ЕЛДЕР ХАЛЫҚ ИГІЛІГІ ҮШІН ЫНТЫМАҚТАСАДЫ
Еуразиялық экономикалық одақ еркіндік, тең құқылық өзара тиімділік, әрбір елдің прагматикалық мүддесін ескеру ұстанымдары негізінде құрылуы тиіс.Н.Ә.НАЗАРБАЕВ,
Қазақстан Республикасының Президенті.
Кеден одағы отандық экономика, бизнес өкілдері мен қарапайым адамдарға не берді және Біртұтас экономикалық кеңістіктегі іс-қимылдардан не нәрсе өзгереді? Бұл туралы бізбен болған шағын сұхбатында «Сауда саясатын дамыту орталығы» АҚ-тың бас директоры Руслан СҰЛТАНОВ әңгімелейді. – Руслан Серікұлы, 2010 жылдан бері үш елдің аумағында Кеден одағы жұмыс істеп келеді. Кедендік кедергілер алынып тасталған бизнес жұмысы жағдайларындағы ұлттық экономиканың аралық қорытындылары қандай? – Кеден одағы елдері аумағында тауарлардың еркін қозғалысы және тұтастай алғанда, біртұтас сыртқы сауда саясаты қазірдің өзінде оң нәтижелерін беріп отыр. Мәселен, 2013 жылы Қазақстанның Ресеймен және Беларусьпен сауда айналымы интеграциялық үдерістер іске кірісе қоймаған 2009 жылмен салыстырғанда 87,6 пайызға артып, 24,2 млрд. АҚШ долларын құрады. Қазақстан экспортының серпінділігі үш жыл бедерінде 64 пайызға өскенін де атап көрсеткен жөн. Ақшалай мазмұнда айтатын болсақ, ол 5,9 млрд. АҚШ долларына жетті. Және бүгінде негізгі өсімді қосымша құн салығы жоғарырақ өңдеуші өнеркәсіп тауарлары беріп отыр. Қазіргі кезде олардың Қазақстан экспортындағы үлес салмағы шамамен 55 пайызға жуықтайды. Мысал үшін бірнеше ғана дерек келтірейін. Кондитер бұйымдарының экспорты 4 жылда 9 есе өсіп, 35 млн.-нан астам АҚШ долларын құраса, макарон бұйымдары – 60 пайыз, күріш 5 есе артқан. Сондай-ақ, шырындар, автомобиль техникалары, құбырлар, трансформаторлар, конденсаторлар мен басқа да тауарлар көлемі бірнеше есе ұлғайды. Шекарада кедендік бақылауды алып тастау қазірдің өзінде бизнес үшін әкімшілік жүктемені төмендетіп үлгерді. Ал бұл өзара сауда-саттық көлемін дамытуды ынталандырмай қоймайтын жайт болса керек. – Көп азаматтар біртұтас валюта енгізілуден қауіптенеді. Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы интеграциялық байланыстардың бұл салаға қатысы қандай көлемде болады деп ойлайсыз? – Мұндай шешім қабылдануы мүмкін емес. Өйткені, біртұтас валюта енгізу Одаққа қатысушы елдердің қаржы-экономикалық заңнамаларын үйлестіруді, біртұтас макроэкономикалық саясат жүргізу бойынша ұзақ жұмыстарды қажетсінеді. Оның үстіне, үш елдің экономикалық жағдайларына тікелей тәуелді. – Қарапайым адамға адам капиталының еркін қозғалысы не береді? Қазақстандық жоғары оқу орындарының жоғары білім туралы дипломдары Ресей мен Беларусьте еңбекке орналасу кезінде мойындала ма? – Адам капиталының еркін қозғалысы қарапайым адамның Еркін экономикалық кеңістік елдерінде жұмысқа орналасу немесе оқу кездерінде уақытты айтарлықтай қысқартып, ресімдерді қарапайымдандырады. Қазірдің өзінде Қазақстан азаматтары Ресей аумағында міндетті тіркелусіз 30 күн бойы бола алады. Бұған қоса, одақтас елдерде жұмысқа орналасу кезінде бірдей құқықтарды иеленеді. Қазіргі кезде дипломдары Еркін экономикалық кеңістікке қатысушы барлық үш елдің аумағында қуаттауды талап етпейтін жоғары оқу орындарының тізімі түзіліп жатыр. Мысал үшін айтсақ, «Назарбаев Университеті» түлегінің М.В.Ломоносов атындағы ММУ-дің түлегі секілді Ресей мен Беларусьте жұмысқа орналасуына толықтай құқы бар. – Еңбекші-мигранттың қандай құқықтары қарастырылған, тіпті, мүмкін, қандай да бір жеңілдіктерді де пайдалана алатын шығар? – Бүгінде «Еңбекші-мигранттар мен олардың отбасы мүшелерінің құқықтық мәртебесі туралы» келісімге сәйкес, еңбекші-мигранттар азаматтардың басымдықтарын толық көлемінде пайдалана алады. Мәселен, жоғарыдағы құжат бойынша елдер ішкі еңбек нарығын қорғау мақсатында қабылдаған жұмысқа рұқсат беру рәсімі алынып тасталған. Енді Еркін экономикалық кеңістікке қатысушы елден келген жұмысшы да балаларын мектепке дейінгі мекемелерге және мектепке орналастыра алады. Сол секілді, медицина мекемелерінің қызметтерін, т.б. қызметтерді пайдалану мүмкіндігіне ие. Бұл жерде, жоғарыдағы құжаттың күші мемлекеттік қызметте жұмыс істеуге және әскери қызметтен өтуге ғана жүрмейді. – Сонда елдер арасында проблемалық мәселелер мүлдем жоқ деп ой түюге бола ма? – Әрине, жоқ. Мәселен, әзірше табыс салығында сәйкессіздіктер бар. Ресейде қазақстандық мигранттар үшін ол 30 пайызды құраса, Қазақстанда жұмыс істейтін ресейліктер өз табыстарының 10 пайызын ғана төлейді. Қазақстан мөлшерлемелерді теңдей етуге қол жеткізе алды. Осылайша, 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап Ресей Федерациясындағы қазақстандық еңбекші-мигранттар үшін де табыс салығының мөлшерлемесі 10 пайызды құрайтын болады. Осы жерде атап көрсететін бір жайт – «Еңбекші-мигранттар мен олардың отбасы мүшелерінің құқықтық мәртебесі туралы» келісім күшіне енген сәттен бастап еңбек миграциясының ағыны Қазақстаннан да, сондай-ақ, Қазақстанға да айтарлықтай артқаны байқалып отыр. Түйіп айтқанда, интеграция – өзіндік бір міндет емес, мақсаттарға қол жеткізудің тетігі. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Сәулебек БІРЖАН. АСТАНА.Ұтарымыз көп болатыны қуантады
Ел экономикасын еселеп арттырып, озық отыз мемлекеттің қатарына ену мақсатында көптеген игі шаралар қолға алынып отыр. Солардың бірі, таяуда құрылғалы отырған Еуразиялық экономикалық одақ екені белгілі. Экономикалық мақсатта құрылғалы тұрған одақтың елімізге тигізер әсері туралы Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары Рахым ОШАҚБАЕВПЕН әңгімелескен едік. – Рахым Сәкенұлы, Еуразиялық экономикалық одақтың құрылуы туралы ел аузында түрлі пікірлер жүр. Ал біздің білгіміз келетіні, бұл одақ еліміздің кәсіпкерлеріне қаншалықты тиімді әрі пайдалы болады? – Еуразиялық экономикалық одақ құру ең әуелі отандық кәсіпкерлер үшін қолайлы болмақ. Әсіресе, қайта өңдеумен айналысатын бизнесмендеріміз үшін аса тиімді. Бізде жүзеге асып жатқан экономиканы индустрияландыру бағдарламасы еуразиялық нарық арқылы ықпалдасуымызды талап етіп отырғанын айту керек. Нарықтың аумағын 170 млн. адамға арттыру арқылы бұрын Қазақстанда болмаған салаларды дамытуға жол ашылады. Мәселен, машина құрастыру, тепловоздар өндірісі, вагондар құрастыру және т.б дегендей. 2010 жылдан бері Қазақстанда жаңа екі жүз елуден астам тауар түрі өндіріліп жатыр. Оның үстіне, Ресей мен Беларусь елдеріне экспортталған өнім көлемі екі есеге көбейгенін тілге тиек еткім келеді. Мұнымен қатар, еліміздің ауыл шаруашылығы саласына ауқымды міндеттер жүктеледі. Ал, ол міндеттер еуразиялық нарықсыз іске аспайтынына көзіміз жетіп отыр. Ресей мен Беларусь елдерінің мемлекеттік сатып алу нарығының өзі біздікінен 26 есе көп. Нақты айтқанда 198 млрд. долларды құрайды. Одақ аясында біздің елдің кәсіпкерлері осынау мол қаржының игерілуіне еркін араласа алады. Ал, шетелден қаржы тарту үшін мүлде жаңа мүмкіндіктер ашылуда. Бізде бизнесті бастауға қолайлы жағдай барын ескерсек, Қазақстан трансұлттық компаниялар үшін еуразиялық нарыққа енер жол болуы мүмкін. Себебі, еліміз бизнес-ахуал жағынан озық тұр. Мұны көптеген сарапшылар мойындаған. Нақты дәлелін айтар болсақ, біздің елде салық деңгейі төмен. Оған қоса, жекеменшік құқықтары қатаң сақталады. Сондай-ақ, бізде бизнеске қажеттің бәріне қолжетімді. Таяуда қабылданған заңнама бойынша, кез келген кәсіпкерлік субъектісі Үкіметке өз ұсынысын жолдай алады. Өстіп, елге инвестициялар мен кәсіпкерлерді тартуға барлық қолайлылықтар жасалған. Осы игіліктің бәрін екшей келіп, ықпалдастықтан түсетін экономикалық пайданы жоққа шығармауымыз керек. Айтқандай, қазақстандық кәсіпкерлерге бірлескен мекемелер мен өнеркәсіптік кооперациялар құру үшін де үлкен мүмкіндіктер ашылып жатыр. – Экономикалық одақтың құжаттарын дайындауға Ұлттық кәсіпкерлер палатасы қатысты ма? Қатысқан болса, өздерінің көкейдегі тілектері мен кәсіпкерлікке тиімді ұсыныстарын толық өткізе алды ма? Халықаралық бұл құжаттың әлі де жетілдірілетін тұстары бар ма? – Өткен жылдың қараша айынан бері біз Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы келісімшарт жобасы бойынша өткізілген келіссөздерге қатысып жүрміз. Осы уақытта, Ұлттық кәсіпкерлер палатасы келісімшарт жобасының соңғы нұсқасын алып отыр. Ал, ұлттық палатаның сарапшылары толығымен сарапшылар тобының жұмысына араласып келеді. Нәтижесінде, Ұлттық кәсіпкерлер палатасының ұсыныстары қазақстандық тараптың ресми ұстанымы ретінде де қабылдануда. Күні бүгін келісімшарт жобасын түзету жұмыстары жүргізіліп, кейбір сұрақтар бойынша нақтылау жұмыстары жасалуда. Жалпы, Үкімет пен Ұлттық кәсіпкерлер палатасы қазақстандық тараптың мүддесі үшін аянбай тер төккенін айрықша айту керек. Әсіресе, көлік, арнайы субсидиялау, қызмет саудасы, реттеу шараларын бағалау тетіктері бойынша көптеген талқылау жұмыстары жасалды. – Еуразия кеңістігінде осындай экономикалық одақ құрылып жатқанынан әлемдегі бизнес қауымдастықтар қаншалықты хабардар? Жалпы, әлемдік бизнес қауымдастығының осы одаққа деген көзқарасы мен пікірі қандай? – Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы келісімшарт жобасын талқылауға арналған келіссөздерге қатысқан Ұлттық кәсіпкерлер палатасы ашықтық қағидатын ұстанды. Өткен жылдың қараша айынан бастап Ұлттық кәсіпкерлер палатасының сайтында келісімшарт жобасының түзетілген 5 түрлі нұсқасы жарияланды. Талқылаулар мен реттелмейтін жеке позициялар туралы мәлімет тұрақты түрде веб парақшаға басылып тұрады. Содан болар, соңғы кезде әлемдік бизнестің Еуразиялық экономикалық одақтың мүмкіндіктеріне деген қызығушылығы артқанын айтқым келеді. Осы қызығушылық арқылы бизнес жаңа нарықты бағындыру үшін нақты қадамдар жасайды деген сенімдеміз. Еуразиялық экономикалық одақтың құрылуымен Қазақстанда бизнесті жүргізуге деген ықылас арта түсетіні айтпаса да түсінікті. Әлемдік бизнес қауымдастықтар да мұны жақсы біліп отыр. Тек өткен жылдың өзінде Қазақстанға «Toyota» және «Peugeot» сынды әлемдік екі ірі автоконцерн келді. Ал, «Рахат» кондитерлік фабрикасын кореялық Lotte корпорациясы қаржыландырды. Еуразиялық нарықтың берер мүмкіндігін білмесе бұл «алыптар» бізге келмес еді. – Экономикалық одақ өз жұмысын бастағанда, еліміздегі шағын және орта бизнеске оның әсері қандай болады? Құжаттарды әзірлеу барысында шағын және орта бизнес өкілдерінің ой-пікірлері ескерілді ме? – Ұлттық кәсіпкерлер палатасы ең бірінші кезекте елдегі шағын және орта бизнестің мүддесін қорғап келе жатқанын атап өткім келеді. Жоғары білікті мамандары бар ірі компанияларға өзінің ұсыныс-тілегін тиісті орындарға жеткізу қиын емес. Ал, шағын және орта бизнеске келгенде жағдай басқаша. Сондықтан, келісімшарт жобасы бойынша Ұлттық кәсіпкерлер палатасының алаңында өңірлік кәсіпкерлер палатасы, бизнес қауымдастықтар мен кәсіпкерлердің қатысуымен отыздан астам мәжіліс өтті. Осылайша, шағын және орта бизнес өкілдері өздерін толғандырып жүрген мәселелерді жеткізуіне мүмкіндік алды. Десем де, аса мән беретін мәселе шағын және орта бизнес өкілдері қазірдің өзінде еуразиялық нарық жағдайында жұмыс істеуде. Әсіресе, шекаралық сауда белсенді дамып жатыр. Әлбетте, қиындықтар, кедергілер кездесетінін жасыра алмаймыз. Бірақ, олардың барлығы шешіледі. Шешімі бар. Мәселен, қолданыстағы базалық келісім салдарынан туындайтын кедергілер бар. Келісімшарт жобасын талқылау кезінде осы кедергілерді назарға ала отырып, базалық келісімді жетілдіруге қол жеткіздік. Тоқсан тарау ойдың түйініне келер болсам, Еуразиялық экономикалық одақ құрылса, қазақстандық экспорттаушылар алдында кездесетін көптеген қиындықтар азайып, есесіне біздің кәсіпкерлердің Ресей мен Беларусь жерінде табысты еселейтініне сеніміміз зор. Бұған күмәніңіз болмасын. – Әңгімеңіз үшін рахмет. Әңгімелескен Нұрбай ЕЛМҰРАТОВ, «Егемен Қазақстан».Кәсіпкерлер қолдауы
Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен дәстүрлі брифингке Ұлттық кәсіпкерлер палатасы төралқасының мүшесі Талғат Доскенов қатысып, интеграция игіліктері жайында әңгімеледі. «Еліміздің ірі бизнес қоғамдастығы – Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы шартқа қол қойылуына қолдау білдіреді. Біріншіден, біз қазақстандық кәсіпкерлер ортақ еуразиялық нарықтың басымдығын сезініп отырғандығын мәлімдейміз. Екіншіден, ЕЭО құру туралы келісімшартқа қол қойылуына толығымен қолдау білдіреміз. Үшіншіден, біз экономикалық прагматизм ұстанымдары басшылыққа алынуы керектігіне сенімдіміз. Егер Қазақстан үшін қандай да бір базалық келісім ескірсе, онда оларды ауыстыру қажет», деді Ұлттық кәсіпкерлер палатасы төралқасының мүшесі Т.Доскенов. Сондай-ақ, ол палата ЕЭО құру туралы шарт жобасының ең соңғы редакциясымен жете таныс әрі оның өкілдері сарапшылар тобының отырысына қатысқанын да назардан тыс қалдырмады. Бүгінде интеграцияның ел бизнесі үшін пайдалы екендігін зор сеніммен айтуға болады. 2013 жылы еліміз Кеден одағы елдеріне шығарған экспортының нақты көлемі электр трансформаторлары бойынша – 7,4, тракторларда – 5,7, металл прокаттау станоктарында – 5,5, мұздатқыштарда – 4,5, жүк көліктерінде 3,7 есе өскен. Еуразиялық нарыққа шығу келешегі шетелдік ірі инвесторлардың да назарын аударған. Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы шартқа Қазақстан, Ресей және Беларусь президенттері ағымдағы жылдың 29 мамырында елордада қол қояды деп күтілуде. Бұйыртса, Қазақстан дипломы Ресей мен Беларусьте де жарамды болмақ. Бұл мәселе елордада өтетін Бірыңғай экономикалық комиссия департаменттері мен комитеттерінің отырысы аясында кеңінен талқыға түсетін болады. Ал аталған отырыстар Қазақстан, Ресей және Беларусь президенттері Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы шартқа қол қоярдың алдында, яғни 20 мамыр күні өтпек. «Отырыстарда дипломдарды заңдастыру мәселесі қаралады. Біз дипломдарды танудағы кедергілерді жою үшін оның автоматты түрде болмаса да жартылай автоматты режімде өтуін қалаймыз. Бұл әрқайсымыздың еркін жүруіміз үшін қажет. Өйткені, біз ортақ еңбек нарығын құрудамыз», деді ол. Сонымен қатар, аталған алқалы жиындар барысында білім саласынан бөлек еңбек көші-қоны, зияткерлік меншік мәселелері де жан-жақты талқыланбақ. Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК, «Егемен Қазақстан».Келешекке кемел қадам
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде оқыған дәрісі әлемдік жұртшылық назарын өзіне негізді түрде аударды. Еуразиялық ықпалдасудың бас сәулетшісі зиялы қауым алдында қазіргі заманғы қоғамды күйзелтіп отырған көптеген жүйелік дағдарыстарды жеңуге мүмкіндік беретін нақты идеяларды жария етті. Президент атап өткеніндей, жаһандану мен аумақтану әлемдік экономикалық дамудың маңызды айқындауыштары болып табылады. Жаһандану мемлекеттердің ықпалдастық серпіндерін аймақтық және тіпті, құрылықішілік өлшемде жандандырады. Түрлі жаһандық тәуекелдерге қарсы тұра отырып, әлемдік үрдістерден де тысқары қалмай, ұлттық өлшемнен биік мүдделер деңгейіне шыға отырып, елдер мен халықтар күш-жігерлерін біріктіре түсуде. Бұған әлемде жемісті де табысты мысалдар жекілікті: Еуропалық Одақ ауқымындағы батысеуропалық ықпалдасу тереңдеп, солтүстікамерикалық НАФТА еркін сауда аймағы құрылды, Латын Америкасы елдерінің аймақтық блоктарын – МЕРКАСУР-ды қалыптастыру үдерістері, Анд тобы жанданды. Неғұрлым ықпалды топтарға Оңтүстік-Шығыс Азия елдері ассоциациясы, Азия-Тынық мұхит экономикалық ынтымақтастығы, Шанхай ынтымақтастық ұйымы жатады. Еуразиялық экономикалық одақтың құрылуы – уақыт талабы, жаһандық қатерлерді бірлесе еңсеруге деген маңызды қадам болып табылады, мұның қажеттілігін Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев бұдан жиырма жыл бұрын көре білген еді. Мемлекет басшысының Мәскеу мемлекеттік университеті қабырғасында 1994 жылғы сөзінен кейін еуразиялық ықпалдасу идеясы қалыптасудың бірқатар сатыларынан өтті. Тарихтың ортақтығы, менталитет ұқсастығы, экономикалық дамудың бірыңғай бағыты еуразиялық ықпалдастық үдерісінің алғышарттары болды. Өмір Нұрсұлтан Назарбаевтың еуразиялық жобасының келешегі мен табыстылығын көрсетті. Оның жүзеге асуы аса қуатты тұғырлы негізбен байланысты. Еуразиялық экономикалық қауымдастық, сондай-ақ, 2010 жылы құрылған Кедендік одақ еуразиялық ортақтық тұжырымдамасының бейнелі белгісі және сонымен қатар, посткеңестік елдердің Біртұтас экономикалық кеңістік пен еуразиялық одақ құруға деген бұдан былайғы қозғалысының бағыт-бағдары болды. Еуразиялық идея посткеңестік елдер үшін ықпалдасу үдерістерінің күшею бағытын ұзақ мерзімге белгілеп берді. Және осы ауқымды міндеттің тарихи тұрғыдан алғанда қысқа мерзім ішінде жүзеге асуы ең алдымен Қазақстанның Тұңғыш Президентінің саяси ерік-жігері мен пассионарлық күш-қуаты арқасында мүмкін болды. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Мәскеу мемлекеттік университетіндегі қазіргі сөзі еуразиялық жоба дамуының жаңа кезеңін бағалаудағы маңызды буындарды баса көрсетіп, келешекке кемел қадамның бағыт-бағдарын сызып берді. Президент атап өткеніндей, Еуразиялық экономикалық одақ – тарих қойнауына кеткен кеңестік пішімдегі одақты тірілту емес. Бұл бірлестік, ең алдымен экономикалық одақ ретінде қарастырылады, оның дамуы экономикалық прагматизм, жауапкершілік, дамудың біртектілігі және Еуразиялық экономикалық одақтың ашықтығы қағидаттарына негізделуі тиіс. Еуразиялық ықпалдасудың мәні ең әуелі еуразиялық кеңістік азаматтарының мүдделеріне қамқорлықтан көрініс табады. Нақ осы адам капиталының қуатты дамуының қажеттілігі қазіргі заманғы геосаяси ақиқатта біздің еліміздің біртұтастығын қамтамасыз етеді. Еуразиялық инновациялық-технологиялық өзара бірлесудің 2025 жылға дейінгі бағдарламасын қабылдау мен еуразиялық инновациялық кеңес құру жөніндегі Президент ұсынысы осы мақсатқа сай келеді. Президент атап өткеніндей, экономикалық ықпалдасу елдер арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстарды, соның ішінде білім беру қызметтерін күшейтеді, ал мұның өзі инновациялық-индустриялық даму үшін маңызды болып табылады. Білім беру қызметі нарығын қалыптастыру біздің елдеріміздің арасында жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру саласындағы ынтымақтастықты дамытудың стратегиялық жоспарын жасауды талап етеді. Еуразиялық жобаның бірінші дәрежелі міндеттері мен болашақ бағыттары қатарына жоғары білім, ғылым және инновация саласындағы интернационалдану мен мемлекетаралық ынтымақтастық үдерісін, білім беру мен ғылымды бағалау жүйелерін біріздендіруді: атап айтқанда ұйымдарды аккредитациялау мен мамандарға сертификат беру; дипломдардың бірдейлігін тану модельдерін жасау; жоғары оқу орындары арасындағы ынтымақтастықтың ережелері мен қағидаттарын бірлесе жасау; желілік университтер үшін жағдай туғызу сияқты міндеттерді жатқызуға болады. Еуразиялық одақтың құрылуы посткеңестік кеңістік елдері үшін жаңа дәуірдің бастамасы, ғаламдық талаптарға берілген жауап, аса маңызды геосаяси жетістік және ынтымақтастықтың жаңа деңгейіне шығудың іргетасы болып табылатынына күмән жоқ. Ғалым МҰТАНОВ, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры. АЛМАТЫ.Алда – мол мүмкіндіктер кезеңі
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 1994 жылы М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде сөйлеген сөзінде мемлекеттердің Еуразиялық одағын құруды ұсынған болатын-ды. Қашанда әр бастаманың жарқын болашағына көз жеткізіп барып қадам жасайтын Мемлекет басшысы содан бергі уақытта мұндай интеграциялық үдерістерге берік негіз қалауға да ұйытқы болғаны шындық. Оған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде Еуразиялық интеграция тақырыбына оқыған дәрісін теледидардан тыңдап, баспасөзден оқығанымызда тағы да көзіміз жетті. Уақыт дегенің шапқан аттай тым жүйрік. Арада өткен жиырма жылда жүргізілген жүйелі жұмыстың нәтижесінде осы жылдың мамыр айында Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа қол қойылатын болды. Ол өзінің сөзінде «қашанда әуелі – экономика, сосын саясат формуласының шынайы жақтаушысы болдым және болып келемін. Бұл қағидат біздің еліміздің ішкі де, сыртқы да саясатына теңдей тарап, жалпыға ортақ сипатқа ие болып отыр», деп атап өтті. Айтса айтқандай, осындай сара саясаттың арқасында елімізде бірлік пен тұрақтылық қалыптасып, адамдар жылдан-жылға бақуатты тұрмысқа қол жеткізіп келеді. Нұрсұлтан Әбішұлы атап көрсеткеніндей, 2013 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда ішкі жалпы өнім 6 пайызға өскен, экономиканы үдемелі индустрияландыру аясында төрт жылда 780 жаңа кәсіпорын салынып, 250-ден астам өнімнің жаңа түрлері өндірілген, әлемнің 111 елі қазақстандық кәсіпорындардың дайын өнімдерін сатып алады екен. Міне, осының өзі-ақ, интеграцияның тиімділігін көрсетсе керек. Еуразиялық одақ арқылы шағын және орта бизнесті дамытуға мол мүмкіншіліктер ашылады, халықтың әлеуметтік деңгейі өседі. Елбасы сондай-ақ, сыртқы экономикалық және мәдени байланыстардың қайтарымдылығына тереңірек тоқталды, экономикалық әріптестікті нығайтуға байланысты ұсыныстарын баяндады, жаңа еуразиялық агломерация құру мәселесі төңірегінде әңгіме өрбітті. Ол бұл байланыстарда инновациялық ұстанымдарға, менеджменттің жаңа модульдеріне арқа сүйеу керектігіне айрықша тоқталды. Әсіресе, ауыл шаруашылығы саласының маманы ретінде маған Еуразиялық аграрлық академия құру, агроөнеркәсіп саласын кооперациялау қажеттігі туралы ұсыныстары ұнады. Мұның әріптес елдердің ауыл шаруашылығын дамытуға серпін берері сөзсіз. Өзім ұзақ жылдардан бері басқаратын серіктестік пен Ресейдің шекаралас аймақтарының шаруашылық құрылымдары арасында тығыз әріптестік байланыс орнатылған десем артық айтқандық болмас. Көршілермен барыс-келісіміз, алыс-берісіміз қалыптасқан. Біздің серіктестік элиталы тұқым шаруашылығы болып табылады. Бізде «Алқап-өңдеу және сауда» ауыл шаруашылығы кластері жүйеленген. Мал шаруашылығы саласында да табыссыз емеспіз. Өзіміздің шағын мал сою цехында ет және шұжық өнімдерінің 30-ға жуық түрлері шығарылады. Серіктестік базасында ресейлік ауылшаруашылық тауар өндірушілерімен тәжірибе алмасу бағытында кездесулер мен семинарлар өткізіліп тұрады. Сәті түскенде оларға да барып тұрамыз. Мұндай әріптестік және іскерлік қарым-қатынас, экономикалық байланыстар екіжақты тиімді екенін көрсетіп отыр. Елбасының Мәскеу мемлекеттік университетінде оқыған дәрісінде айтылған айшықты ойлар Еуразиялық кеңістіктегі елдерді үлкен істерге жігерлендіреді. Жалпы, алдан экономикалық дамудың жаңа, тың жолдары ашылатынына сенім мол. Өзара байланыссыз ілгерілеу болмайды. Сондықтан бұл бастаманың болашағы зор екені сөзсіз. Аманғос ТӨЛЕУОВ, «Степное» ЖШС директоры, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты. Ақтөбе облысы, Қарғалы ауданы.«Жасыл ел» жасақтары көршілермен байланыс орнатуда
Ақ Ертістің жағасында, ашық аспан астында орналасқан амфитеатрда шығысқазақстандық студенттердің еңбек жасақтары кезекті жазғы еңбек маусымын салтанатты түрде ашты. «Жасыл ел» жасағының штаб директоры Қуаныш Қасенов жастардың жаңа маусымға дайын екенін мәлімдеп рапорт берді. Рапортты қабылдаған облыс әкімі Бердібек Сапарбаев өңірде құрылыс нысандарының артуына байланысты «Жасыл ел» жасақтарының саны жылдан-жылға көбейіп келе жатқанын атап өтті. Биыл өңірде студенттердің еңбек жасақтарына бөлінген қаржы 6 миллион теңгені құрайды. Еңбек сарбаздары осыған дейін 300 мың данаға жуық көшет өсіріп, аймақтың абаттануына үлкен үлес қосты. Жаңа маусым еңбек жасақтарының 55 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келіп отыр. Осы уақыт аралығында жастар еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына айтарлықтай атсалысып қана қоймай, өндірістік жұмыс барысында тәжірибе жинақтап, еңбек майданында шыңдалды. Құрылыс жасақтарының сапында жұмыс істеген жастар қазір әртүрлі салада жемісті еңбек етуде. «Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІ сессиясында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Жасыл ел» қозғалысының маңыздылығына ерекше тоқталған болатын. Біз елімізді жапырағы қуармайтын, тамыры суалмайтын, көрген жан тамсанбай тұра алмайтын жасыл елге айналдырамыз», дейді шығысқазақстандық жастар. 2010 жылдан бастап шығыс өңірінің студент-жастары Ресей Федерациясының Алтай өлкесі және Белоруссияның еңбек жасақтарымен тығыз әріптестік байланыс орнатты. Аталған елдердің еңбек жасақтары шығыс өңірінде көптеген құрылыс, абаттандыру жұмыстарына қатысып, өздерінің жалынды жастық шақтарынан жанға шуақ сыйлайтын естелік, еңбек қолтаңбасын қалдырды. «Жасыл ел» жастарының мемлекетаралық интеграция шеңберіндегі достық қарым-қатынастары алдағы уақытта да нығая береді. Жұмысқа құлшынып тұрған жастарды өңіраралық байланыстар аясында алмасу биыл да жалғасын таппақ. Ресейдің Ползунова атындағы Алтай мемлекеттік техникалық университетінің еңбек істері штабының командирі Татьяна Зайченко шығысқазақстандық студенттердің салтанатына арнайы шақырылыпты. Ресейлік мейман екі ел арасындағы ұйымдардың ынтымақтастығы жастарды еңбекке баулуға жол ашатынын жеткізіп, Алтай аймағынан әкелген кәдесыйларын табыс етті. Сонымен бірге, белорустық еңбек жасақтары да он-лайн желісіне қосылған алып лед-экран арқылы жаңа маусымның ашылуымен құттықтады. Республиканың бекітуі бойынша, биылғы маусымда 1200 шығысқазақстандық студент жұмыспен қамтылады. – Шығыс өңірінде 1200 сарбазға орын берілуі бізді қуантып отыр. Бұл – республика бойынша ең үлкен өңірлік жасақ болып саналады. Елімізде жаз маусымында 12 мың студент жұмыспен қамтылады. Яғни әр оныншы сарбаз облысымыздың жастарына тиесілі. Сондай-ақ, жергілікті мүмкіндік бойынша жасақшылар құрамын арттыра түсеміз. Жалпы, әр жасақшыға 17 мың теңге көлемінде айлық төленеді. Ал қалған қаржыны келісімшартқа отырған жұмыс беруші төлейді. Елбасының қолдауымен 2005 жылы құрылған «Жасыл ел» ұйымында жастар белсенді түрде жұмыс істеп келеді. Жастардың қолымен елімізде қаншама жас көшеттер отырғызылып, орман-тоғайға айналды, қаншама қалалар мен елді мекендер абаттандырылды. Біздің мақсатымыз – жастардың жазғы демалысын тиімді ұйымдастырып, оларды еңбекпен қамту, – дейді Қ.Қасенов. Бүгінгі таңда «Жасыл ел» жасақтарына оқу орындары, құрылыс нысандары, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы жұмыс беріп отыр. Ал «Жасыл ел» ұйымы тарапынан оларға еңбекке арналған арнайы киім үлестіріледі. Сарбаздар облыстың барлық қалалары мен аудандарында жұмысқа араласпақ. Мәселен, Өскеменде сол жағалауда салынып жатқан экоқаланың құрылысына 150 студент қатысады деп күтілуде. Думан АНАШ, «Егемен Қазақстан». ӨСКЕМЕН.