Елімізде атмосфералық ауасы ластанған 10 қала бар. Соның бірі – Атырау шаһары. Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешевтің пікіріне сүйенсек, ластанудың басты себептері – жабдықтардың тозуы, зауыттардағы шаң тазарту қондырғылары жұмысының тиімсіздігі, жаңғырту мен қайта құрудың болмауы, сондай-ақ көмірді пайдалану. Шындығын айтқанда, тек мұнайлы шаһар ғана емес, бұл өңірдің аудандарында да табиғатқа қарсы қолдан жасалатын тағылық азаяр емес.
Ауаға жағылған алау
Облыс орталығының іргесінде Атырау мұнай өңдеу зауыты тұр. Зауыт Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталып, Жеңіс күнінің «қызуы» басыла қоймаған 1945 жылы іске қосылған. Содан бері тауарлы мұнай өнімдерінің 20-дан астам түрін шығарады. Оның ішінде сұйытылған көмірсутекті газдар, автомобиль жанармайы, дизель, реактивті қозғалтқыштарға арналған, пеш пен кеме отындары, вакуумдық газойль, мазут, мұнай кокстары, техникалық күкірт, параксилол, бензол секілді өнімдер бар. Зауыттың мұнай өңдеу қуаты жылына 5,5 млн тоннаны, ал өңдеу тереңдігі 86,4%-ды құрайды.
Рас, бұл зауыттың отандық экономиканы әртараптандыруға қосатын стратегиялық маңызы орасан. Дегенмен табиғат жанашырлары шаһар іргесіндегі зауыттан қоршаған ортаға, ауаға зиянды заттар көбірек шығарылатынын алға тартып отыр. Осыған байланысты облыстық экология департаментінің мамандары 18 тамыз бен 5 қыркүйек аралығында «АМӨЗ» ЖШС-ның қызметіне қатысты жоспардан тыс тексеру жүргізді.
– Тексеру кезінде зауытты электрмен жабдықтаудағы кернеудің істен шығуына орай технологиялық қондырғылардың толық тоқтатылғаны анықталды. Осыған байланысты жабдықтың қауіпсіздігі мен сақталуын қамтамасыз ету үшін көмірсутегі газының артық қысымы қысқа мерзімге алау жүйесіне жіберілген. KEGOC АҚ тарапынан электрмен жабдықтауды қалпына келтіргеннен кейін тауарлық өнім өндіруге арналған технологиялық тізбектің қалыпты жұмысы қалпына келтіріліп, технологиялық қондырғылар қайтадан іске қосылған. Жобалау құжаттарын зерделеу кезінде кәсіпорында алауда газ жағу үшін эмиссияға рұқсат жоқ екені анықталды. Бірақ «АМӨЗ» ЖШС ПГПН алау қондырғысында 73 мың текше метр, ППНГО қондырғысында 6 мың текше метр газды ауаға алау ретінде жаққан. Бұл еліміздің экологиялық заңнамасына сәйкес реттеуге жатпайды, – деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
Департаменттің дерегіне сүйенсек, Атырау мұнай өңдеу зауытында мұндай бұзушылық жүйелі түрде байқалады. Кәсіпорын осындай ұқсас фактіге бір жылда үш рет жол берген. Сөйтіп, кәсіпорын қоршаған ортаға эмиссиялар нормативтерін жүйелі түрде асырған. Осыған байланысты зауытқа Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 328-бабының 3-бөлігімен әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылды. Іс материалдары соттың қарауына берілді.
Жалпы, мұнайлы шаһарда атмосфералық ауа жиі бұзылады. Дерекке жүгінер болсақ, биылғы 31 тамыздан 1 қыркүйекке қараған түні Атырау қаласының ауасында жағымсыз иіс пайда болды. Сол себептен облыстық экология департаменті «Қазгидромет» РМК Атырау филиалының мамандары ұсынған ауа сапасын бақылау стансаларының мәліметтеріне талдау жүргізді. Талдау нәтижесінде, Денсаулық сақтау министрінің 2022 жылғы 2 тамыздағы №ҚР ДСМ-70 бұйрығымен бекітілген «Қалалық және ауылдық елді мекендердегі, өнеркәсіптік ұйымдар аумақтарындағы атмосфералық ауаның гигиеналық нормативтері» құжатындағы рұқсат етілген шекті шоғырланудан күкіртсутегі көрсеткішінің бірнеше есеге өскені анықталды. Демек аталған гигиеналық нормативтер талабы бұзылған.
«Мәселен, №109 «Восток» стансасында – 5,3 есе, №103 «Шағала» стансасында – 5 есе, №112 «Әкімдік» стансасында – 3,2 есе, №114 «Загородная» стансасында – 3,9 есе және №108 «ТКА» стансасында 9,23 есе өсу дерегі тіркелген. Талдау көрсеткендей, сол мезгілде желдің бағыты оңтүстік-шығыстан соққан. Жел екпіні 4 метр/секунд, ылғалдылық 760, ауа температурасы +320С болған. Бұл бағытта «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС-ның нысандары орналасқаны белгілі болды» деп мәлім етті департаменттің баспасөз қызметі.
Жалын шарпыған жағалау
Каспий теңізінің жағалауы өрттен көз ашпайтын болды. Теңіз жағалауында өскен қамыс жыл сайын көктемде және күзде өртенеді. Мәселен, қамыс өрті 14 қыркүйектен бері сөнген жоқ. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қоғаммен байланыс тобынан мәлім еткендей, кеше, 21 қыркүйекте Каспий теңізінің жағалауында қамыс өртін сөндіру үшін «ҚазАвиаҚұтқару» АҚ-ның МИ-8 тікұшағы тартылды.
Өйткені жағалауды шарпыған жалын бой берер емес. Бұған теңіз жағалауындағы батпақ та кедергі келтіріп тұр. Бұл өрт сөндірушілерді лапылдап жанған қамысқа жақындай алмай, сырттай бақылауға алуына мәжбүр етті. Бір апта бұрын өрт аумағы 6 гектарды құраса, 20 қыркүйекте отқа оранған жер 60 гектарға жетті. Жолындағының бәрін тып-типыл ететін жалын «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерватының аумағына жайылды. Осыдан соң өрт сөндірушілер жалын шарпыған аумаққа жол талғамайтын ТРЭКОЛ көлігімен баруға талпыныс жасады. Алайда бұл көлік батпаққа батып, өрт ошағында қалып қойды. Көліктегі екі өрт сөндірушінің өміріне қауіп төнді. Алайда құтқарушылар жедел қимылдап, екі өрт сөндіруші қауіпсіз жерге шығарып үлгерді.
Әзірге облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшылары өрттің тұтану себебін айта қойған жоқ. Бірақ жұртшылық мұны «Аңшылардың ісі болуы мүмкін» деген пікірді ұстанады. Неге? Өйткені Каспий теңізінің жағалауында қамыс өрті 14 қыркүйекте тұтанды. Ал 15 қыркүйекте күзгі аң аулау маусымы басталды. Облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бас маманы Нұрлан Иманғалиевтің айтуынша, аң аулау маусымы 15 желтоқсанға дейін жалғасады.
– Аң аулаудың да өзіндік ережесі бар. Мәселен, құстарды, оның ішінде үйрек, қаз, кекілікті аулауға 15 қыркүйектен 15 желтоқсанға дейін, қабан үшін 15 қыркүйектен 31 желтоқсанға дейін, қоян, қарсақ аулаудың қысқы маусымына 1 қарашадан 15 ақпанға дейін жолдама алуға рұқсат етіліп отыр. Ал қасқыр аулауға 1 қаңтардан 31 желтоқсанға дейін рұқсат етілген, – дейді Нұрлан Иманғалиев.
Оның мәліметіне қарағанда, қазір өңірде сүтқоректілердің – 21, құстардың 114 түрі мекендейді. Қабан, қасқыр, қоян, түлкі, қарсақ, үйрек, қаз, кекілік аулау үшін аңшылық жолдамада көрсетілген санына ғана рұқсат беріледі.
– Әрине, әр нәрсенің өлшемі бар. Баршаның міндеті – табиғат байлығын қорғау, тыныштығын сақтау. Ережені елемей, аң аулау тәртібін бұзушылар жауапкершілікке тартылады. Аңшыда аңшы куәлігі, аңшылық шаруашылығы нысанының жолдамасы, жануарлар дүниесін пайдалануға берілген, жеке аңшылар үшін қару мен оқтарды сақтауға, алып жүруге рұқсаты болуы керек. Ал жыртқыш құстарды төлқұжат болғанда ғана аулауға рұқсат беріледі, – деп мәлім етті Нұрлан Иманғалиев.
Атырау облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының мәліметіне сүйенсек, былтыр аң аулау ережелерінің талаптарын бұзған 11 адам анықталған. Олар табиғатқа 862 млн 703 мың 200 теңге шығын келтірген. Қазір Атырау облысында ресми тіркелген 6 мыңнан аса аңшы бар. Алайда 3 мыңға жуығы ғана аңшылықпен тұрақты түрде айналысады.
Теңіз жағалауындағы қамыс өртіне кінәлілер анықтала ма, жоқ па, әзірге белгісіз. Дегенмен атыраулықтарды қолқаны қабатын түтіннің иісі алаңдатып отыр. Тіпті шаһар көшелерінде қамыстың күлі ұшып жүр. Түтін де, күл де адам денсаулығына зиян ғой. Бірақ жұтар ауасы жұпар емес, экологиялық ахуалы нашарлаған өңірдің бұл проблемасына ешкімнің «бас ауыртқысы» келмейтіні өкінішті-ақ.
Қара жерге төгілген қара май
Табиғатқа қарсы тағылық әрекетке баратын қара жерге мұнайға ұқсас қара майды төгуді тоқтатар емес. Облыстық экология департаментінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сүйенсек, Исатай ауданындағы Жанбай ауылының маңында үш жерге мұнай өнімдері тәріздес сұйықтық төгілгені анықталды. Бүлінген жердің аумағы 323 шаршы метрді құрайды.
– Экология департаментінің мамандары әлеуметтік желіге жүктелген видео, фотоларға ұдайы мониторинг жүргізіп отырады. Сондай мониторингтің бірі 17 қыркүйекте жүргізіліп, мұнай өнімдері тәріздес сұйықтық төгілген жерлерге назар аударылды. Кейін департамент мамандары белгісіз біреулердің Исатай ауданындағы Жанбай ауылынан 3 шақырым қашықта мұнай өнімдері тәріздес сұйықтықты ашық далаға төгіп кеткенін анықтады. Жедел әрекет ету мақсатында департамент мамандары аталған орынға барып, тексеру жұмыстарын жүргізді, – деп хабарлады баспасөз қызметі.
Қоршаған ортаға зиян келтіргендердің заңсыз әрекетінен бүлінген үш аумақтан зертханалық талдау жасалатыны даусыз. Осы мақсатта ластанған топырақтан сынамалар алынды. Табиғатты бүлдіру дерегі бойынша қарау хаттамасы толтырылды. Бүлінген аумақтар фото және бейнежазбаға түсірілді. Кінәлі адамдарды анықтау мақсатында тиісті құжаттар жинақталып жатыр.
Осындай тағы бір дерек Мақат ауданында да тіркелді. Әлеуметтік желіге Доссор кентінен шамамен 15-17 шақырым қашықта орналасқан Жыңғылды елді мекенінің тұсында кен орнын пайдаланғаннан кейін қараусыз қалдырып, мұнаймен сол аумақты бүлдіргені туралы бейнежазба жүктелген. Осыған орай департамент мамандары 19 қыркүйекте аталған аумақта тексеру жүргізді. Оған аудандық прокуратураның, аудан әкімдігі мен аудандық полиция қызметкерлері қатысты. Тексеру кезінде Доссор кентінен шамамен 15 шақырым қашықтықта орналасқан кен орнының аумағындағы топыраққа мұнай өнімдеріне ұқсайтын сұйықтық төгілгені анықталып отыр.
Департаменттің зертханалық талдауды бақылау бөлімінің маманы бүлінген жердің топырағынан сынама алды. Қазір департамент мамандары кен орнының қай кәсіпорынға тиесілі екенін анықтау жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Міне, мұнайлы өңірдегі табиғатқа қарсы жасалған тағылық осылай жалғасып жатыр. Мұндай әрекет қашанға дейін созылады?
Атырау облысы