Мерзімінен бұрын өтетін Президент сайлауының тарихи ерекшелігі көп. Өйткені, біріншіден, Қазақстанның жаңа тарихында алғаш рет сайлаудың өтетін мерзімі алдын ала жарияланды.
Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауы өтетінін Мемлекет басшысы 1 қыркүйектегі Жолдауында мәлімдеген еді. Кеше Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына үндеуін жариялады. Онда «Осы бастама жарияланғаннан бері бір айға жуық уақыт өтті. Бұл – барлық мәселені байыппен талқылап, жағдайды бағамдауға жеткілікті мерзім.
Халық біздің саяси жүйені өзгерту туралы жоспарымыздың мән-маңызын жақсы түсініп отыр. Сондықтан мен бүгін бұған дейін айтылған сайлаудың мерзіміне және Конституцияның талаптарына сәйкес кезектен тыс Қазақстан Республикасы Президенті сайлауын 2022 жылғы 20 қарашада өткізу туралы Жарлыққа қол қойдым.
Бұл науқан елдің бүкіл саяси жүйесін түбегейлі өзгертетін сайлау кезеңін бастап береді. Сол арқылы экономиканы тұрақты дамытуды, халықтың әл-ауқатын арттырып, тұрмыс сапасын жақсартуды көздейтін ұзақмерзімді міндеттерді жүзеге асыруға мүмкіндік туады», деп мәлімдеді.
Шынында да, жалпы алғанда қоғамдық талқылау өткізуге және алдын ала дайындық жасауға бұл уақыт жеткілікті. Ал бұған дейінгі саяси дәстүр бойынша кезектен тыс сайлаудың уақытын жариялау мен Жарлыққа қол қою бір күнде болатын. Сонымен қатар Президент алдағы Парламент сайлауының уақытын кем дегенде алты ай бұрын жариялады. Бұл барлық саяси күштің алдағы Парламент пен мәслихат сайлауларына дайындалуға жеткілікті уақыты бар дегенді білдіреді.
Саяси тұрғыдан сараптап қарасақ, бұл сайлаудың болатыны анық еді. Дәл 20 қарашаға дөп келуі президенттік сайлау заңдылықтарының уақыт шеңберіне байланысты деп есептеймін. Саяси партиялар, басқа да белсенділер сайлауалды бағдарламаларын пысықтауына, үміткерлерді өзара іріктеуге бір ай уақыт берілді деп түсінсе болады. Енді нақты үміткерлер ұсынылады. Мемлекетіміздің тұрақты, әлемдік шиеленістерге дайын болу мақсатында осындай қарқынды жүйе керек.
Қарашадағы сайлау әлем құбылып, геосаяси қауіпсіздік маңызды мәселелердің біріне айналған кезеңде өтеді. Бұл сайлаудың тарихи маңызы – ең көп дауыс жинаған үміткер Президент лауазымында бір мәрте ғана отыра алатынында. Ал жетіжылдық мерзім тұрақтылықтың арқасында реформаны іске асыруға мүмкіндік береді.
Әділ САЙЛАУБЕК,
қоғам қайраткері