдындағы барлық әлеуметтік міндетті толық көлемде өтеп, ең төменгі жалақы көлемін 40 пайызға арттырды, – деп толықтырды ол.
Жұмыс барысындағы басымдықтарды қайта қарау нәтижесінде әуе айлағының одан әрі дамуы үшін жағдай жасалды. Бүгінгі таңда күзгі-қысқы навигация жұмыстарына дайындық жүргізілуде. Кез келген ауа райы жағдайында үздіксіз жұмыс істеу мақсатында қар жинайтын 5 заманауи машина сатып алынған. Олар ұшу-қону жолағы мен перронды тазартуды айтарлықтай жылдамдатады.
Ұшу-қону жолағы демекші, таяудағы 5-6 жылда елдің басты әуе қақпаларының өткізу қабілетін ұлғайту талап етіліп отыр. Сондықтан Астана әуежайында екінші ұшу-қону жолағы салынбақ.
– Әуежайдың қолданыстағы ұшу-қону жолағы 2003 жылы қайта жаңартылды. Содан кейін бұл бағытта басқа жұмыстар жүзеге асырылмаған. Биыл күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Алайда авиатасымалдар қарқынының өсуі мен әуежайды дамыту жөніндегі жоспарларға байланысты әуеайлақ учаскесін қайта жаңарту қажеттілігі туындап отыр. Біз 2027-2028 жылдары жолаушылар ағынының жоғары деңгейіне жетсек, сәйкесінше ұшу-қону жолағының өткізу қабілетін арттыру қажет болады. Осы ретте жолақтағы, рульдеу жолақтары мен перрондағы жабынды, сондай-ақ жарық-сигналдық жабдықты ауыстыру маңызды. Ұшу-қону жолағын жөндеу уақытша қолайсыздықтар туғызады, әлбетте. Бірақ бұл мәселені шешуге ниеттіміз. Сондай-ақ екінші ұшу-қону жолағын салу, арнайы экономикалық аймақ ашу және авиаотынды жеткізу логистикасын жақсарту үшін теміржолдарды салу жоспарда бар. Өзгерістер негізгі екі мақсатқа қол жеткізу үшін жүргізіледі. Алғашқысы – Астананың әуе айлағы жолаушылар ағыны мен орындалатын рейстер саны бойынша келесі жылы еліміздегі ең ірі әуе айлағына айналуға тиіс. Екіншісі – алдағы 5 жылда жүк тасымалын төрт есе ұлғайту керек, – дейді «Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы» АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары.
Оның айтуынша, әуежайды одан әрі дамыту жоспары қаржылық көрсеткіштерді тұрақты түрде жақсартуға негізделген әрі кәсіпорынның жаңа стратегиясының нәтижелерімен нығайтылмақ.
Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы жаңа тұжырымдамаға сәйкес, арнайы экономикалық аймақ, мультимодальдық жүк тасымалдау және Е-commerce қызмет көрсету орталықтары, сонымен бірге авиаперсоналды даярлау бойынша оқу орталығы мен жаңа кэйтеринг орталығы және басқа да функцияларды қамтитын кәсіпорынға трансформация жүргізіледі. Аталған тұжырымдама негізінде Халықаралық Азаматтық авиация қауымдастығының (IATA) тәжірибелі мамандары әуежайды 2050 жылға дейін дамытудың мастер-жоспарын әзірлеуде. Алдағы қараша айына дейін аталған жұмысты аяқтау жоспарланып отыр.
– Мастер-жоспар жер учаскелерін пайдалануды, екінші ұшу-қону жолағын, перрон, терминалдар, ангарлар, бокстар, сондай-ақ қажетті ресурстарды кезең-кезеңімен жоспарлауды қамтитын болады. Оның ішінде арнайы техника мен персоналға да қатысты мәселелер бар. Аталған жоспар негізінде болашақта компанияны дамытудың ұзақ мерзімді бизнес-жоспары әзірленеді, – деді Дәулет Хамзин.
Сондай-ақ ол әуежай жұмысының басым бағыттарының бірі – жүк инфрақұрылымын дамыту және жүк-терминалдарын кеңейту болатынын атап өтті. Әуежайдың географиялық орналасуы Қытайдан Еуропаға ұшулар кезінде жүк авиакомпанияларының шығындарын төмендетеді, ал авиаотынға қатысты ұсынылған бәсекеге қабілетті бағалар басқа әуежайлар мен елдерден транзиттік рейстерді тарту үшін қосымша ынталандыру болмақ.
– Бізде Орталық Азиядағы ең үздік жерүсті инфрақұрылымы мен техникалық жабдықтары бар. Олар рейстерге жылдам әрі сапалы қызмет көрсетуге мүмкіндік береді. Әуежайдың ұшу-қону жолағы – аймақтағы ең үздіктердің бірі. Ол ІІІА ICAO санатына сәйкес келеді және кез келген ауа райында әуе кемелерінің барлық түрін қабылдауға мүмкіндік береді. Негізінен транзиттік жүк рейстеріне үлкен көлемді жанармай құюды қажет ететін ауыр жүк ұшақтары пайдаланылады. Осы ретте әуежайда пайдаланылатын аталған санаттағы әуе кемелеріне жанармай құюдың бірегей жүйесі ұшу алдындағы рәсімдерге жұмсалатын уақытты қысқартып, авиакомпанияларға жедел қызмет көрсетуге жол ашады. Мысалы, ауыр салмақты лайнерге 100 тонна жанармай құю үшін 30-40 минут жұмсалады. Осы артықшылықтармен біз жаңа клиенттерді тарттық. Қазір біздің әуежай жылына 3 мыңнан астам жүк транзиттік рейстеріне қызмет көрсетеді. Пандемияға дейін бұл көрсеткіш тіпті 50 рейске де жетпейтін, – дейді ол.
Сонымен бірге кірістерді нәтижелі әртараптандыру үшін әуежай жерді басқару және концессия есебінен инфрақұрылымды дамыту құқығын алуы қажет.
– Бүкіл әлемдегі әуежайлар қызметіндегі заманауи тренд – жер ресурстары мен инфрақұрылымды дұрыс басқару есебінен авиациялық емес кірістерді кеңейту. Әуежайлар кірістердің 40 пайызына дейін әуежайлардағы концессия шарттары және инфрақұрылым объектілерін ұзақ мерзімді жалға алу негізінде жерді пайдалану есебінен алады. Қазақстанда әуежайлардағы жер телімдерін әкімдіктер басқарады. Әуежайларда концессия ұғымын енгізіп, оларға жерге билік ету құқығын беру қажет. Бұл әуежайлар инфрақұрылымына жеке инвестицияларды тартудың драйвері болмақ, – дейді Д.Хамзин.
Еске сала кетейік, Астана әуежайы елдегі ең ірі әуежайлардың бірі саналады. Ол Орталық Азиядағы жұмысы қауырт әуежайлар арасында екінші орында, ал посткеңестік кеңістіктегі әуежайлар арасында 12-орында тұр. Сондай-ақ бұл негізгі отандық және бірқатар шетелдік авиакомпания үшін базалық әуежай болып саналады.