Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстанды басқарып отырғанына үш жылдан асты. Осы аралықта елімізде түрлі өзгерістер болды. Сондықтан Президент сайлауын соңғы үш жылда жүзеге асқан барлық саяси реформалар тұрғысынан қарастырған жөн.
Дәлірек айтсақ, 2019-2022 жылдары Президенттің саяси бастамаларының өте үлкен пакеті заңнамалық деңгейде іске асты. Енді қазір сайлау арқылы аталған реформаларды нақты орындау, оны бекіту кезеңі басталды.
Бірінші кезеңде біз конституциялық реформа өткіздік, референдумда Ата Заң 30 пайызға жаңарды. Осындай үлкен өзгерістерден кейін Президент, Парламент және барлық деңгейдегі мәслихаттарды сайлау маңызды. Осылайша, Президент және Парламент сайлауын кезең-кезеңімен өткізу арқылы біз ең алдымен, еліміздің саяси жүйесін қайта жаңартамыз.
Кезектен тыс Президент сайлауы 20 қарашада өтетін болды. Келесі жылы Парламент сайлауы болады. Қоғам болған соң түрлі пікірдің айтылуы заңдылық. Осы орайда, «қазіргідей алмағайып кезеңде кезектен тыс сайлау өткізудің қажеті қанша» деген пікірді де арагідік естіп қаламыз. Меніңше, үш жылда атқарылған ауқымды жұмыстар мен жүргізілген түрлі реформалардан кейін сайлау өткізіп, елдің алдағы бағыт-бағдарын тағы бір айқындап алатын уақыт жетті. Сол себепті ел тұрғындары алдағы саяси шараға бір адамдай жұмыла атсалысуы керек.
Өз тарихында «бірлік керек» деген сөзді қазақтан көп айтқан ұлт жоқ шығар. Дәл осы сөзді қазір де айтуға тиіспіз. Өйткені мемлекет үшін бірлік бізге ауадай қажет. Алдағы сайлау халықты біріктіруге бағытталған. Бүгінгі әлемде қалыптасқан жағдайды қаперге ала отырып, азаматтарымыз болашақтағы бағытымыз бен нақты жоспарымызды анық түсінуі қажет. Сайлау конституциялық реформалардың қорытындыларын бекітіп қана қоймайды, сондай-ақ басқа салалардағы реформаларды жалғастырып, нығайту үшін қажетті уақыт пен сенім мандатын береді. Ал алдағы реформалар ең алдымен әлеуметтік және экономикалық бағытты қамтитыны даусыз.
Жастардың өкілі болғандықтан, өз қатарластарымды алдағы сайлауда белсенді болуға шақырамын.
Дәурен ҒАЗИЗ,
С.Торайғыров университеті, саясаттану ғылымдарының магистранты
ПАВЛОДАР