• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
17 Мамыр, 2014

Өткенге көз тастап отыру – бүгінгілердің парызы

330 рет
көрсетілді

Көшпелі қазақ халқының бәйтеректің тамыры тәрізді тереңде жатқан тарихына үңілетін болсақ, егемендіктің тізгіні қазақ халқына оңайлықпен келген жоқ. Өткен тарихын білмеген адам жетесіз демекші, тарихымызды дәріптеп, өткеніміз бен бүгінімізді саралай білгеніміз жөн. Өткен тарихымыздағы Жоң­ғар басқыншыларына қарсы күрес­тер, патша өкіметіне қарсы бас көтерулер, Ұлы Отан соғысы, сон­дай-ақ, Тәуелсіздікті аңсаған жас­тардың наразылығынан туындаған Желтоқсан көтерілісі сынды қазақ тарихындағы көптеген елеулі оқи­ғалар еліміздің Тәуелсіздігі жолындағы маңызды қадамдар болып табылады. Хандық жүйеден кейінгі Ресей өкіметінің отарлау саясаты сайын дала төсінде көк шалғынға аунап өскен қазақ халқы үшін үлкен сын болды. Отаршылдық езгінің құрсауында өткен 70 жыл ішінде қазақ халқына тілі мен дінінен, әдет-ғұрпы мен салт-санасынан айы­рылу қаупі төнген болатын. Алайда, халқымыз бабамыздың қанымен, анамыздың ақ сүтімен бойына дарыған ұлттық құндылықтарын жоғалтқан жоқ. «Қазақстанның тәуелсіздігі қазақтарға тартқан тағдырдың сыйы емес, өзінің ежелгі жерінде қилы кезеңдерді бастан кешу арқылы қолы жеткен заңды құқығы», деп көреген Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай, қазақ халқының бастан өткерген тарихы – ұялатын тарих емес, мақтанатын тарих. Себебі, қазақ халқы өзге халықтардың тағ­дырына ешқашан қиянат жасаған жоқ, тек өзінің азаттығы жолында өліспей, беріспеді. Мың өліп, мың тірілген халқымыздың ежелден аңсаған асыл мұраты егемендіктің туын тігу болатын. Киелі қазақ жерінде 1991 жылың 16 желтоқсанында көптен күткен ұлы той – Тәуелсіздікке қолымыз жетіп, ашық аспан астында көк Туымыз желбіреді. Тәуелсіздікпен бірге егемен Қазақстанның жаңа тарихындағы жаңа беттер ашылды. Елбасымыздың сайлануы, Ұлт­тық валютамыз – теңгенің қолда­нысқа енуі, Мемлекеттік рәмізде­ріміз бен Ата Заңымыз – Конс­титуцияның қабылдануы, Қазақ­станның халықаралық ұйымдарға мүше болуы мен Сарыарқаның тө­сінде, ерке Есілдің бойында ару Астанамыздың бой көтеруі – егемендігіміздің жемісі. Егемендік алу жолында ата-бабаларымыз қаншама тер төккен болса, қазіргі таңда егемендігімізді сақтап тұру да болашақ ұрпақтың соншалықты тер төгуін қажет етеді. Тәуелсіз Қазақстанның әрбір ұланының бойында елге деген құрмет пен сүйіспеншілік сезімінің болуы заңды. Кең-байтақ Қазақстанымыздың тәуелсіздігін көзіміздің қарашығындай сақтау – бізге жүктелген міндет! Міне, бүгінде Тәуелсіздігімізді алып, еңсемізді тіктегелі 22 жыл болды. Қазақстан жас та болса, 22 жылдың ішінде көптеген жетіс­тіктерге қол жеткізіп, дамы­ған мемлекеттермен терезесі тең дәре­жеге көтерілді. Тәуелсіздік алған­нан кейін Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен Қазақстан халқы ынтымақтасып, ұлтаралық бірлікті нығайтуға қол жеткізді. Сондай-ақ, қазақ хал­­қының болмысынан бойына дарыған татулығы мен қонақ­жайлы­­лығының нәтижесінде қазақ ша­ңы­рағының астында түрлі ұлт өкіл­дері бейбіт күн кешіп, Қазақ­стан өзге мемлекеттермен түрлі дип­ло­ма­тия­лық қарым-қатынастар орнатуда. «Қазақстан-2050» Стратегия­лық даму бағдарламасын қабыл­дау арқылы Қазақстанның бола­шағына жарқын жоспарлар құ­рылды. Елбасымыздың көреген­ділік­пен жүргізген саясаттары халықтың көңіліне сенім ұялатып, егемендігімізді тұғырлы етуге бағыт­талды. Қазақ елі бүгінгі күні әлем­дік қо­ғамдастықтың лайықты мүшесі ре­тінде даму үстінде. Осы орайда атап өтетін жайт, Қазақ­стан 2012 жылы елордамыз Аста­на­да ЭКСПО-2017 көрмесін өткі­зу құрметіне ие болды. Бұл – біз­дің бәсекеге қабілетті елге айнал­ғаны­мыздың айғағы. Көрмені сәтті өткізу еліміздің алға қойған басты мақсаттарының бірі болып отыр. «Ертеңгі ел болашағы келешек ұрпақтың қолында», деп Елбасы келешек ұрпаққа үкілі үміт артады. Әрине, қазіргі Қазақстанда білімі мен парасаты, өнері мен дарыны, адамгершілігі мен мәдениеттілігі, ұлтжандылығы мен елге деген сүйіспеншілігі үйлесім тапқан ұрпақ өсіп келеді. Демек, егемен еліміздің ертеңі еңселі болатынына еш күмән болмауы тиіс. Динара ДОСПАН, №69 мектеп-гимназияның 11-сынып оқушысы. АСТАНА.