• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Медицина 23 Қыркүйек, 2022

Қазақстанда онкологиялық аурулар өлім-жітімі 5 пайызға төмендеді

613 рет
көрсетілді

Екі күннен бері Алматы қаласында «Онкологияның өзекті мәселелері мен заманауи мектептері туралы» халықаралық ғылыми–тәжірибелік конференциясы өтіп жатыр. Осы жиында ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық көмекті ұйымдастыру департаментінің бөлім басшысы Гүлнар Мақсұтова 2018 жылдан бері онкологиялық аурулардан болатын өлім-жітім көрсеткіші 5 пайызға төмендеді деп мәлімдеді.

Алдымен Қазақстанда 2018-2022 жылдарға арналған қатерлі ісікпен күресудің кешенді жоспары жүзеге асырылып отырғанын еске сала кету керек.

«Кешенді жоспардың іс-шараларын жүзеге асыру барысында қатерлі ісіктерден болатын өлім-жітімді төмендетудің оң үрдістері байқалады, 2018 жылдан бастап өлім-жітім деңгейі 5 пайызға төмендеді. 2018 жылы өлім-жітім көрсеткіші 100 мың халыққа шаққанда 78,1 құраса, 2022 жылдың 6 айында бұл көрсеткіш 66,8 құрады. COVID-19 жағдайына қарамастан 0-1 сатыдағы онкологиялық аурулардың ерте диагностикасы артып, 2022 жылы анықталған ерте кезеңдердің үлесі 28,7 пайызды құрады», деді Гүлнар Мақсұтова.

Сондай-ақ спикердің айтуынша, пациенттердің 5 жылдық өмір сүру деңгейі 55 пайызға дейін, яғни 2018 жылмен салыстырғанда 5 пайызға артқан.

Денсаулық сақтау министрлігінің штаттан тыс бас онкологы, «ҚазОРҒЗИ» АҚ басқарма төрайымы Диляра Қайдарованың айтуынша, қазіргі кезде Қазақстан Республикасының онкологиялық қызметін дамыту мен жетілдірудің келесі кешенді жоспары карастырылып жатыр. Ол жаңа онкожоспар алдағы 5 жылға есептеледі.

Биылғы 2022 жылғы 22-23 қыркүйек күндеріне межеленген конференция өкпе обыры, сүт безі обыры, колоректальды обыр және қуық асты безі обыры бойынша онкологтар мектептерін қамтып, клиникалық жағдайлар талқыланып, ұлттық және шетелдік сарапшылармен пікір алмасу жүріп жатыр.

Сондай-ақ әртүрлі сипаттағы ісіктерді диагностикалау және емдеу бойынша шеберлік сағаттары, саттелиттік симпозиумдар, сондай-ақ фармацевтикалық препараттар мен медициналық техника өндірушілерінің көрмелері ұйымдастырылды.

Іс-шараға Қазақстаннан, жақын және алыс шетелдерден 300-ден астам онколог, сәулелік диагностика дәрігерлері және терапевт, ядролық медицина мамандары қатысып отыр.